Әлеумет

Абзал жандар арасында

Бүгiнгi таңда Елбасы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Астанада медициналық қызмет көрсетудiң қолжетiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес клиникалық емдеу орталықтары бой көтеруде. Солардың бiрi – 2010 жылы пайдалануға берiлген № 2 көпсалалы клиникалық аурухана.

Қазiргi кездiң талаптарына жауап беретiн, медициналық техниканың зама-науи үлгiлерiндегi емдiк және диагностикалық құрылғылармен жабдықталған емдеу орталығының тыныс-тiршiлiгiмен, мұндағы науқастардың жағдайымен жақынырақ танысу мақсатында аталмыш ауруханаға атбасын бұрдық. Бiз барған күн – қаламыздағы жалпы және кеуде қуысы хирургиясы бойынша осы аурухананың жедел жәрдем көрсететiн ургент күнi болып шықты. «Жол болды» деген осы! Iштей жақсылыққа жорыдық.
Бас дәрiгер жоспарлы операцияда екен. Сондықтан, алдымен бас дәрiгердiң емдеу жұмыстары жөнiндегi орынбасары Б.Сыздықовамен аз-кем сұхбаттастық. Бағжан Рысбайқызының айтуынша, аурухана құрылымында 23 емдiк-диагностикалық бөлiм бар. Ол әлемдiк медици-налық техниканы өндiрушi «General Electric», «Karl Storz», «Soring», «Olympus», «B. Braun», «Aesculap» секiлдi жетекшi фирмалардың құрылғыларымен, атап айтсақ, магниттi-резонансты және компьютерлiк томограф, ангиограф, литотриптор, iшкi органдар мен жүректi зерттеуге арналған ультрадыбыстық аппараттармен жабдықталған.
Сағат 9.30. Көп бөгелместен, қабылдау бөлiмшесiне келдiк. Науқас iш құрылысының ауыратынын айтып, таң атқалы бiр-екi рет құсқанына, оң жақ iшiнiң төменгi бөлiгiндегi сырқатқа шағымданды. Дәрiгерлер жылдамдатып анализ алды, ол бойынша лейкоциттерiнiң өскенi анық-талды. Артынша ауруды гинеколог дәрiгер қарады, ол ешқандай дерт таппады. Клиникалық диагностикалық тексерiстен соң, соқыршек деген диагноз қойылып, науқас операцияға жiберiлдi.
– Бүгiнде денсаулық сақтау жүйесi сапалы дамып келедi. Соның нәтижесiнде соңғы кездерi қан айналу жүйесi ауруларынан болатын өлiм-жiтiм көрсеткiшi азайды. Бұрындары инфарктен адамдар көп қайтыс болатын. Бұған дейiн дененi кесiп жасалатын операциялардың барлығы қазiргi кезде лапороскопиялық әдiспен, яғни дененi үш жерден тесу жолымен жасалады. Мұның бiр ерекшелiгi – ондай операциядан кейiн тыртық қалмайды. Әсiресе, бұл науқастың тез айығуына оң әсер етедi. Дененi кесiп жасайтын операциялардан кейiн науқастың ауруханада бiр апта жатуына тура келетiн болса, заман талабына сай жүзеге асырылып жатқан әдiстiң нәтижесi өте жақсы: мұнда асқыну болмайды, керiсiнше, науқастар тез айығып, 1-2 күнде аяқтарынан тұрып кетедi, – дедi бас дәрiгердiң медициналық қызмет сапасын бақылау жөнiндегi орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты хирург дәрiгер Талғат Байтiлеуов.
Сағат 10-нан аса операция жасайтын блокқа бардық. Онда 8 жоспарлы және 1 жедел операция жасайтын зал бар екен. Бөлiм меңгерушiсi, медицина ғылымының докторы, жоғары дәрежелi дәрiгер С.Қожахметов жоспарлы операцияның жүргiзiлiп жатқанын жеткiздi. В. Евдо-кимов деген науқас 56 жаста екен. Наурыздың 20-сы күнi инфаркт алған ол осы уақытқа дейiн кардиохирургия бөлiмiнде емделiп, толық ем-дом алған. Операцияны аурухана бас дәрiгерiнiң өзi, кардиохирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi, медицина ғылымының кандидаты Мақсат Әскерұлы Жантұрғанов жасап жатыр. Сәкен Қайроллаұлы «Бұл өте ауыр операция болғандықтан, оны Германияда 5 жыл еңбек етiп, мол тәжiрибе жинақтап келген бiлiктi маман – бас дәрiгердiң өзi қолына алды» дейдi.
