Адам құқықтары мәселелері сөз болды
Әділет министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолуы (ӘКШ) шеңберінде Қазақстан Республикасының төртінші кезеңдік Ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық бойынша отырыс өткізді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Іс-шара Астана қаласындағы Ұлттық Академиялық кітапханада өтті.
Әмбебап кезеңдік шолу – бұл барлық 193 мүше мемлекеттерді қамтитын және мемлекеттерге адам құқықтарын қорғау саласында қабылданған шаралар туралы төрт жылда бір рет есеп беруге мүмкіндік беретін БҰҰ-ның бірегей тетігі. ӘКШ елдерге табысты тәжірибелерімен бөлісуге және жақсарту бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Отырыста мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының Коалициясы дайындаған Балама баяндамаларды талқылады.
Баяндамаларда сөз бостандығы, ақпаратқа қол жеткізу, жиналыс бостандығы, дін, сайлауға қатысу және мемлекетті басқару сияқты негізгі салалардағы ағымдағы жағдайды бағалау және жақсарту бойынша ұсыныстар берілген.
Кездесу барысында қатысушылар қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар ұсынған баяндамалар мен ұсыныстарды тыңдап, баламалы есептерді талқылауды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кету керек, 2019 жылы өткен ӘКШ қорытындысы бойынша Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше елдерден 245 ұсыныс алды. Оның ішінде 57-сі аталған салада қолдау тапты және табысты іске асырылуда.
Отырысқа қатысушылар Баламалы баяндамаларды талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.