Басты ақпаратҚала тіршілігі

АCТАНАНЫҢ КӨПІРЛЕРІ

Қазір әлемде миллиондаған көпір бар. Адамзаттың ойлап тапқан ең ежелгі құралдарының бірі – бүгінге жеткенше, функционалдық міндетінен асып, эстетикалық сипатқа ие болып, инженерлік үймереттен сәулет өнерінің нышанына айналып үлгерді.
Ендеше, Астанадағы аталған сәулет һәм инженерия туындыларын шолып өтелік.

«СЕРУЕНДЕГІ» СЕЙіЛ

Газеттің ілгерідегі нөмірлерінің бірінде Астанадағы алғашқы әсеріміз туралы жазғанда, бас қаланы екі мәдениетті қосып тұрған шаһар деген-тұғынбыз.

Бізге дейін де айтылған болар бұл тұжырым. Соның бір дәлелі «Серуен» көпіріндегі айшық. Желтоқсан көшесі мен қалалық саябақты қосатын осы көпір кешке қарай көрсеңіз Еуропа қалаларын, көрмесеңіз де сол мекендердегідей атмосфера орнағанын аңғарған болар едіңіз. Көбіне жастардың серуен құратын аймағы болғандықтан ба, болмаса, көпірдің сәулет нақышы ма, жоқ әлде, қаланың ығы-жығы, дабыр-дүбір шуынан адалығымен қоса, алдыңызда елорданың әдемі панорамаларының бірі ашылатындықтан ба, тіпті бар ғой, саябаққа келе жатқандықтан, көңіл-күйіңіздің көтеріңкілігінен бе, әйтеуір, бір еректік бар.

Содан да шығар, мұндағы, көпірдің таяныштарындағы, көпір үстіндегі сәулет композицияларындағы жастардың бір-біріне сезімдерін білдірген жазбаларын да, ҚР Қылмыстық Кодексінің 257 не 258-бабы деп емес, әлдебір әдемі назымның нышаны деп қарағыңыз келеді.

Бой сергітуге «Серуендегі» сейілдің бұл айшықтары аздық етеді десеңіз, адам көп жиналатын демалыс күндері барып көріңіз: көпір үстінде тұрып ерке Есілдің толқындарында тербелгендей боласыз. Өйткені… көпір арнайы серіппелердің үстіне орнатылған.

ТҮНГІ «ТҰЛПАР»

«Көп уақытқа дейін бұл көпірдің рухын таба алмадым. Мен оны көбіне тәуліктің жарық кезінде, дәлірегі, таңертеңгі 9 бен 10 ортасында көретінмін де, оны ұнатпайтынмын: шулы, келбетсіз, немқұрайлы.

Ал, осы жылы, жаздың аяғында оның сұлулығын таптым. Оны түнде көруге болады. Тап осы кезде, ол суға тыққан бар «көзірлерін» шығарады. Түнгі жарық түстерінің таласы басталады, және бұл контраст елітіп әкетеді. Көпір алдын, әсіресе, көпір астын көрсеңіздер ғой. Бұл – сиқырлы әлем! Бұл – иллюминация құдіреті!».

Бұл – отандық әлеуметтік желілердің б і р і н де «jol ybolg i s h» ат ты қолданушының орыс тілінде жазған «Сарыарқа көпірі» деп аталатын постынан аударып беріп отырған үзінді. Сол кезде, көпір солай аталатын. Одан кейін, Сарыарқа мен Тұран даңғылдарын қосатын бұл өткелдің аты «Тұлпар» болып ресми бекітілді. Өткелдің төрт тұсында тұғырда тұрған төрт тұлпарға орай. Жалпы, Астанадағы көпірлердің бәрінің дерлік қазіргі ресми «азан шақырылған» аттарына дейін халық арасында «өз атауы» болғанын астаналықтар анық біледі. Солардың бірі…

ҚАРАӨТКЕЛ

Елордалықтар арасында маңындағы сауда орталығымен орайластырылып аталып келген бұл көпір – Бараев көшесі мен Қабанбай батыр даңғылын қосатын өткел. Бұлай аталуы көпірдің түсіне, болмаса, басқа бір сипатына орай емес. Өлке тарихынан аз-маз хабары бар адам оны біледі де. Қараөткел – Астана қаласының бұрынғы қазақ заманындағы атауы.

Осыдан-ақ, көпірлерге берілген атаулардың символикалық шартты штрихтар ғана емес, тарихи-мәдени мағыналы астары да бар екенін байқаймыз. Әйтпесе…

«ҚОЙДЫҢ ОРНЫНДА ШОШҚА ТҰРУЫ КЕРЕК ПЕ, СОНДА?!»

Бұл астаналық танысымыздың айтып берген әңгімесінен.

