Басты ақпаратРуханият

Адалдық болмаса, алға баспаймыз

Еліміздің мемлекеттік қызмет туралы заңнамада еңбек ардагері Кеңесбек Махамбетовтің еңбек еткен жылдарын «тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi» деп анықтаған. Кеңесбек Ізбасарұлы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi ретіндегі еңбек жолы 1975 жылы Қызыл­орда облысының Жалағаш кентінде «Главриссовхозстрой» СПО №14 жылжымалы мехколонна шебері лауазымында бастады. Ленинград қаласында алты жыл оқып, әр жылғы тағылымдамаларын ірі орталықтарда өткізіп, білімін шыңдап келген жас маманды жолдамамен алыс ауданға жіберу сол кездегі қалыпты жағдай еді. Содан бері Қызылорда обкомы бірінші хатшысының көмекшісі, облыс әкімінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысы әкімі аппаратының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, осы министрліктің әкімшілік депртаментінің директоры қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. Әлі күнге дейін қоғамдық қызметтерден қол үзбеген кәсіби мемлекеттік қызметшінің пікірін тыңдадық.

– Кеңесбек аға, өзіңіз бес жыл бойында көмекшісі болып қызмет еткен Еркін ­Әуелбековпен 1997 жылы кездесуіңізде айтылған әңгімені есіңізге салайыншы. Сонда: «Иә, балаларыма, туысқандарыма деп байлық жинамадым. Коттедж, саяжай, шетелдік қымбат көлік дегенге қызықпадым, мұрат тұтпадым бірақ, менің артымда жылдар бойы жиған абырой-атағым қалып барады. Бұл ең қымбат қазына деп есептеймін» деген екен.

– Иә, дәл осы ойларды ол кісі 1998 жылғы жазда Астананың тұсаукесеріне келгенінде де қайталап айтты. Сол жолы бірге қызметтес болған кездерімізді еске алып, «жұмыс барысында өзіңе қатты сөйлеп, не артық талап етіп қысып жіберген кездерім болған жоқ па?» деп те сұрады. Мен ағынан жарылған Еркін Нұржанұлының сауалына таң қалдым, алайда ол кісіге деген құрметіме көлеңке түсіретіндей ешнәрсе ойыма келмеді.

Жасымнан әке-шешеміз «ала жіпті аттама, қара су ішіп, қара нан жесең де, Үкіметтің қазынасына қол сұқпа» дегендей адалдықтың дәнін екті. Мектепте соғыс кезінде қоршауда қалған Ленинградтың өте зиялы білімді мұғалімдері ұстаздық етті. Соның ықпалы болар, жоғары білімді Ленинградта алдым. Ағам Аралбай мен оқуға түскенде «сен екі дип­лом алып шығасың, біріншісі институт берген жоғары білім, инженер дипломы, екіншісі институттан да ыстық, әлем және орыс мәдениетінің жетістіктері шоғырланған қаласы – Ленинградтың өзі» деп еді.

Ал қызмет жолымда бағыт көрсеткен жарық жұлдыздай жарқ етіп, 42 жасында дүние­ден өткен Аралбай ағам болса, бойымдағы кемелдіктің жолын қалаған ұстазым – Еркін Әуелбековтің орны бөлек еді. Осы кісілердің тағылымы менің өмірлік ұстанымның негізін қалады.

– Осындай мектептен өткен кәсіби маманға мемлекет қызметшісінің бүгінгі келбеті көңіліңізден шыға ма? Бүгінгі қоғамда ұлт мүддесіне адалдық, бар күш-жігерін ел игілігіне сарп еткен шенеуніктерді іздеп табу қиын емес пе?

– Еркін ағамыз да қоғам­дағы рухани құндылықтардың құнсызданып бара жатқаны жанына батып, алаң көңілмен кетті. Өкінішке қарай, көптеген шенеуніктердің әдепсіз мінез-құлқына байланысты мемлекеттік басқару қызметкерлерінің «қарапайымдылық» және «адалдық» түсініктері архаикалық ұғымға айналып барады. Біраз жылдар бұрын өзім қызметте жүргенде аймақтық деңгейдегі менеджерлердің бірінің өзі басқарған ұжымның қызметкерлерімен алғашқы кездесуінде: «Мансабын өз пайдасына пайдалана алмайтын қызметкерлерді түсінбеймін» дегені есімде.

