Таным

АБЫЛАЙТАНУ – ОТАНДЫҚ ТАРИХНАМАНЫҢ ҚАСТЕРЛІ САЛАСЫ

Хангелди-Абжанов

А

А

А

А

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

 

– Президент елдегі ғылым саласына айрықша мән беруде. Кешегі Көкше жерінде өткен Абылайдың 300 жылдық мерейтойы – осының дәлелі. Жалпы, халқымызда тұл­ға­тануға қатысты тарихи сана қашан қалыптасты?

– Қазақ жерінде тұлғатануға қатысты тарихи ой-сананың пайда болуы әлде­неше ғасырлар еншісіне тиесілі. Ал оның ғылым мәртебесімен жүйеленуі, кәсіби мамандар еңбектенетін дербес салаға айналуы ХХ ғасыр ортасында аяқталды. Мұның тамаша айғақ-дәлелі – Е.Бекмахановтың Кенесары хан жайлы 1947 жылы жарық көрген әйгілі монографиясы. Отандық тарих ғылымының тұлғалар тағдыры мен тағылымын зерттеудегі нағыз қайта өрлеуі тәуелсіздікпен өрілгеніне бәріміз куәміз. Қазіргі тарихи таным мен тұлғатану көкжиегінің кеңеюі, эври­калық қарымының артуы – Тұң­ғыш Президентіміз Н.Назарбаев есі­мімен ажырағысыз байланыстағы құ­былыс екені де айдан анық ақиқат. Ғасырлар тоғысында жарық көрген «Тарих толқынында» кітабы әлемдік және ұлттық тарих үдерісін талдау мәдениеті мен методологиясын асқа­ралы биікке көтерді, мұндағы: «ға­лымдардан асырып ой өрбіту – саясат­кер үшін абырой әкеле қоятын іс
емес» деген тұжырым тарихшы­лар­дың шы­ғар­машылық ізденісіне соны серпін берді. Өйткені, тап сол 90-жылдары ақиқаттың соңғы нүк­тесін қойғандай өктемдіктің шеті кө­рінгенде, Бас хат­шы­ның айт­қанын қайталауға машық­танған қара­байыр­лық жалғасын табар еді.

Елбасының тікелей қолдауымен тарихымызды зерделейтін ғылыми институттар, мұражайлар, мұрағаттар, орталықтар ашылды. Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын, Ұлттық тарих жылын атап өту, «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуы әділетсіздікпен тарих тозаңына кө­мілген жүздеген есімдерді ақтауға мүм­­кіндік берді. Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының 2013 жылы 5 маусымдағы кеңейтілген отырысы, Абылай хан­ның 300 жылдық мерейтойына халық­ара­лық ғылыми-практикалық конфе­ренцияның шақырылуы – бәрі Президент саясатында тарих ғылымына айрықша маңыз берілетінінің көрінісі.

Тарихқа тағзым бүгінгі қазақ­стан­­дықтардың жүрегі мен санасына игі әсер етуімен қатар олардың болашаққа сенімін нығайтты, рухын асқақтатты, қиялына қанат бітірді. Мұндай қасиет пен мінезсіз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды, қалып­тасқан мемлекетімізді, бір сөзбен айтқанда, әлем таныған қазақстандық жолды дүниеге келтіре алмас едік. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Аңырақай шайқасын ұлы оқиға әрі бірліктің құдіреті деп ұлықтаған Елбасымыз жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру міндетін күн тәртібіне қойды. Бұл әсте кездейсоқтық емес. Сол шайқаста ұлттық бірлік жеңіс әкелді, оғлан Әбілмансұрдың, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» беріде қауіп-қатер тәлкегін аз көрмеген текті перзенттің тағдырындағы жеті жылға созылған драмалық кезең аяқталып, басына бақ қонды, батыр атағы шықты. «Абылайлаған» ұраны өзіне есім болып тұрақтанды, уақыт өте келе халқының қамал-қорғандай айбарына, ардақтысына айналды. Ендеше, әйгілі батырларының алдында келе жатқан Абылайдың зәулім ес­керт­кішін Аңырақай шайқасы өткен Балқаш көлінің ұрымтал жеріне неге орналастырмасқа?!