Сағат 12-лер шамасы. Қабылдау бөлiмшесiне «Жедел жәрдем» көлiгiмен жеткiзiлген әйел бүктүсiп, екi қолымен iшiн ұстап алған. Сол жерiнiң түйiлiп ауырғанына шыдай алар емес. Қиналғаны түрiнен байқалып тұр, арасында дауысын қаттырақ шығарып, шыңғырып қояды. Дәрiгерлер науқасты тексеруден өткiзiп, алғашқы медициналық көмек көрсетуге кiрiсiп кеттi. Бөлiмше меңгерушiсi, медицина ғылымдарының кандидаты, хирург-дәрiгер М.Қобыландин оның өт қабында тас болғанын, үш жылдан берi мазалап жүргендiктен, ауруының асқынып кеткенiн, медицина тiлiмен айтқанда, «калькулездi холестицит» деген диагноз қойылғанын айтып, әңгiмесiн одан әрi жалғастырды. «Тиiстi тексерулерден өткiзiлiп, қажеттi емiн алады, ауырғаны басылмаса, ертең не одан кейiнгi күнi операция жасаймыз», – дедi Мұхтар Сәрсембiұлы. Көп ұзамай науқас бөлiмшеге жатқызылды. Дүйсенбi күндерi бұл бөлiмшеден орта есеппен 180-ге жуық науқас өтедi. Оларға 6 медбике мен 5 дәрiгер қызмет көрсетедi. Ал, ауру-хана бойынша күн сайынғы 10-15 операцияның басым бөлiгi соқырiшек кеселiне байланысты жасалады екен. Сол күнi таңертеңнен түске дейiнгi аралықта қабылдау бөлiмшесiнен 62 науқас өткен, олардың 30-ы ауруханаға жатқызылған. Жалпы алғанда, мұнда шамамен күнiне 80-90 адамға медициналық көмек көрсетiледi.
Мұнан кейiн мекеменiң медициналық қайта қалпына келтiру бөлiмшесiне бас сұқтық. Бөлiмшенiң меңгерушiсi Дмитрий Владимирович Ким көп ауру түрлерiн емдеуге лазерлiк терапияның өте тиiмдi екенiне, сондай-ақ жүз жылдан берi қолданылып келе жатқан жылумен емдеудiң «парафинотерапия» деп аталатынына, олардың науқастар үшiн аса пайдалылығына тоқталды. Мұнда науқастарға лазерлiк терапия, кванттық терапия, биоптронотерапия, жарықпен емдеу, парафиндi терапия, микротолқынды және ультрадыбыстық терапия, лимфалық жүйенiң дренажы мен электротерапия бойынша қызмет көрсетiледi.
Әсiресе, әмбебап сильвинит-натрий-калий-магнийлiк тұзы қолданылатын шахта тәрiздес спелеоклиматикалық камера бiзге ерекше әсер қалдырды. Бүгiнгi таңда бронх демiкпесi, астма мен өкпенiң созылмалы-бiтелмелi ауруларын емдеуге арналған осындай бөлме Қазақстан бойынша аталмыш ауруханада ғана бар екен. Мамандардың айтуынша, мұндағы емдiк дене шынықтыру бөлмесiнде күнiне 17-20 адам жаттығумен айналысады. Ол жер де уақыт талабына сай заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Айтса-айтқандай, аурханадағы аппараттар бiрiнен-бiрi өткен тамаша, бiрегей, толығымен компьютерлендiрiлген. Барлық бөлiмшелерде бiрыңғай жүйемен байланысқан кешендi медициналық ақпарат жүйесi қолданылады. Электронды медициналық картада науқас туралы барлық деректер бар және электрондық медициналық мұрағат жұмыс iстейдi.
Сағат 14.00. Операция жасайтын блокқа қайта келдiк. Оториноларингология бөлiмшесiнiң меңгерушiсi, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты дәрiгер Е.Иманғалиев жоспарлы операция үстiнде екен. 45 жастағы науқастың мұрын далдасының қисаюына байланысты оның сүйектерiн орнына келтiрмек. «Осыдан он жыл бұрын бұл кiсiнiң мұрнына алғашқы операция жасалған. Бiрақ, мұрын далда-сының сүйегi әлi де дұрыс жетiлмегендiктен, қайта түзетудемiз. Ендiгi жерде бұл жiгiттiң мұрыны қалыпты әрi әдемi болады. Мұндай операциялар дәрiгердiң тәжiрибесiне байланысты 30 минуттан 1 сағатқа дейiн созылады», – дедi Ермек Елемесұлы.
Екiншi үстелде дәрiгер Азамат Мұратұлы II және III дәрежелi құлақ кемiстiгi бар науқастың сол жақ құлағына операция жасауды аяқтап қалыпты. Сәтiн салса, көп ұзамай бұл кiсi де көп жыл мазалаған дертiнен айығады. Ел қатарлы естiп, жұртпен ауызба-ауыз тiлдесетiн болады. Тек ауруды асқындырмай, уақтылы дәрiгерге көрiнiп, тиiстi ем-дом алған абзал. Олай дейтiнiмiз, мұндағы дәрiгерлердiң осалы жоқ, шетiнен атақ-дәрежелерi дардай ғалым-профессорлар, доценттер көрiнедi, олардың көпшiлiгi шетелдерде оқып, жұмыс iстеген тәжiрибелi, бiлiктi мамандар.
Бөлiмшелердегi техникалық жабдықталудың жоғары деңгейiнiң арқасында «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттiк бағдарламасы негiзiнде заманауи ультрадыбыстық және жоғарғы жиiлiктi хирургия әдiстерiн қолдана отырып, хирургиялық операциялар жасалынуда. Басқа ауруханалардан басты өзгешелiк, мұндағы кесудiң құралы ретiнде ультра-дыбыс, суық плазма, аргон қолданылады. Қысқасы, аталмыш ауруханада жасалатын операциялардың сапасын арттыруға, операциядан кейiнгi асқынуларды азайтуға, стационарда жату мерзiмiн қысқартып, емдеу үдерiсiн тездетуге және жұмыс қарқындылығын күйiне келтiруге барлық мүмкiндiктер қарастырылған. Ал, оның игiлiгiн тек Астана жұртшылығы ғана емес, республика тұрғындары да көрiп жүр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button