Лауазымды қызметке келгеніне ай толмай-ақ, жергілікті жағдайды зерттеп, өз мүмкіндіктерін екшеп, атқарар ісін пайымдамай жатып, айналасына «пиарщиктерді» жинап алып, жүрген-тұрғанын тынбастан насихаттайтын шенеуніктердің ісіне көз үйренді. Күнделікті жұмыс істесе, адамдармен кездессе оның бәрі қызметінің шегіндегі міндетіне кіреді. Мәселе, ісімен де, сөзімен де жақсы нәтижеге қол жеткізуде жатыр.

Жоғары деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер мен Парламент депутаттары арасында диссертация қорғау, ғылыми дәреже мен атақ алу «сәнге» айналған. Ғылымымыздың көші алысқа ұзай қоймаса да саяси шенеуніктердің, халық қалаулыларының арасынан докторлар, профессорлар, академиктер қатары қаулап кетті.

– «Болашақ» түлектері немесе жоғары оқу орындарын бітіре салысымен тәжірибе жинамай-ақ үлкен лауазымға тағайындалып жатқандар да жоқ емес…

– Менің ойымша, мемлекеттік қызметшілердің әрбір санаты үшін бірегей шекті белгілеу қажет, содан кейін өтініш беруші жұмысқа қабылдануы мүмкін. Мәселен, жоғары оқу орнын бітірушілерге келетін болсақ, өңірлік деңгейдегі басқармаларға төменгі буын құрылымдарында кемінде бір жыл, ал орталық органдарға екі жылдан кем емес жұмыс істегендер ғана қабылдануы тиіс. «Болашақ» түлектері үшін гратация шамамен бірдей болуы керек (қысқартылған мерзіммен).

Жыл сайын кешегі университет түлектерінің он, жиырма пайызға дейін орталық мемлекеттік органдарға (өңірлік деңгейді айтпағанда) жұмысқа қабылданады. Бірақ дағдылары жоқ кешегі студент жауапкершілік жүгін бірден көтеріп алып жүре ала ма? Ол тіпті министрліктің міндеттерінің не екенін бағамдай алмай жүргенде, өзіне тапсырылған тұтас бір саланың стратегиясын дайындай ала ма? Әдетте мұндай жас маман «барып кел, алып кел» сияқты тапсырмалармен «қолбалаға» айналып, кәсіби өспей қалады.

Ал жоғары билік органдарында – Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте, Жоғарғы Сотта өмірді оқулықтан емес, іс жүзінде білетін мемлекеттік қызметкерлерге басымдық беру қажеттігі айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ мемлекеттік қыз­метшілердің мансаптық қызметі туралы заңнамаға өзгеріс­тер енгізу қажет. Оларға белгілі бір мемлекеттік органда атқаратын қызметінде мерзім белгіленуі керек. Қызметкер жұмыс істегеннен кейін, егер ол белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келсе, сол бөлімшеде теңдес дәрежедегі лауазымға ауысуы немесе басқа да ұқсас лауазымға көтерілуі (немесе басқа аймаққа ауысуы) керек. Бірнеше сатыдан өтпей-ақ жоғары лауазымға секіріп кетпеу мәселелерін заңнамалық тұрғыда пысықтауды қажет етеді. Бұл туралы бұрындары да айтып жүрмін.

– Сіздер қызмет еткен кездеріңізде мемлекет құрылымына, мемлекеттік қызмет сапасына зиянын тигізетін жайттар болмап па еді?

– Мен қызмет жолымда Исатай Әбдікәрімов, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шау­хаманов, Бердібек Сапарбаев сынды ірі мемлекет қайраткерлері кездесіп, қол астында жұмыс істедім. Әрқайсысының ел басқарудағы өзіндік көзқарасы, ерекше қолтаңбасы қалды. Соның ішінде Еркін Нұржанұлымен алдымен оның көмекшісі, соңынан облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі ретінде тығыз араластым, өмірдің түрлі жағдайында көрдім. Жасыратыны жоқ, қазіргі күнге дейін осындай сирек кездесетін тұлғаның ықпалындамын, жоғары бағалаймын. Терең ойлы әрі жігерлі, ауқымды ойлай алатын адам. Бізге келгенге дейін еліміздің екі минис­трлігін, екі өңірін басқарған іскерлігі мен тәжірибесі айдан айқын сезіліп тұрды.
Еркін Әуелбековтің бойын­да мені еріксіз таң қалдыр­ған қасиеттер – оның ерекше еңбекқорлығы, жылдам әрі жемісті еңбек ету қабілеттігі, мәселенің мәніне жылдам бойлауы еді. Ол өзінің жеке мүддесін халық қалауынан жоғары қойғандарға аса қатал болды және қайырылмайтын. Мемлекетке, еліне қызметтің ең биік үлгісін көрсетіп, адалдық пен табандылық, еңбексүйгіштік қасиеттердің иесі ретінде жадымда қалды.