– Аңырақай тарихи жеңістердің басы дейсіз ғой

– Біріншіден, ол тарихи сананы оң қалыптастыруға қызмет етіп, туризм кластерін жандандырар еді. Рас, Аңырақай – Абылай құбылысының, жоңғармен соғыстағы ұлы жеңістердің басы. Бүгінгі Қазақстан да тәуекелі мол тарихи шешуші межеден аттап отыр. «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйым­дас­тыру, ең дамыған 30 елдің қата­рына кіру, әлемдік сын-қатерлерден аман-есен өту міндеттері «барша әлемге даң болған» Абылай дәстүріне олжа салған биіктен көрінуді талап етеді. Демек, ұлттық тарихты тәуелсіздіктің сенімді серігіне айналдыра білгеннің ұтары көп. Тарих пен тәуелсіздік – бір-біріне тіреудей құндылықтар.

Өзіңіз ғалым ретінде тарихи үдеріс дәуіріндегі Абылай құбы­лысын қалай сипаттайсыз?

– Осыдан тура 282 жыл бұрын 1731 жылғы 5 қазан күні Ресей сыртқы істер мемлекеттік алқасынан жіберілген тілмаш Мәмет Тевкелев Ырғыз өзенінің бойында отырған Әбілхайыр хан ордасына жетті. Кіші жүз қазақтарының Ресей құрамына кіру үдерісі басталды. Ал Әбілхайыр ханды Ресеймен жақындасуға итермелеген негізгі себеп ел мен жерді тоздырған жоңғармен, Еділ қалмағымен, башқұртпен соғыстар еді. ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы үшін соғыс және бейбітшілік мәселесі өмір мен өлімнің, азаттық пен құлдықтың бетпе-бет келген сәтіне айналды. Жанталас ғасырларға созылатынын ешкім білген жоқ. Өмір мен азаттық үшін күрес халқымыздың асыл перзенттерінің есімін мәңгіге қалдырды.

Әлемдік үдерістер биігінен қарайтын болсақ, Әбілмансұрды Абылай атан­дырған, қазақты «Елім-айлап» зар­лат­қан ХVІІІ ғасыр барша адамзат үшін де үміт пен күдікке, кереғарлықтар мен қайшылықтарға толы. Оны бір-бірімен арпалысқан Еуропа мен Америка мемлекеттері тағдырынан, Азия мен Африка аумағын шарпыған тарихи-өркениеттік іркілістерден байқауға болады. Өнеркәсіптік төң­керіс артықшылығын басқалардан бұрынырақ ерттеп мінген Ұлыбритания мүмкіншілігі, дұрысы, кемесі мен от-қаруы жеткенше жат ел мен жерді отарлауын жалғастырып жатты. Еуропа мен Азияға терезе ашқан Ресей бөтеннің есебінен ұлғайып, империя мәртебесін иеленді. Шығыстағы көршіміз Қытай манжурлардың отарына айналғанына қарамастан басқаларды жұтып жіберуге бейім ниетін жасырмады.

Ел мен жердің тағдыры Отан қор­ғауға халықты жұмылдыра алатын би­леуші мен билердің, батырлар мен жы­раулардың, байырғы түркі заманында айтылғандай, «батыл, игі кісілердің» қолында қалды. Абылайдай айбындыға зәрулік қоғам сұранысына айналды. Тарихи жауапкершілік үдесінен шыққан Абылай құбылысы – халқымыздың жа­сампаз табиғаты мен әлеуетінің, бәсе­кеге қабілеттілігінің мәнді белгісі, мәңгі ел мен ұлттық идеясының символы.

 

Көкшетау – қазақ хандығының астанасы

– «Абылай Көкшетауда жарты ғасырға жуық хан ретінде ұлық­талған» деген деректер бар. Осы   ретте аталмыш қаланы Қазақ хан­дығы астаналарының қатарына қосуға бола ма?

– Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны – тарихи ақиқат. Саяси басшы ретінде қазақ қоғамының өміріне осыншама ұзақ уақыт пәрменді ықпал еткен Абылайдай тұлға ұлттық тарихымызда кездесе бермейді. Бұл – бір.

