Басты ақпаратМәдениет

«ACCORDI DI ASTANA» ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Өткен апта елорданың мәдени өмірінде айрықша оқиғалармен есте қалды. Мүсілім Магомаевты еске алу кешінің өзі астаналықтарға қаншалықты рухани ләззат сыйласа, жексенбі күнгі Д.Мацуевтың қолдауымен ашылғалы отырған жас пианистер фестивалінің тұсаукесері музыканттар үшін ғана емес, жалпы Астана жұртшылығы үшін зор маңызға ие құбылыс десек, артық айтқандық болмас.

 Астана қаласы әкімдігі мен Ресейдің халық әртісі, майталман пианист Де­нис Мацуевтың қолдауымен өтетін «Accordi di Astana» атты жаңа музыкалық жоба келер жылдың қаңтарынан бастап шымылдығын түреді. 1 қаңтар мен 10 наурыз аралығында жас дарындар осынау халықаралық фестивальге қатысуға өз өтініштерін беруіне болады. Ал, фестивальдің өзі келер жылдың ма­мыр айында басталады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жас таланттарды шақырып, жаңа есімдерді дүние жүзіне паш етпекші. Үміткерлер жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп, сайысады. Алғашқы топты 11 жасқа дейінгі өрендер құраса, екінші топта 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысады деп күтілуде. Жүлдегерлерге арнаулы гранттар, музыкалық аспаптар сыйға тарты­лу көзделіп отыр. Жеңімпаздар Д.Мацуевтың жеке қолдауына ие болып, маэстро олардың оқуы мен да­муына барынша үлес қосатын болады. Осы фестиваль тұсаукесеріне ресейлік музыка мамандары арнайы ат басын бұрыпты. Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Татьяна Беркуль бастаған музы­ка педагогтары шеберлік сыныптарын жүргізіп, қазақ балаларына өз тәлімін үйреткені туралы бейнебаян концерт­те көрсетілді.

Бұл бәйге халықаралық деңгейде өткізілетін тың бастамаға айналмақшы. Классикалық музыканттардың Астанаға жиі-жиі келіп тұруының өзі халықты саз өнерінің жауһарларымен етене жақындастырып, әуездің тұнық тұңғиығындағы інжу-маржанымен құлақ құрышын қандыруға ерек­ше мүмкіндік тудыратын бұл фестивальдің берері мол болмақ.

«Астана жұртшылығы өте талғампаз, сезімтал. Мен мұндағы тыңдармандарымды өте қатты сый­лаймын. Әр келген сайын Астананың мәдени өмірінде көптеген жаңалықтар болып жатқанын байқаймын. Бұл жағдай қатты қуантады. Мен Ресей, Қазақстан деп бөлмеймін. Өйткені, тыңдармандар екі елде де маған біркелкі, өте ыстық қабылдайды. Мен мұнда келсем, шетелде жүргендей сезінбеймін. Сіздердің дәстүрлеріңізді біліп қалдым. Сахнаға шыққанымда өзіме түсініксіз бір «химия» сезіледі.

Біздің ойлап тапқан идеямыз «Астана аккордтары» – аса қажетті, игілікті іс болатынына сенем. Менің қазіргі таңда 6 фестивалім жүзеге асты. «Новые имена» атты қорды басқарамын. Дарынды ба­лаларды оқытып, олардың музыка әлемінде қанат қағуын қадағалаймыз. Классикалық музыка өзінің мәңгілік ағартушылық маңызынан бөлек, оның адам жанына рух беріп, жігерлендіретін ерекше қуаты жөнінен ешбір әуезге теңгерілмейді. Өмірге деген құштарлық сыйлайды. Меніңше, көпшілік нағыз өнерді сағынып, ашырқанып, сусамыр болып қалған сияқты. Адамдар қазір тұма бұлақтан қанып ішкісі келгендей, классикалық музыкаға бетбұрыс жасап жатыр. Фестиваль аясында арнаулы байқау өтеді. Жас ұрпақ арасынан туа біткен таланттарды іздестіріп, оларды әлем мойындар музыкант болуына септесеміз» деп бөлісті өзінің жүрек-жарды тілектерімен маэстро баспасөз конференциясында. Маэстроның жан жолдастары В.Спиваков, Ю.Башмет сынды әлемге аты танымал музы­канттар осы фестиваль шеңберінде Астанаға келуі әбден мүмкін деген ойын жеткізді Д.Мацуев.

Жаңа фестиваль классикалық му­зыканттарды тәрбиелеуде өзіндік рөлге ие боларлықтай соны құбылыс болайын деп тұрғанын жастар жағы сезіне де бастаған сыңайлы. Баспасөз конференциясына жиналған жас музыканттарды көріп, солай ой түюге болады. Ал, кешкілік концерт­те Д.Мацуев П.И.Чайковскийдің симфониялық оркестрге арналған №1 концертін ойнап шықты. Аб­зал Мұхитдинов дирижерлық ет­кен Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен. Соны­мен қатар атақты пианист басқаратын «Новые имена» қорының ашқан жас таланттары Никита Коровин, Инга Родина, Мария Зайцевалар Астанаға арнайы келіп, тұсаукесер концертінде түрлі шығармаларды орындады. Олармен қатар қазақстандық Аида Ахметова, Ілияс Өзбеков де өз жетістіктерімен бөлісті. Ал, 7 жасар Мұрат Хидаятов сахнаға шыққанда көрермен қошеметінде шек болмады.

 

|Беделсөз

Денис МАЦУЕВ, майталман пианист:

Меніңше, жалпы халықтық музыка ел үшін маңызды. Бірақ, классикалық музыканың орны одан әлдеқайда терең, әлдеқайда көркем. Мен тағы да астаналықтармен жүздескеніме өте қуаныштымын. Астана маған етене жақын болып барады. Әсіресе, мені осы шаһармен таныстырған қала әкімімен достығымызды мақтан тұтамын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button