«Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» атты халықаралық көрме ашылды
Астанадағы Президенттік орталықта «Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» атты халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта Патна қаласындағы (Бихар штаты, Үндістан) Бихар музейінің коллекцияларынан «Адамзат, ескерткіштер және табиғат туралы триптих» халықаралық көрмесінің ашылуы өтті.
Көрме «Мәдениет арқылы диалог» халықаралық жобасы аясында Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы мен Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Елшілігінің Свами Вивекананда «Мәдениет» орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Бихар музейі – өнер және археология музейі, Бихар штатындағы ежелгі Патна қаласында орналасқан Үндістандағы ең үлкен музейлердің бірі. Музей көрмелері көрермендерді аймақтың өнерімен, мәдениетімен және дәстүрімен таныстырады, сонымен қатар Бихардың Үндістан тарихы мен өркениетіне қосқан елеулі үлесін баяндайды.
Музей қорында 40 мыңнан астам жәдігер бар. Музей ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыста, ол үшін ресурстық орталықтар, оқу бағдарламалары, тағылымдамалар мен шәкіртақылар құрылды. Музей қызметінің маңызды бағыты мәдениет пен өнерді танымал ету саласындағы ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту болып табылады.