Әлеумет

Абыз қария, ақылман ардагер

Жалпы халықтық Референдум негізінде қабылданған ағымдағы Бас құжатымыз тәуелсіз еліміздің Ата Заңы болып,  уақыт легінде  9 тараудан, 98 баптан тұратын мазмұны бейбіт еліміздің халқына айтарлықтай қызмет етті.  Уақыт өзгерістер мен толықтыруларға, түрлі оқиғалар мен жағымды жаңалықтарға толы. Ата Заңымыз адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.

 

Кезегі келгенде жігерлі жас, құштарлығы мол еңбек адамдары, зиялы қауым бүгінде ардагер атанып, көп алдында өмірлік тәжірибесін келесі ұрпаққа табыс­тау мақсатында, әдемі қартайған ардагерлерімізге барынша белсенді және ұзақ өмір сүруге жағдай жасауға басымдық көрсетуде. Өмірдегі өзгерістермен қатар бүгінгі қатардағы қарияларымыз «Жаңа Қазақстан» қоғамында толайым табыстарға кенелетін сәттерді күтуде.

Уақыт жаңаруды, жаңаша ойлауды талап етуде. Конституциямызда көрсетілгендей, басты құндылық – халық. Ата Заңымыз адами құндылықтардың қорғаны десек болғандай.  Соған орай күн тәртібіне ардагер қарияларымыздың хал-ахуалын жақсарту, өмір сүру белсенділігін арттыру мәселесі қойылуда. Олар саналы ғұмырын қоғамның дамуына сарп етті. Олар құрметке лайықты. Халық арасында абыз қариялар мен ақылы асқан ардагерлер аз емес.

Нұр-Сұлтан қаласында Ардагерлер кеңесі айтарлықтай үлкен игілікті іс-шараларды атқаруда. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігіне қарасты Ардагерлер кеңесінің төрағасы, өмірлік тәжірибесі мол азамат, басшылықта Сансызбай Еділов барынша астаналық ардагерлерге жағдай жасауға аса мән беріп, ықылас танытуда.

Осы орайда Қалалық кеңестің мүшесі, қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы ақпараттық, насихат медиатобының жетекшісі Аширов Амангелді Абдуахитұлы, Байғазин Мейрам Жолтайұлы, Дәуешов Еркін Дәуешұлы, Агибаева Раиса Мухамедиевна, Левченко Татьяна Петровна және Балтабай Ғалия Құсайынқызын атауға әбден лайық. Есімін елге танытып, атын атауға болатын ардагерлер саны аз емес. Жаны жас адам қартаймайды.

Кеудесі алтын сандық қариялар қашанда құрметке ие. Қазақ – қай кезде де ақылман ақсақалдарын, қазыналы қарияларын, көп арасындағы ел ағаларын төрге отырғызып, құрмет көрсеткен, қадір тұтқан халық.

Халқымыз 6-7 мүшел жасаған, өмірлік тәжірибесі мол азаматтарды Абыз қарияға балаған. Бұл сыйластық үрдісі қазірде де маңызын жойған жоқ.

Бүгінде қария жасына жетіп, олар қартайғанда қадірі қашып, қатардан шығып қалған жоқ. Сергектікті серік еткен, өмірге деген құлшынысы зор қариялар жеткілікті. Қазақта әдемі қартаю деген сөз бар. Бұл ұғым жасы ұлғайған сайын қадірі арта түсу дегенді білдірсе керек. Сан алуан кітаптың авторы, ғалым Өмірзақ Озғанбаев есімі елге таныс. Отыз жылдық тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда болған сан алуан озығы мен тозығы қатар алмасқан іс-шаралардың басы-қасында бола білген ардагер абыз қария бүгінде өзінің өмірлік ұстанымын ту етіп республикалық ардагерлердің жай-күйін жақсартуға игі күш жұмсауда. Сондай-ақ ардагер атына лайық адамдар әлі де «Жаңа Қазақстанға» өз тарапымыздан не береміз, қандай ізгілікті іс атқарамыз деп ықылас танытуда. Қазақы ұғымда «Ауылында қарты болса, жазылып қойған хатпен тең» деп бағалап, қадір тұтып, жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. Сонымен қатар қазақы психологияда «төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де назардан тыс, көңілде жат болған жоқ.