Екіншіден, халық әдебиетінде Көк­шетауда 48 жыл хан болғаны ұлық­талған. Бұл, әрине, байтақ зерттеуді талап ететін мәселе. Дегенмен 1760 жылғы желтоқсанда Ресей патшасы атынан жазылған құжаттағы: «…Абылай сұлтан, сізден сұрайтыным, арамыздағы көршілік татулықты бұзбас үшін қарауыңыздағы қазақтарға Ертістің шығыс жағына малымен өтпеуді қатты тапсырыңыз… Қазір Петропавлға таяу Көкшетау ішінде қыстап отыр екенсіз… Өзіңіз маған келе алмайтын болсаңыз, бір сенімді кісіңізді жіберіңіз» деген жолдар, 1778 жылғы 5 наурызда губернатор П.Д.Мансуровқа келген ақпараттағы: «… Абылай сұлтанның Көкшетау ішіндегі қысқы ордасына жеттім … Абылай сұлтан өзіне салынып берілген ағаш үйдің жасаулы бір бөлмесінде балаларымен отыр екен» деген мәліметтер фольклорлық деректі растайды. Ендеше, Қазақ хандығы астаналарының қатарында Көкшетау қаласының да тұруына толық негіз бар.

– Абылай сыртқы саясатта қандай қырымен танылды?

– Күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан Отан қорғауға, мем­лекетті сақтауға жегілген жарты ғасыр ішінде Абылай қалың қол бас­тап жауға да шапты, орыс, қытай, манжур, қалмақ, башқұрт, қырғыз, жоңғар басшылары һәм делегацияларымен күрделі келіссөздер жүр­гізді, Қазақ елі азаматтарының еге­мен­дігі мен қауіпсіздігін қорғады, Персия, Ауғанстан, Түркия тәрізді ислам елдеріндегі, Еуропа мемле­кет­теріндегі оқиғаларды жіті қада­ғала­ды, тіпті жоңғар тұтқынына түс­кені де бар. Осылардың бәрінде кемел тұлға, қарымды қайраткер, терең­нен толғайтын кемеңгер басшы қа­сиет­терімен ерекшеленді.

Әрине, өзін-өзі ұстауында, мінез-құлқында өзгерістер болмай тұрмады. Айталық, 1740 жылғы 27 жасар Абылайды орыс деректері алғыр да албырт жан ретінде сипаттайды: «Абылай сұлтан ханнан гөрі сөзшең екен және сұрақтарға ұшқыр жауап
беріп, өзін көрсетіп отырды да: «Біздің іс-қылықтарымызды сөге көрмеңіздер, орыстармен қарым-қатынасқа үйренеміз, патша ағзамның мейір-шапағатынан өнеге алып, бірте-бірте жақындасамыз» деп қалды да, тағы: «Үй ішінде бас киімшең отыр­ғанымызды да түсініңіздер, біздің қалыптасқан дағдымыз осылай» деді. Хан да басын изеп құптады».

Арада 17 жыл өткенде Қытай елші­лері оны басқа қырынан көріпті: «Абы­лайдың жасы қырықтан асқан, бойы аласа, қаба сақалды, – дейді олар. – Ол өте сергек, қисынымен сөйлейді. Бізді қабылдаған алғашқы екі күн ішінде ешқандай сырын білдіртпеді. Сонда ол, шамасы, біздің сөз-әрекеттерімізді сынап отырған». Сөз орайы келіп тұрғанда айта кетейік, Шоқан Уәли­ханов атасы Абылайдың зор мәр­те­беге жеткенін жеке басының дара қасиет­терімен байланыстырады. Сан қиырдан жиналған ел ағалары, замандас­тары қаһармандығын, дариядай даналығын жарыса мақтап, мадақ жы­рына қос­қанын, оның ерлігі туралы біріне-бірі айтып, тауыса алмағанын жазды.

Абылай құбылысының мәнісі дана даралығында ғана емес. Оғлан, батыр, сұлтан дәрежесінде жүргенде, хан тағында отырғанда айналасына үздік ақыл-ой иелері мен қайраткерлерді топтастыра білді. Қытай дерегінде айтылғандай, «араласатын адам­да­рының барлығы байлар» еді. Яғни билік, байлық, білік одағына сүйенді. Батырлары мен қолбасшылары қысыл­ғанда қиыннан қиыстырып жол таба білсе, билері мен мәмілегерлері елішілік және халықаралық мәселелерді оңтайлы шеше алды.

 

Бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптаспағаны Абылайдың жанын күйзелтті

– Бүгінгі тарихшылар айтып, жазып жүргендей, барша қазақ батырларының Абылайдың ту ұстаушысы болғаны ақиқат па?

