Басты ақпаратРуханият

Абылай хан және тарихи тұлғалар тағылымы

Ұлттық музейде Абылай ханның 310 жылдығына орай «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара аясында «Абылай ханның қара жолы» кітабының (құрастырушы – Мұрат Ыдырысұлы) II томы таныстырылды.

Аталмыш кітап «Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының зерттеулері негізінде жарық көрді. Экспедиция мүшелері Қазақстан, Ресей және Моңғолия жерлерін аралап, 38200 шақырым жол жүрді. Оның қорытындысында әр маршрут бойынша карталар сызылып, қос томдық басылып шықты. Қазір тарихи-танымдық, ғылыми мақалалар және экспедиция деректері негізінде әзірленген жинақтың III томының «сүйінші» данасы дайын тұр.

Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылы басталған экспедиция биыл бесінші мәрте ұйымдастырылды. Осы жылы экспедиция Мысыр елін билеген Сұлтан Бейбарыс­тың 800 жылдығы, Абылай ханның 310 жылдығы, Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығы және Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

– «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» дегендей, Қазақстанда баламасы жоқ «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының мақсаты –  XVIII ғасырдағы тарихи маңызы өте зор, Абылай хан заманы аталатын ерлікке толы кезеңге сапар шегіп, қазақ даласының ұлы тұлғаларының тарихын, рухани, мәдени қасиеттерін насихаттау, ұлан-байтақ қазақ жерін аралап, бабаларымыздың ерлік жолында қалдырған ескерткіштерін түгендеп, оны қалың елге таныстыру арқылы жастарымыздың бойында отанға, ұлтқа, ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін ояту, – деді экспедиция жетекшісі, өлкетанушы Мұрат Ыдырысұлы.

Конференцияға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарих, мәдениет, әдебиет және этнография саласындағы көрнекті ғалымдар, музей саласының мамандары мен экспедиция мүшелері қатысты.

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов «Абылай ханның жорық жолдары» тақырыбында баяндама жасады.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев «Шүршітқырған шайқасы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің биік белесі» атты баяндамасында осы оқиғаның мән-маңызына тоқталды.

Ғалымның дерегінше, 1756 жылы Әмірсана қазақ ордасына қашып келді. Оның артынан қуып шүршіттің әскері қазақ еліне қадам басты. Қазақ жағының қалмақ тайшысын бермеуі екі арадағы жағдайды ушықтырды. Сол жылдың мамыр айында қазақ даласына басып кіру туралы Қытай императорының жарлығы шықты. Бүкіл батыс шекарада тұрған әскер қазақ жеріне төгілді. Қытай императоры қазақ жеріне баратын әскерді екіге бөлді. Бірі «Батыс бағыт» деп аталса, екіншісі «Солтүстік бағыт» делінді. Біріншісін мәнжүр қолбасшы Дардана басқарса, екіншісін де мәнжүр Хадаха басқарды. Ол кезде Қытайды мәнжүр әулетінің императорлары басқарған уақыт болды. Сол себептен қазақ қытайды «шүршіт» деп атады.

Қытай қазақ әскерлерін өкшелеп Сарыарқаға жақындады. Қазан айының басында Қарқаралы маңында Жарлы өзенінің бойында Қытай әскері мен қазақ қосындары арасында күшті шайқас болды. Осыдан бір жұма өткеннен кейін шүршіт және қазақ қосындары Нұра өзенінің жағасында тағы да ұстасты. Абылай хан 17 қазаннан қалмай қазақтың мен деген азаматының бәрі Баянаулаға жиналсын деп жарлық берді.

«1756 жылдың қазан айының соңында қазақ жауынгерлері Ұлы далаға баса-көктеп кірген 20 мыңға жуық шүршіт-қытай әскерін қырды. Қантөгіс шайқастарының бірі Шідерті өзенінің оң жағалауында, қазіргі кезеңде Шүршітқыр­ған атауымен белгілі жерде болды. Шүршітқырған шайқасы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күреске қашанда дайын екендігінің көрсеткіші, қазақ қоғамының ынтымағы мен бірлігінің ескерткіші деп атасақ дұрыс. Жүз жылдан аса өзінен күші басымдау Жоңғариямен тайталасып соғысып, елінің азаттығын, жерінің амандығын қорғап келген қазақ батырлары бұл жолы мәнжүрдің Цин әулеті билеген Қытай айдаһарына ауыр соққы берді, шығыстан төнген тажалдың бетін қайтарды» деді Жамбыл Артықбаев.

Белгілі ғалым «Абылайдың қара жолы» кітабының құндылығына тоқтала келе, бұл жинақ қазақ шежіресінде Абылай заманы аталатын ерлікке толы кезеңге және қазақ даласының ұлы тұлғаларының тарихына арналғанын атап өтті. «Тарихи тұлғалар Қазақстан тәуелсіздігін мыңдаған жылдық мықты іргетас­қа бекітетін алтын тамыр екені ақиқат. Ұлы даланың әрбір тауы мен тасы, өзені мен көлі, тоғайы мен орманы тек топонимиялық ескерткіш қана емес, сонымен бірге мыңдаған жылдық алапат тарихтың дерегі» деп түйіндеді сөзін тарихшы.

Оның сөзін жалғаған филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы Серік Негимов тұлғалардың тарихтағы орнына тоқталды.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған «Қазақ халқының 1750-1760 жылдары Арқа өңірін қайтарып алуы: саяси қимылдар мен әскери тактика», түркітанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қаржаубай Сартқожаұлы «Қазақ-ойрат қатынастары» тақырыбында баяндамалар жасады.

Аталған жиынға қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ­Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те қатысты.

– Өзіміздің төл тарихымызды білмесек, біз болашаққа жол сала алмаймыз. Отанымыздың жолын, халқымыздың жолын бәрін тарих парақтарынан табамыз. «Абылай ханның қара жолы» кітабы – тарихымызды танытатын еңбектердің бірі. Абылай хан туралы там-тұмдап қана білеміз. Абылай мен Кенесарыны толық тану үшін әлі талай уақыт өту керек шығар. Бастысы, бұл тарихи тұлғаларды жақсылап зерттеу керек. Сонда олардың қазақ үшін атқарған еңбегін түсінеміз, – деді ғарышкер.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button