Жаhанданудың салқыны тиіп жатқанымен елордамызда мемлекет тарапынан қарияларымызға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Оған дәлел – астана аудандарында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының ашылуы.

Қашанда ақылман аталар, қария жасындағы зиялы тұлғалар барда жастар тәрбиесі салтанат құрмақ, берілетін тәлім ақсамауы тиіс. Ата тәрбиесін алған ұрпақ пен батасын алған балаға халықтың ықыласы ерекше. Жақын туған-туысы болмаса да қазақ халқы қарияларды жалғыз қалдырмаған. Жалғызбасты қарияларға арнайы әлеуметтік үйлер ашылып, қамқорлық жасалуда. Қазақтың жастары үлкенге қарап бой түзейді.

Нұр-Сұлтан қаласында ардагерлердің денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне қолдау көрсету мақсатында «Ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Онда қариялар спортпен шұғылданумен қатар, орталық мамандарынан психологиялық және құқықтық көмек ала алады. Сонымен қатар, лингивистикалық бөлімде тіл меңгеру, ал компьютерлік бөлімде ғаламторды игеруіне жағдай жасалған.

Егде жастағы азаматтар бос уақыттарында тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнай алады. Спорт түрлерімен айналысуға да қолайлы жағдайлар жасалған. Еңбек терапиясы, аспаздық, тіпті, йога бөлімі де бар.

Аталған орталық мамандарының айтуынша, скандинав жүрісі келушілердің сүйікті спорт түріне айналған. Осындай зейнет жасындағы қариялардың өмір сүру белсенділігін арттыруда аталған орталықтардың директоры Еркетаев Мұхтар Дюсенұлы барынша жаңашылдық танытып, бастамашылдық көрсетуде. Сонымен қатар «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жанынан Зияткерлік даму клубтары ашылып, егде жастағы оқырмандардың кітап оқу мәдениетін одан әрі дамытуға жағдай жасалуда. Өмірлік тәжірибесі мол, өз ісінің шебері атанған қарияны біздің елде ақсақал деп ұлағат тұтады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отырған қартқа ақсақал деп құрмет көрсетеді.

Дамыған елдердің бірі Ұлыбританияда қарттар мен жетімдер үйін біріктіріп, бір орталық ашқан. Кішкентай бүлдіршіндермен араласқан қарттардың қан қысымы реттеліп, денсаулықтары жақсара бастаған. Қазір бұл тәжірибені әлемнің басқа елдері де қолдана бастады. Ойға оралатыны – ықпалы ерек батыстық үрдістен жастарымызды арашалап алатын қазақы дәстүр, салт бойынша бесік тербетір, ертегі айтып немере ұйықтатар әжелер мен аталар мектебін құру да артық болмасы анық. Бұл ретте жоғарыда аталған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының үлесі зор. Абыз қария, ақылман ардагерлер елде бар.

Сондай-ақ ел ішінде орын алған дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған.

Қарттық жасқа келгенде әр тұлғаның көрген-білгені мол, біліктілігі жоғары  көп жасаған ақылман қария, абыз ата атануы – заңдылық. Осыған орай М.Еркетаевтың бастамашылдығымен «Ұрпаққа аманат» Бірлестігін құру ниеті қазір көпшіліктің назарына ұсынылып, өзекті мәселе ретінде қарастырылуда. Түрлі бас қосулар мен кездесулер, зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда.

Ендеше, Нұр-Сұлтан қаласындағы ардагерлерге құрмет азаймақ емес.

Отбасыда да, қаламызда да ардагер азаматтарды назардан тыс қалдырмау үрдісі, мемлекет тарапынан қамқорлық жалғасын таба бермек деп ойлаймыз.

Маржан Пірімбетова,

Нұр-Сұлтан қаласы

Ардагерлер кеңесі

 медиатобының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button