– Рас, бүгінде XVІІІ ғасырдағы барша қазақ батырларын Абылайдың ту ұстаушысы болғандай тәптіштеу дағдыға айналып барады. Абылай жүздеген батырды білгеніне күмән жоқ. Бірақ стратегиялық әскери-соғыс мәселелері бойынша ұлы батырлармен жақын аралас-құралас болғанын да ерекше бағалауымыз керек. Нақтырақ келсек, Бұқар жырау мұрасында Абылай тұсындағы 20 шақты батырдың есімі аталады. Шоқан Уәлиханов та осыншама батырды айшықтаған. Бұлар – қиын-қыстау сол заманда басқалардан оқ бойы озып шыққан сардарлар мен сарбаздар. Екінің бірін Абылай деңгейіне көтеріп, ұлылар қатарына қоса берсек, ұлттық тарихымыздың қадір-қасиетін жоғалтып алуымыз, қисынсыз баян­мен әркімге күлкі болуымыз оп-оңай. Бірінші қадам ретінде дұрысы – әйгілі билеушіні XVIII ғасырдағы әлемдік тұлғалар деңгейіне көтеру мін­детін шешу. Сонда қазақ қоғамының көшбасшысына лайықты көтерілгені кімге болсын түсінікті ашылары сөзсіз.

– Абылайдың мемлекетшіл бол­ғаны тарихи деректерде дәйек­телген. Жалпы, Абылай қандай мемлекет құрғысы келді?

– Қарапайым адамдардың әлеуметтік сұранысын шешуге Абылайдың тікелей араласуы, мәселен, ұрлық-қарлыққа қарсы күресі, Қытайдан дәрі-дәрмек алдыруы, тұтқындарды босатуы – бәрі мемлекетшілдіктен туындаған әрекет. Бұл тәжірибе кеше де, бүгін де өзекті. Өйткені, ол билік және адамдар арасындағы түсіністікті нығайтумен тыныштық пен тұрақтылықтың кепі­ліне айналады.

Абылай бір орталыққа бағынған мемлекет құрғысы келді. 1771 жылы хан сайлануымен Орта жүз бен Ұлы жүз аймақтарында осынау ұлы идеяны бірсыдырғы жүзеге асырды да. Заң шығару, атқару, сот билігін қолына шоғырландыруға тырысқаны рас. Ал бұл әлемдік-тарихи маңызы бар талпыныс ретінде бағалануы керек.

Абылай тұсындағы қазақ мемлекетін құрылысы бойынша дәстүрлі деп ата­ған жөн болар. Оның орталықтанбау негізінде әлеуметтік-экономикалық факторлар жатыр. Өнеркәсіптік өндіріс бой көтермегендіктен әрі ұлттық валюта қабылданбағандықтан елдің ішкі нарығы әлжуаз күйде қалды, яғни өңір­лер мен аймақтар араласуы мен жақын­дасуы тұрақтанбады. Әйтпесе, қағаз, сия тәрізді ұсақ-түйекті хан басымен сырттан сұрар ма еді. Алым-салық реттелмей, мемлекеттік бюджет те түзілмеді. Соғыстан түскен олжа мемле­кеттің байлығын, экономикалық негізін нығайтуға қызмет етпеді, сауғаға кетті.

– Яғни, орталық билік пен жергі­лікті өзінөзі басқару бір арнаға тоғыспай сәтсіз аяқталып отырды емес пе?

– Бұл – Қазақ мемлекеттілігінің ең осал жері. Хандық орталық билік пен жергілікті өзін-өзі басқару арасындағы байланыстың һәм бағыныштылықтың бұзылғанында жатыр.

– Оны Абылайдың  да  реттей  алмауына не себеп болды?

– Бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекетке тән соңғы іс-шаралар 1726 жылы Ордабасында, үш жыл өте Аңырақай шайқасының алдында үш жүз билеушілерінің бас қосуымен, жоңғарларға бірлесе тойтарыс беру стратегиясын анықтаумен аяқталды. Бұдан кейінгі уақытта баршаға мін­детті, «Жеті жарғыдай» пәрмені бар мемлекеттік құжат туындаған емес. Сондықтан бір орталыққа бағын­ған мемлекеттің қалыптаспағаны Абылайдың жанын күйзелтті, саяси драмасына айналды.

