Жаңалықтар

АБЫРОЙЫ АСҚАН АҚСАҚАЛ

майдангер-бетине

«Соғыс» деген  неткен суық сөз! Ал «жеңіс» – жанға жайлы, жүрекке жылы, айрықша асыл сөз. «Бейбітшілік» дегенде көз алдымызға мамыражай тіршілік  елестейді.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында бұл ойларды тегін айтып отырған жоқпын. Біз бейбіт күннің қадірін терең түсінуге міндеттіміз. Ұлы Отан соғысынан аман оралған аталарымыздың саны жыл сайын азайып барады. Олардың жас ұрпаққа айтар өнегелі әңгімелері аз емес. Өйткені, отты жылдарда етігімен қан кешкен аға ұрпақ сұрапыл соғысты өз бастарынан өткізіп, небір зұлматтарды көзімен көрді. Екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған адамдар көз жұмып, көптеген қалаларға, елді мекендерге қыруар зиян келді.

Сол сұрапыл соғысқа менің атам Барлыбай Тәбешов те қатысып, фашистерге ойсырата соққы беруге атсалысты. Қолына қару алып, неміс басқыншылары жаулап алған жерлерді азат етуге белсене араласты. Атамның әңгімелерін естіп отырсам, көз алдыма небір қорқынышты көріністер елестейді. Қираған қалалар, жылаған балалар, отбасының тіреуінен айырылған аналар… Осындайда қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ, деп ер қанатыңа мін-дағы өрге  бас» деген сөзді еске алып, Отан үшін отқа түскен майдангер аталарымызды құрметпен ауызға алудың реті бар. Өйткені, ол кісілер жерімізді жаудан азат етуде ерекше ерлік көрсетті.

Өмір – күрес

Адамға өмір берген бір- ақ рет,

Өмірде келсе шамаң жақсылық ет.

Адам боп дүниеге келгеннен соң,

Өкінбей сол дүниеден адам боп кет.

 

Өмір жолы бұралаң белес- белес,

Құр тіршілік дүниеде өмір емес.

Кезектесіп,  күнгей мен көлеңкесі,

Еш уақытта мінекей болдым демес.

 

Тайталас сәтті, сәтсіз өмір күрес,

Адал еңбек қашанда болмайды  еш.

Әр кезеңнің өзінің  мезгілі бар,

Сол кезеңнен, бауырым, қалмайық кеш.

 

Әрқашан болаттай бол болған іске,

Соңын күт, сабыр сақта, күйіп-піспе.

Байыптап, парасат пен ақылға кел,

Әділет бағынбайды қара күшке.

 

Өкінбе ертең жоқсың, бүгін барсың,

Істеген ізгі істерің есте қалсын.

Өмірде ұлағатты істеріңнен,

Үлгі боп кейінгіге іздер қалсын.

Менің атам Белоруссия мен Украинаны, одан кейін Германияны  азат етуге қатысты. Ол кезде Украина майданының 35-мехбригадасының  минометшісі еді. Уақыт өте келе Украина майданында маршал Коневтің 7-дивизиясында артиллерия дәлдеушісі болды. Сол шайқаста Польша, Чехословакияны азат етуге білек сыбана кіріскен болатын. Атам сол шақтағы қанды қасапты аяғына дейін бастан өткерді.

Иә, сонау бір сұрапыл соғыс жылдарында аталарымыз қанша жерді азат етті десеңші. Ең бастысы, бұл қасіретті шақ артта қалды. Қазіргі таңда бейбітшілік пен келісім тұрғанда, сырттан келер жау болмас. Атамның өңірі ордендер мен медальдарға толы. Соның бірнешеуіне ғана тоқталайын: Ұлы Отан соғысы ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі, «Әскери қызметі үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері», «Жеңістің 25 жылдығы», «Ұлы Отан соғыс ардагері»  медальдары және көптеген мерейтойлық медальдер.

Дана халқымыз азан шақырып, ат қоймас бұрын, сол есімнің мән-мағынасына үлкен көңіл бөлген ғой. Сондай ұлағатты есімдердің бірі – Барлыбай. «Барлы» сөзі – қазақтың ауқатты, дәрежесі жоғары ұғымын білдірсе, «бай» сөзі – байлық, дәулетті деген мағынаға ие. Осындай ұлағатты есімге лайық жан – менің атам. Қиын-қыстау кездерде, қуаныш орнаған сәттерде әрқашан қасымнан табылатын ер тұлға. Осындай асыл ардагер атама мен мақтанышпен қараймын.

Барлыбай атам – қайратты, ақылшы, адамгершілігі мол жандардың бірі. Туған-туыстарымыз оны ерекше қадір тұтады. Қазір соғысты күрсініспен есіне түсірген сайын көздеріне жас үйіріліп, мұңға батады. Атамның  маған берген тәлім-тәрбиесінің арқасында көп нәрсені түсінетін дәрежеге жеттім. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған атам өз шығармаларында ең өзекті мәселелерді көтерді. Қуаныш кернеген шақтарда, мұңға малынған сәттерде, қашанда серігі – өлең.

Жақында ғана ата-әжемнің үйі­не бардым. Ардақты жандарым, езулеріне күлкі үйіріліп  қарсы алды. Ақ дастарқан басында маған ыстық лебізі мен мейірімге толы ақ пейілін жайып салды. Кезінде атам орта мектепте астрономия, химия-биология, физика пәндерінен дәріс бергенін айтты.

Бүгінде балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған атамды сегіз қырлы, бір сырлы десем, артық болмас. Атамның отты жырлары бірнеше мәрте жеке жинақ болып жарық көрді.

 

Айдана КӘДІРБЕКОВА,

Жамбыл Жабаев атындағы

№ 4  мектеп-гимназияның

11 «Б» -сынып оқушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button