ЖаңалықтарҚоғам

АДАСТЫҢ БА, БАЛАҚАЙ?

Таяуда ЮНИСЕФ мамандары Грузияда әлеуметтік эксперимент ұйымдастырған-ды. Онда Анна атты бүлдіршін қызды бастапқыда ұқыпты киіммен, кейін грим арқылы бет-аузын кір-қожалақ кейіпке келтіріп, қоғамдық орынға жібереді. Алғашқы ситуацияда тұрғындар Аннаға назар аударып, «Адасып қалмадың ба? Әке-шешең қайда?» деп бәйек болады. Өкініштісі, екінші жағдайда дәл сол кішкентай кейіпкердің ұсқынсыз әлпетінен жиіркеніп, жанына жоламай қояды. Тіпті, кейбір кісілер балақайды маңынан қуып та жібереді. Осылайша зерттеушілер адамды киіміне қарап қарсы алатын бүгінгі заманның көрінісін әшкере қылады.

 3

Жоғарыдағы жайт бізге де ой салып, дәл сондай әлеуметтік эксперимент жүргізуді жөн санадық. Кейіпкер ретінде елордалық балабақшаның тәрбиеленушісі Елдананы таңдап алдық. Төрт жасар бүлдіршін пысықтығымен әрі қағілездігімен басқалардан ерекшеленіп тұрған еді. Оның бұл қасиеті бейтаныс ересектермен сөйлесерде көмек­тесетінін түсіндік.
Әуелі Елданаға көк түсті әдемі сарафан кигізіп, «Керуен» сау­да-ойын-сауық ор­та­лығының алдына әкелдік. Кешқұрым шақ болғандықтан, әрі-бері өткен жүргіншілер көп екен. Біреу-міреу күдіктеніп қалмас үшін фототілші екеуміз алысырақ жерге барып бақылауға көш­тік. Әдепкіде Елданаға онша ешкім көңіл бөле қоймады. Сірә, ата-анасымен бірге қыдырып жүрген шығар деп мән бермесе керек. Алайда шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде, қаршадай қыз баланың жалғыз жүргеніне алаңдап, бірді-екілі кісі жөн сұрай бастады. Біздің негізгі миссиямыз жұртшылықтың Елданаға назар аударатынын не аудар­майтынын анықтау ғана бол­ғандықтан, кейіпкерімізге «Әке-шешем анау жерде отыр деп айтасың» деп үйре­тіп қойғанбыз. Алдын ала келісілген сценарий бойынша ол бөтен адамдарға жақындап, орайы түссе әңгімелесіп көруі тиіс. Тіл алғыш Елдана сәлден соң ағаш орындыққа жайғас­қан қос бойжеткеннің жаны­на барды. Арулар да сүйкімді бал­­дырғанның қылықтарын қы­зық­тап, бірден шүйірке­ле­се кетті.

2
Қысқасы, біз күткен үміт ақталды. Адамдар шынында да Елданаға мейіріммен қарап, сөзге тартып, жұмсақ сөйлесті.
Ендігі кезекте рөлді ауыс­­тыруды шештік. Дереу кейіп­керімізді жұпыны киін­діріп, бет-аузын кір-қожа­лақ қылып бояп, халықтың ортасына жібердік. Адамдар тарапынан ә дегеннен таңданыс болмасын білдік. Сонда да әліптің артын бағып, үнсіз тостық.
Арада қырық минуттай уақыт өтті. Бульвар бойымен әрлі-берлі жүріп, кейде фонтанның жиегіне аяғын салбыратып отырып, ойға шомған Елдананы ешкім елемеді. Мүмкін жандарына жақындаса назары түсер деп, бүлдіршінге ағаш орындыққа жайғасқан кісілерге қарай жылжы деп ымдадық. Біз нұсқаған адамдардың маңында екі-үш бала ойнап жатыр екен. Кейіпкеріміз біреуінің қасына келіп, ойыншығын қолына ұстағаны сол еді, әлгі әйелдердің ішіндегі жастауы қабағын түйіп, «орнына қой» дегендей рай танытты. Айтқанын орындаса да, сол тұстан қозғала қоймаған Елдананы оқты көзімен бір атып, келіншектер орындарынан тұрды. Балаларын жетектеп, ұзап бара жатқан олардың соңынан біздің бүлдіршін аңы­рып қарап қалыпты.
Бұдан соң Елдана адамдар­­­­мен бірнеше мәрте әңгімелесуге оқталып көрген еді. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ересектер оны естімегендей кейіп танытып, сырт айналды. Тек жалғыз апа ғана «Анаңа бар, сені жуындырсын. Үстің кір-кір ғой, қызым!» деп жанашырлық танытты.
Грузиядағы экспери­мен­т­тегідей жұртшы­лық тарапынан тым үлкен дөрекілікке кезікпесек те, тұрғындардың киімі жұпыны балаға деген тым селқос көзқарасы қарны­мызды аштырды. Мұның себебін астаналық психолог Мәриям Баймырзаевадан сұра­ғанымызда, маман мынадай қызықты статистикасын алға тартты.
– Негізінен жаңа адаммен бетпе-бет сөйлескен алғашқы 30 секундта сол кісі туралы қалыптасатын әсердің 55 пайы­зы сырт келбетке, 38 пайызы дауысқа байланысты. Ал әңгімелесушінің нақты не жайлы сөйлеп жатқаны бар болғаны 7 пайызға ғана әсер етеді. Яғни, сіз қалдыратын әсердің 93 пайызы сіздің айта­рыңызға мүлдем қатысты емес, – деді маман.
Солайы солай-ақ болсын де­лік. Әйт­кенмен, бұл теория­ның тіп-титтей бал­дыр­ғандарға да жүретінін білгенімізде қатты қынжылдық.
ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуынша, кедей отбасыдан шыққан балалардың бес жасқа толмай қайтыс болып кету ықтималдығы орта тұрмыс кешетін бала­ларға қарағанда екі есе жоғары екен. Егер жағдай осы қалпынан өзгермесе, 2030 жылға дейін әлемде 69 миллион сәби шетінейді, одан бөлек 167 миллион бүлдіршін кедейшілікте өмір сүреді.
Жанымызға демеу болатыны, 1990 жылдан бері аталмыш мәселеге байланысты ахуал едәуір жақсарыпты. Мәселен, қазіргі таңда дүние жүзінің 129 елінде ұл бала мен қыз баланың мектепке қолжетімділігі бірдей. Алайда әлі де 124 миллион бала бастауыш және орта білімге мұқтаж екен.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button