Мәселе

Адасып жүрген тағдырлар

«Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған» деген де Абай. Сол сөзі әлі күшінде. Мен бұған қалай көз жеткіздім? Бір күні елордадағы «Ренессанс» атты реабилитациялық орталыққа жолым түсті. Мұнда өз нәпсілерінің жетегіне ергендер өз еріктерімен немесе еріксіз әкелінеді екен. Яғни, адамдар бұл жерге маскүнемдіктен, нашақорлықтан, құмар ойынға тәуелділіктен арылу үшін келеді.

[smartslider3 slider=916]

Мұнда психологиялық сабақтар өтеді. Логотерапия, тренингтер ұйымдастырылады. Бос уақыт деген болмайды. Ешқайда шықпайсыз. Керегіңізді консультанттар өздері әкеліп беріп отырады. Оның өзінде аптаның соңғы күні ғана. Телефон ұстамайсыз. Шәниіп жатып теледидар тамашаламайсыз. Аптасына бір рет үйіңізге ақ параққа хат жазуға қақылысыз. Төрт мезгіл тамағыңыз дайын. Бәрі де іште өтеді. Темірдей тәртіп. Жағдай жасалған. Осының бәрі үшін әке-шеше, туған-туыстарыңыз әр ай сайын 1 мың АҚШ долларын төлейді. Екі жақ бір ай жеткіліксіз деп есептесе, 4-5 ай не одан да көп уақыт жатасыз. 3-4 ай жатып, шыдай алмай, ебін тауып қашып кеткендер де болды. Еш кеткен есіл еңбек!

Ал Д. есімді жігіттің құмар ойынға салынғанына 7 жыл болыпты. Ол осы уақытқа дейін шамамен 100 миллион теңгеге шығынға батқан. Бастапқыда аз-аздан бой үйретіп бастаған ойынның соңы келе-келе ірі қарыздарға ұласқан, несиелер алған, көлігін ломбардқа қойған, үйін тіккен. Реабилитацияда жатқанына 5 ай.

Н. атты келіншек нашаға елітіп, күйеуімен ажырасқан, баласына тәрбие бермек түгілі, оған қарай алмайтын болғандықтан, экс-күйеуінде қалдырған. Кезінде пәтерін кепілдікке қойып ақша алған. Көлігін сатқан. Емделіп жатқанына үш ай. Тағдыры туралы айтып көзіне жас алып отырып, осының бәріне өкінетінін жеткізді.

А. есімді қыз бала болса, героинге 9 жасынан бастап әуес болыпты. Әке-шешесі ажырасқан, бес-алты тілді жетік меңгерген, тілмәш болған, шетелдерде тұрған. Басында еріксіз келсе де, енді бәрін түсініп, ем-домын тағы да жалғастыра бергісі келеді екен. Әрине, ақысын төлесе, бұл жерден оны ешкім қуып шықпасы анық. Байғұс ата-ана баласынан несін аясын?! Бар тапқан-таянғанын шашса да, төлеуге бар. Бос уақыттың көп болуы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, психология лық күйзелістер – адам баласының азғындыққа бой ұруына бірден-бір себеп. Осы орталықта жатқандардың ішінде көзім бірден кіп-кішкентай оқушы балаға түсті. Сұрай келе, жасы 13-те екенін, «тұз»-ға 9 жасынан құмартқанын білдік.