– Қарамағындағыларды ортақ мүддеге ұйымдастыра білу де жанкештілік дегіңіз келеді ғой.

– Әрине, Әуелбеков – Қызыл­орда өңіріне үлкен жаңалық алып келген, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешіп берген тұлға. Сол кезеңде үлкен серпіліс жасады. Көп басшылар орталықта отырып басқарса, Еркін Нұржанұлы ауылды аралап кететін. Осы жағдай одан кейінгі басшыларға өнеге болды. Басты нысандарды түгел аралап шығып, төрттерде ауыл адамдарын жинайды. «Ал, айтыңдар» деп, ашық әңгімеге шақырып, тұрғындардың көкейіндегісін білуші еді. Облысқа келген күннен бастап тіпті ауылдардың өзінде қонақ үй ашқызып, «күтіп алып, арақ бергенді қойың­дар» деп бірден кесті.

1989-1995 жылдар аралығында облысты Сейілбек Шаухаманов басқарды. Ол кісі қиын кезде басшылыққа келді, Одақ ыдырап, ел дағдарған шақта сөзге шебер шешендігі бар, дипломатиялық қасиеттері осы кезде аса қажет болды. Халықтың болашақтан үмітін үздірмей, өтпелі кезеңдерде, бір жұдырықтай жұмылдырып адалдығын көрсетті.

Бердібек Сапарбаев – ең ұзақ істес болған әріптесім. Облысқа басшылыққа келгенде әкімдік тәжірибесі болмаған еді. 1995 жылдар тұрмыс мүлдем күрделеніп кетті. Жалақы жоқ, зейнетақы төленбейді. Өндіріс тоқтап тұр. Ауыл шаруа­шылығы тұралады. Не істейміз, неден бастаймыз дегенде елге бару керек, халыққа басу айтып, ахуалды түсіндірейік дедік.Үлгермей жатқан аймақтарда «қоғамдық көмекші» сайладық. Бұл да – ел басқарудағы жаңалық. Көмекші дегеніміз ел танитын, беделі бар, сөзіне көпшілік тоқтайтын азаматтарды тарттық. Қарақожаев, Камал Бердәулетов, Шайхыислам Серікбаев сынды азаматтар әкімге кез келген уақытта хабарласып, жағдайды ушықтырмаудың алдын алуға атсалысты.

Бір қызығы, Бердібек Мәшбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысына басшылыққа тағайындалғанда, екеуміз келісе отырып мұндай көмекшілердің қызметінің қажеттігі өткенін анықтадық. Бұл қоғамды жаңғыртуға, ел дамуына халықтың бірлігіне, үлкен-кіші демей кірісіп, ортақ нәтижеге жұмыс істетіп үйреткен Еркін Әуелбековтің өнегесінің бір жаңғырығы, сол жылдары рухы көтерілген халықтың таңдауы еді.

Мемлекетшіл қызметкер ретінде мен үшін халықтың мүддесі жоғары. Әуелбековтің «сөз бен істің бірлігі» принципі менің жаныма жақын. Ел басындағы азаматтардың мәселені білу үшін жағдайды біліп, түбіне дейін зерттеп барып, тоқетерін айтуы – үлкен қасиет.

Өкінішке қарай, қазіргі басшылар арасында зерттемей, зерделемей жатып әлдекімнің қолайына қарай қолдап жіберетін жобалар көп. Алысқа бармаңыз, ЛРТ құрылысы – соның дәлелі. «Кеше ашты, бүгін жапты» дегендей зауыттар болды, ауқымды жобаларға шенеуніктердің атүсті қарауының нәтижесінде ұтылып жатырмыз. Парақорлық өршіп тұр. Бір алады, екі алады, парақорлық қанына сіңіп кетеді. Мемлекет қызметшісінде парақорлыққа қарсы тұратын күш болуы керек. Ол – отансүйгіштік, мемлекет ісіне адалдық. Олай болмаған жерде ілгерілеу қиынға түседі.

Сұхбаттасқан
Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button