Сарайшық көшесі бойындағы көпір жаңа ашылған уақыт. Техникалық құжаттарда «М-нешінші» деп көрсетілсе де, ресми атауы да, халық арасындағы «лақап» аты да жоқ кезі.

Сөйтіп, әдепкі әдетпен танысымыздың қызметтік автобусы жұмысқа барар жолдағы көпір үстінен өткен кезде, ұстанымы аздап «нелеу» ұлы ұлыстың өкілі:

– А, что, сюда, барана поставили?! – демесі бар ма, дейді танысымыз. Со кезде, автобус ішіндегілердің бірі:

– Не, қойдың орнында шошқа тұруы керек пе, сонда?! – деп жауап беріп, автобус ішін қыран-топан күлкі қылған екен.

Екі бағытты қозғалыстағы 8 жолақтан тұратын, жалпы ұзындығы 892,1 метр болатын сол «қой» қонжиған өткел «Арқар» көпірі деп аталады бүгінде.

Төрт «құлағына» қойылған жануарлардың атымен аталатын өткелдердің бірі – «Марал» көпірі.

«МАРАЛ» КӨПІРІ «МИСТИКАСЫ»

Көпірі көп қалаларда, көпірі көп дейміз-ау, жалпы, іргесі қаланғанына көп болған шаһарларда көпірлерге де қатысты «қалалық әфсаналар» бар.

Әл-әзірше, астаналық көпірлерге қатысты мұндай аңыздар қалыптасып үлгермеді десе де болады. Болмаса, ұзынқұлақтың айтуынша, әгәраки «Марал» көпіріне көтеріліп келе жатқанда мүсіндер тұсынан өткенде келе жатқан бағытыңызда да, қарсы бағытта да бірде-бір көлік болмаса, жедел тілек тілеп үлгеруіңіз керек екен. Сонда, әлгі тілек орындалады-мыс.

Не себепті олай? Кім тексеріп көріпті? Ол жағы белгісіз… Күлкілілеу көрінсе де, мұндай да, «қалалық әфсаналардың» өмір сүруге хақы бар. Мәселен, Петербордағы «Большеохотинский» көпірі 1909 жылы Полтава шайқасының 200 жылдығына орай салынған. Сол кезде император Ұлы Петрдың есімі берілген өткелдегі бір миллион тойтарма шегенің бірі сом алтын деген аңыз бар екен. Одан бертін, ол көпір екі соғысты, бірнеше қайта жаңғыртуды көрсе де, әлгі аңыз әлі де өміршең.

Бәлки, біраз уақыттан соң, Орынбор көшесімен өтетін көпіріміздің де әлдебір құпиясы барына имандай сенетін адамдар табылатын болар. Өйткені, қазірдің өзінде астаналық хоккей клубының «бойтұмары» символы іспетті деп аталып жүрген «Барыс» көпірі бар.

«БАРЫС» ПЕН «БЕЛАСАР»

Сығанақ көшесімен өтіп жатқан бұл өткел мен Л.Мирзоян мен А.Иманов көшелерін қосатын, Ақбұлақ өзені арқылы өтетін «Беласар» автожол көпірі қала көпірлеріне түсетін көліктік жүктемені біраз азайтты.

СӨЗ СОҢЫ

Көпірлерді көру үшін ғана төрткүл дүниенің қала атаулысын аралайтын жиһангездер бар. Өйткені, «ең, ең, ең» деген категорияларға құштар жандарға көпірлердің де «берері көп». Аспан асты елінің шығысындағы әлемнің ең ұзын Хаңжоу көпірін жаяу жүріп өту үшін кемі 6 сағатыңыз кетеді екен: Сары теңіздің үстінен салынған оның ұзындығы – 36 шақырым. Болмаса, Францияның оңтүстігіндегі жерден 270-343 метр жоғары орналасқан әлемдегі ең биік Милло көпірі. Қандай болса да, бір көпірді азсынсаңыз Гамбургтың өзінде көпірі көп қала саналатын Венеция (400-ге жуық), Амстердам (1200-дей) және Лондон (600-ден астам) өткелдері санын қоса алғанда да жетпейтін көпір бар екен. Эльбадағы осы қалаға бара қалсаңыз – екі мыңнан астам ескілі-жаңалы көпірді көресіз.

Жалпы, астанасын су кесіп жатқан әлем елдерінің қай-қайсысы да көпірлер сәулетімен мақтана алады деуге болады. Оларда ғасырлар еншісі жатыр.

Егер, әлемдік өркениеттің бір белгісі – көпір салу болса, іргесі қаланғанына он жылдан жаңа асқан еліміздің астанасы бұл бағытта да, сол өркениетке бет түзеп келеді.

Нұрберген МАҚЫМ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button