Талантты адамды халқымыз: «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтыны белгілі. Тумысынан аса дарынды жаратылған Абылайдың бет қаратпас қабілет-қарымы қазақ әдебиеті мен фольклорында, ономастикасы мен топономикасында, өнері мен ғылымында, қоғамдық санасы мен жадында тұнып тұр. Ғылыммен, шығармашылықпен арнайы айналыспаса да, бізге келіп жеткен сөздерінен, хаттарынан, ше­шім­дерінен тарихи-философиялық көзқарасын, қоғамдық-саяси позициясын, Абай ұлықтаған «толық адам» болмыс-бітімін көруге болады. Осы қасиеттердің бәрін және әрқайсын қай ғылым тұрғысынан зерделегенде де әйгілі билеуші ең алдымен саясаткер екенін қаперден шығармаған ләзім.

 

Абылайға құрмет алабөтен

– Шүкір, ел болып, еңсемізді тіктегенде Абылайды өз дәре­же­сінде дәріптей алдық па?

– Тәуелсіздік тұсында хакім Абайды әлемге танытудың тамаша істері атқарылды. Осы тәжірибені, өркенді дәстүрді жалғастырып, ұлттық дипломатияның хас шебері Абылай есімін таяу-алыс шетелдерде насихаттаудың, ескерткіштерін орнатудың кезегі келді.

Ұлттың ұлы тұлғаларын ұлық­таудың өзектілігі, тәжірибесі мен тәлімінен күш-қуат алудың үлгісі Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың шығармалары мен сөздерінде тамаша дәйектелген. Абылайға құрметтің орны алабөтен. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғанына екі ай толар-толмастан – 1992 жылғы 14 ақпанда берген сұхбатында Н.Назарбаев былайша толғанған екен: «Қай заманда да болсын, ел басқару, мемлекет басқару ешкімге де оңайға түскен емес. «Абылайдың жолын ұстанып», соның саясатын сара басшылыққа алып отырмын деуге аузым бармайды. Әруағынан қорқамын. Әрі десе, Абылай заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда туған ұрпағын рухы қолдай жүрсін»

Елбасы анықтаған осы ұстанымнан қиналғанда да, қуанғанда да бір мыс­қал, қас-қағым сәтке ауытқыған емеспіз. Қазақ хандығының шаңы­рағын көтерген Керей мен Жәні­бек сұлтандардан бастап, азаттық жолындағы күрестің соңғы құрба­ны Қайрат Рысқұлбековтей асылда­рымызға, айтулы оқиғалар құрметіне жүздеген іс-шаралар өтті, қаулы-қарарлар қабылданды, көркем туындылар арналды, еңселі ескерткіштер орнатылды.

Абылайтану – отандық тарихна­маның қастерлі саласы. Екі ғасырдан астам уақыт ішінде ол мақтауды да, даттауды да көтере білді. Осының өзі-ақ тарих ғылымының тағдыры ойыншық еместігін, қоғам мен азаматтар алдындағы биік жауапкершілігін, мезеттік саясат пен идеологиядан жоғары тұруы ғана ақиқатқа жеткі­зетінін көрсетеді. Зерттеу ныса­ны­ның өзгешелігі мен ерекшелігін тия­нақтайтын тарих ешқашан өзгеден артық түсуді көздемеуі керек. Сонда ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің қайнар көзіне айналып, діні, ділі, нәсілі бөлек адамдарды жақындастырады.

Абылайтану – кешенді ғылым. Бұл салада әркімнің айтар ойы бар. Соның бәрін үйлесіммен интеграция­лау мәселенің беймәлім қырларын ашуға мүмкіншілікті арттырады әрі инновациялық ғылыми нәтижелерді дүниеге әкеледі.

Абылайтанудың ғылыми өресі асқақтаған сайын оны оқыту мен насихаттаудың, қалың көпшіліктің санасы мен жүрегіне сіңірудің ауқымы ұлғаяры сөзсіз. Тұлғаның пайда болуы – берісі – ұлтқа, әрісі – адамзат өркениетіне тарихтың тартқан сыйы. Оны дұрыс тани және лайықты бағалай білу – уақыт пен ортаның, әсіресе, мемлекеттік билік пен білімпаздардың тарих алдындағы борышы.

Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button