И. әкесінен 3 жасында айырылған. Жалғыз анасы бар. Ұлыма деп тірнектеп жинап жатқан 5 миллион теңгесін сиыр жалағандай жалмап тауысыпты. Сонда қомақты ақшаны қалай үптеген деген сұрағыма И-дің өзі: – Басында үйде тұрған сейфтен бес мың, он мың теңгеліктерден аз-аздап «алып» тұрдым. Күндердің күні елу мың, жүз мың теңгелеп «жұқалай» бастадым. Анам білмейтін. Кейде анам мені ішімдік әкелуге жұмсайтын… Сондай сәтті «ұтымды пайдаланып», анам ұйықтап қалған соң телефонын алып, WhatsApp-ына кіріп туыс, таныс, дос, әріптестерінен анамның атынан қарызға қомақты қарыз сұраймын. Олар сөзге келмей, аударып жібереді. Бірақ бұлай ұзаққа бармадым. Анам біліп қойды. Енді анам әперген қымбат iPhone телефонымды ломбардқа қойдым. Бір-екі рет анам өзі әперді. Аламыз, саламын, аламыз, саламын. Анам менен шаршай бастаған сияқты. Келесі салғанымда алатын ақшам болмағандықтан, телефоным сол жерде «күйді». Одан соң анамның шубасын, үйде аталарымыздан қалған көне алтын крестін ломбардқа қойып жібердім. Кәмелеттік жасқа толмаған бала мұның бәрін қалай өткізіп жүр деп таңғалып тұрған шығарсыз? Маған шөп шегуді үйреткен жігіттер менен үлкен болатын. Солардың куәліктерімен барып өткізетінмін. Содан соң ортақ ақшаға қалағанымызша «тауарымызды» емін-еркін алып тұрдық. «Барыга»-ны табу өте қиын, екіншіден, олар да танымайтын сенімсіз адаммен байланысатын ақымақ емес. Тығырыққа тірелетін заман ба, Telegram-ға кірсең, ол жерде сауда қызып жатады. Ақшаңды жібересің, сосын солар айтқан «закладка»-ны тауып, тапсырысыңды алып жөніңе тартасың. Маған арқа сүйеп алған «әріптестерім» осылайша уайымсыз өмір сүріп жатты. Ақша болмаған кезде байланыссыз кетеді. Осындай ортадан айырылып қалуды үлкен бақытсыздық деп есептеген мен көршілерімнің подъезде тұрған велосипедтерін ұрлап, арзан бағаға саттым. Анам күні-түні жылайтынды шығарды. Құдайға жалбарынады. Дәрігерлерге де қаратты. Бірақ ескі әдетімді қоя алмадым. Достарымнан да қол үзгім келмеді. Оның үстіне уақытым да көп, мектептен кешкі ауысымға ауыстырылғанмын. Жападан-жалғызбын, үйге сыймаймын. Телефон шұқылаймын. Уақыт өтпейді. Енді «тұз»-ды үйге алдырып шегетін болдым. Есім ауысып мәңгіріп жатамын. Спайс шегетін серіктес достарымның бірі бір күні биік үйдің балконынан секіріп қайтыс болды. Химиялық есірткі адамға эйфория сыйлап шексіз қанат бітіріп, өзіне өзі есеп бере алмайтындай халге жеткізетінін тек естіп қана жүруші едім, енді көзім анық жетті. Және бұл сияқты есірткінің басқа түрлеріне қарағанда өте қауіпті екендігін, үзбей бір жыл шеккен адамның миын улап, түнде шошытып, көз алдына небір елестер пайда болып, үнемі үрейлі дауыстар маза бермейтінін, содан адам шаршап стреске түсіп, ақырында суицидке баратынын түсіндім. Ендігі жерде мен де ұзаққа бармайтынымды аңғардым. Есірткіден бас тартпасам, көп достарымдай табытта жататынымды елестетіп, қорықтым. Сөйтіп анам екеуміз осы реабилитациялық орталыққа келіп емделуді жөн көрдік. Мұнда жатқаныма төртінші айға ұласты. Өзімді жақсы сезінемін, – деп қайырды әңгімесін.

Иә. Жас ұрпақ тәрбиесі туралы үнемі толғанып жүретін, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың мына бір сөзі де оқырманға ой салары анық.

– Әдетте дәрігерлер мен психолог мамандардың «өтпелі кезең» (переходной возраст), «қауіпті жас» (опасный возраст) дейтіндері жасөспірімдердің он екіге толып – мүшелге кіретін, он үшке толып – мүшелден шығатын мерзіміне тура келеді. Бұл жастағылардың көпшілігі өзінікін мақұл көретін, өзімшіл, әр нәрсеге еліктегіш, жақсы мен жаманның, адал мен арамның ара-жігін ажыратпай, тентектігін – ерлікке, есерлігін – өжеттікке балап, олай да, бұлай да шайқалатын өліара тұсы екенін өмірдің өзі көрсетіп жүр. Қазіргі өрімдей балалардың есірткіге әуестенуі, ұрлыққа бейімделуі, қаңғыбастыққа салынуы секілді тұрпайы өрескел әдеттердің көбейіп кеткені жасырын емес. Әрине, кез келген ата-ана баласының қисық жолға түскенін қаламайды. Кім баласын жаман болсын дейді, бала тұрмақ, «итің жаман» десе, ауыр тиеді. Әйт се де, ата-бабалар – «мүшелжас», мамандар «өтпелі кезең», «қауіпті жас» деп атаған кезеңде ата-ананың балаға өте сақтықпен қадағалайтын қырағылығы, ақылмен тәрбие сіңіретін парасаты, мейірім мен сенімге құрылған қарым-қатынасы болса, талай қателіктерден аман өтері анық.

Бауыржан Сегізбаев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button