Жаңа Қазақстан

Адал еңбек – құрметті

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдадық. Жалпы жұртшылық Жолдаудан халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін іс-шаралар қабылданатынына үміт артатыны белгілі. Иә, ел күткендей, биылғы Жолдауда да экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында қажет мәселелер күн тәртібіне көтерілді.

Білім мен ғылым саласының өкілі ретінде осы сала бойынша Президент көтерген бастамаларға ғана тоқталуды жөн көрдік.

Біріншіден, Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтыны жайлы бастамасы көптің көңілінен шыққанын ерекше айтар едік. Яғни техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігі күн тәртібіне көтерілгенін маңызды мәселелер қатарына қосар едік. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауға мол мүмкіндік туатынын сөз еткен Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керектігіне назар аударды.

Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда ұлттық құн­­дылықтар қатарында қам­тылған еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін тағы да еске салып, оның ұлттың сапасын жаңа деңгейге арттыруда да айтарлықтай септігі бар екеніне тоқталып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге мән беру керектігін жеткізді. Иә, жас ұрпақты жастайынан адал азамат болуға бейімдеп, адал еңбектің қадірін арттырып, адал табыс табуға тәрбиелеу аға буын өкілдерінің парызы десек, артық айтпаған болармыз.

Мемлекет басшысының «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» деген сөзін де үлкендерге артылған жүк деп қабылдағанымыз абзал.

Екіншіден, орта білім мен мектепке дейінгі білім беру ұйым­дарының міндеттері туралы көтерілген көкейтесті мәселерге тоқталғанда мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлу керектігі баяндалғанын баса айтқымыз келеді. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екеніне екпін түсіре айт­қан Президент педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керектігі туралы тапсырмасы көптің көңіліндегісін дөп бас­ты. Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз эксперттер тобының басшысы ретінде елімізде педагог-мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды одан әрі жетілдіре түсу жөн болар еді деген сараптамалық пікірімізді де айта кетуді жөн көрдік.

Балаларды мектепке да­йындау мәселесіне айрықша назар аудару, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісінде мемлекетпен қатар ата-аналар да жауаптылығын арттыру мемлекеттік мәні мол мәселелер қатарында екенін қаперде ұстауға үндеген Мемлекет басшысы білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға даңғыл жол ашылатынын атап көрсетті.

Үшіншіден, Жолдауда жоғары білімді кадрлар даярлау мәселесі көтерілді. Атап айтсақ, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігі мен болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігі туралы тапсырмалар жүктелді.

Жоғары білімді интерна­ционалдандыру бойынша жү­йе­лі жұмыс жүргізіліп жатқанына оң баға берген Мемлекет басшысы елімізде ашылған шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнына мейлінше қолдау көрсетіп, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тап­сырысты біртіндеп көбейткен жөн екенін және білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға осындай мүмкіндіктер туғызу керектігін тілге тиек етті. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайтуға көңіл бөлу керектігін тапсырды.

Төртіншіден, еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін одан әрі арттыру мақсатында инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажеттігін, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруды және Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс екенін міндеттеп, келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосуды тапсырды.

Жолдауда білім-ғылым саласы бойынша жоғарыда атап өткен тапсырмаларды орындау­ға атсалысу – бар­шамыздың парызымыз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы

Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҚР ҰҒА академигі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button