Әлеумет

Адам саудасы алаңдатады

Тиісті органдар тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданып, жұмыс жүргізіліп  жатқанымен, елімізде адам саудасы бәсеңдемей тұр. Соған қарап, мұның өзі тамырын тереңге жайып алған кесепат екенін түсіне бастаймыз.

Мамандардың айтуынша, рес­публикада «бизнестің» осы түрі­нің белең алуына бірнеше себеп бар көрінеді. Солардың ең бастысы – тоғыз жолдың торабында орналасқан географиялық қолайлылық. Сөйтіп, Орта Азия республикаларынан «тірі тауардың» Ресейге, Украинаға, басқа да мемлекеттерге еліміз арқылы өтуі. Үшінші, ең басты себеп – жұмыссыздық. Екі қолға бір күрек таппаған жастар жат пиғылды адамдардың «жұмыс тауып беремін» деген сөзіне иланып, құлдыққа түседі. Көбіне олар құрылыс немесе ауыл шаруашылығы жұмыстарына жегіледі екен.
Бір ғана мысал, Батыс Қазақстан облысынан Астанаға жұмыс іздеп келіп, жамбылдық М. деген азаматтың алдауына түсіп екі жылын далада қой бағумен өткізген Ермек және Оқап есімді жігіттердің ісі сотта қаралды. Бұларды вокзалдан «еңбекақысы жоғары жұмыс тауып беремін» деп алып кеткен адам барған бойда құжаттарын тартып алып, өздерін ұрып-соғып, мал соңына салып қойған. Бір таңғаларлығы, осының қылмыс екендігін сол ауылдағы көрші-қолаң, тума-туыс – бәрі білген. Біле тұра ешкімге тіс жармаған.
«Қалада жұмыссыз жүргендерді алдап алып кетіп, мал соңына салып қою, құлдықта ұстау фактілері кез келген облыста кездеседі. Бірақ бұл туралы нақты айғақ болмаса, құлдықта жүргендерді босатып алу, жүрген жерін анықтау қиынға соғады» дейді құқық қорғау органының өкілі. Сондықтан оған жергілікті азаматтар ғана куәлік етіп, хабарласып, көмектесе алады.
Елімізде адам саудасының құрбандарын оңалтуға Халықаралық көші-қон ұйымы көмектесуде. Аталған ұйымның Алматы мен Көкшетаудағы оңалту орталықтары он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Халықаралық ұйым Астанадағы оңалту орталығымен де қойын-қолтық жұмыс істейді.
Бұлардың бірігіп атқарған игілікті істері ұшан-теңіз.
Астана қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйен­сек, биылғы жылдың 8 айы ішінде жең­ге­тайлықпен немесе өрімдей қыздарды же­зөк­шелікпен айналысуға мәжбүрлеу бо­йынша 28 факті әшкереленіп, оның 20-сы сотқа жіберілген. Жезөкшелікпен айналысатын жеңіл жүрісті қыз-келіншектердің барлығы есепке алынып, алдын алу жұмыс­тары жүргізілген.
Ал, осы уақыт аралығында елордада жас­өспірімдер еңбегін заңсыз пайдаланудың он екі оқиғасы тіркелген. Бұған жол берген адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құзырлы органдар хабардар етілген.
Тағы бір айта кететін мәселе, осы жылдың шілде айынан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жаңа тарау енгізілді. Енді пәтерлерін біле тұра жезөкшелікпен айналысу үшін жалға берсе, үй иесі ірі кө­лемде айыппұл төлейді. Жүргізілген рейд нәтижесінде Астана қаласында пәтерлерін біле тұра «түнгі көбелектерге» жалға берген 26 адам әшкереленіп, материалдар сотқа жіберілді. Қазіргі таңда соның он үшіне сот үкімі шықты.
Кәмелетке толмағандардың арасында
сауда құрбандығына айналатын көп жағ­дайда балалар үйінің тәрбиеленушілері көрінеді. Іздеушісі мен сұраушысы жоқ жетім балалар мектеп бітірген соң қайда
барарын білмейді. Ақыл айтар, жөн сілтер жан болмаған соң, өз беттерінше жұмыс іздейді. Сөйтіп, адам саудасын кәсіп еткен­дердің торына түсіп қалады.
Осыған орай, мемлекет тарапынан адам саудасын ауыздықтауға нақты іс-шаралар алынуда. Тиісті заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Үкімет адам саудасына қатысты қылмыстың жолын кесу және алдын алуға бағытталған 2012-2014 жылдарға іс-шаралар жоспарын бекітті.
Екінші бір жайт, «бұл ішкі істер орган­дарының айналысатын шаруасы» деген қате қалыптасқан түсінікті бұзып, оның қоғам болып күресетін мәселе екеніне көз жеткізу үшін ауқымды шаруалар атқарылуда.
Аталған қылмыстың түрлері көп. Мәсе­лен, «Мәжбүрлі еңбек», «Жыныстық мақсатқа пайдалану», «Үй құлдығы», «Қайыр­шы­лыққа мәжбүрлеу», тағы басқалар.
Статистикалық мәліметтер көрсетіп отырғандай, соңғы бес жыл ішінде Қазақ­станда адам саудасының 600-ге жуық құр­баны анықталған. Құқық қорғау органдары осы «кәсіпке» байланысты 1,5 мыңға жуық қылмысты анықтап, 800-ден астам адам
сотталды. Жыл сайын осы санаттағы 300-ден аса қылмыс тіркеледі.
Ал Астана қаласында адам саудасының алдын алу мақсатында қоғамдық ұйымдармен бірлесіп оқушылар мен студенттер, әлеу­меттік қызметкерлер мен педагогтар арасында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Дегенмен, жоғарыда келтірілген деректер көр­сеткеніндей, адамды заман илеген бүгінгі таңда кейбір азғындардың еңбекті қанаумен күн көретіні анық байқалады. Өмірде оңы мен солын танымай жатып құлдық қа­мы­тын киетіндер азаймай отыр. Соларды имансыздардың құрығынан көп болып құтқара білейік!

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

ПІКІР

Күміс Кенжекова,
психолог:
– Мұндай құбылыстардың кеңінен таралуына бірнеше себеп бар. Ең бастысы, бұған тұрғындардың онша мән бермеуі. Басқаша айтқанда, бұл бағыттағы халықтың сауатының аздығы. Екіншіден, жастардың «бәлен жерде бақыр бар, барсаң, тақыр да жоқ» демекші, табысы жоғары жұмысқа шақырған жарнамаларға сеніп қалуы. Әлем бойынша адам саудасы құрбандарының 45-50 пайызын балалар құрайды. Сондықтан мұндай қылмыстың алдын алу жолын балабақшадан бастаған жөн.

Сәуле Әлсейітова,
«Томирис» іскер әйелдер клубының мүшесі:
– Қазір 15-16 жастағы балғын қыздарды алдап тұзағына түсіретіндер туралы қатты ойлануға тура келеді. Осы бағытта тренингтер өткізіп, оған мектептердегі психолог мамандарды қатыстырып жүрміз. Онда адам саудасы және одан қорғану жолдары кеңінен сөз болады. Осылай көп болып күреспесек, бұл кейінгі жылдары пайда көзіне айналып, қатты алаңдатып отыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button