1 мамыр - Бірлік күні

Адамзатты бөлмейтін жайлы мекен

Елордадағы «Қазпошта» АҚ №17 бөлімшесінің бастығы, беларусь ұлтының өкілі Елена Шукалович туған Отаны – Қазақстанды әлемдегі ең жайлы мекен деп санайды. Поштада 22 жылдан бері еңбек ететін ол келушілерге қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік тілді жақсы білуіне Қарағанды облысының Теңіз ауданы Баршын ауылында туып өсіп, қазақтармен жақын араласуы себеп болған.

[smartslider3 slider=2839]

Кезінде әке-шешесі Бело­руссиядан Қазақстанға тың игеру жылдары қоныс аударған. Ал өзі бауырымен осында дүниеге келген. Қазақ арасында өсіп, бойжеткен қыз орыс мектебіне барғанмен, бірге ойнап өскен достарының тілін жақсы меңгерген. Қазақша дұрыс жазуды білмесе де, ауызекі сөзде сүрінбейді. Мұнысы пошта қызметінде көпшілікпен еркін тілдесуіне көмектесіп келеді. Оған әсіресе қарт кісілер алғыс білдіріп, риза болып жатады.

– Қазақстан – бұрыннан тұрып келе жатқан өзге ұлттар түгілі, жаңадан көшіп келгендердің өзіне де жайлы ел. Себебі мұнда сен басқа ұлт өкілісің демей, бәріне бірдей қарайды, теңдей қызмет көрсетіледі. Тіпті кешегі саяси жағдайлардан кейін көрші елден келіп жатқандар да ешқандай қысым көрмей, емін-еркін жүр, – дейді ол.

Таңертең тоғызда келгеннен кешкі алтының қалай болғанын білмей қалатын Елена пошта қыз­метінің қыр-сырын әбден меңгерген. Елордадан еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерге кететін және сол жақтан келетін хаттар мен сәлемдемелерді қабылдап, жөнелту жұмысына төселген. Оның айтуынша, шетелдердің ішінде Қытайдан Қазақстанға хаттар мен заттар көп келеді және сол бағытқа жөнелтілетін дүниелер де бәрінен көп.

– Бізде Қазақстан аумағында пошта арқылы жіберілетін сәлемдемелердің ең үлкені 14 келіден, ал шетелге жіберілетін заттардың салмағы 20 келіден аспауы керек. Жүктердің ішінде өткір, кесетін, есірткілік заттар мен тез бұзылатын тамақтар жіберуге тыйым салынған. Сонымен қатар шетелге жіберуге рұқсат етілген заттар тізімі бар. Әр елдің шектеулері әртүрлі. Мысалы, Қазақстаннан Қытайға жарма жөнелтуге болмайды. Көбіне еліміздің оңтүстік облыс­тарына жүктер жиі жіберіледі, заттардан әшекей бұйымдары, косметика, биологиялық белсенді қоспалар көп кетеді. Жүктер жиі жіберілетін шетелдердің қатарында Қытайдан кейін АҚШ пен Германия да бар. Себебі жастардың көбі сол жақта оқуға, жұмыс істеуге кеткендіктен, елордадағы ата-аналары оларға сүрленген қазы-қарта, шұжық, оны салып жейтін ыдыс-табақ, Америкада туған немересі үшін бесік жабдықтарын жіберетін кездер де болады, – дейді Елена.

Күнделікті кәсібін адал атқарып, жергілікті ұлттың тіліне құрмет көрсетуде үлгі болып жүрген Елена Владимировна үшін Қазақстаннан артық жайлы мекен жоқ.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button