Басты ақпарат

Әдеби тілді қалыптастырған

Заман ілгері жылжып, уақыт өткен сайын елі үшін еңбек етіп, ұлт мүддесі үшін жанын пида еткен ұлыларымыздың заңғар тұлғасы асқақтай түспек. Уақыттың ағымында қаншама ұрпақ алмасып, жаңа дүние атаулының бәрі де ескіріп жатса да, ұлттық рухтың ұлы тінін сақтаушы, қорушы жандардың бейнесі сол ұлтпен бірге жасай бермекші. Бұл айтылған сөздер халқымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына тікелей қатысты.

[smartslider3 slider=3229]

«Тіл – ұлттың жаны» екендігін ерте ұғынған ұлағатты ұстаз ұлы даланы мекен етуші қазақ елінің тіл жағдайын көп күйттеді. Оны сақтаудың, жаңа заман жағдайында дамытудың қамын жасады. Осы жолда көп жыл бойы жемісті еңбек етті.

Ұлт ұстазының қазақ тіл білімін дамыту жолында жасаған дүниесі ұшан-теңіз. Біз осы мақаламызда солардың үшеуін ғана атағалы отырмыз. Ахаң, ең алдымен, жазудың адам мен қоғам өміріндегі ең зор қажеттілікті қамтамасыз ете алатын құрал ретіндегі рөлін терең ұғынды. Ол: «біздің заманымыз – жазу заманы. Жазумен сөйлеу – ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлеуге болмайды. Жазумен дүниенің бұ шетінен екінші шетіндегі адаммен сөйлесе аласың» деп жазды. Бір ұлтқа ортақ бір жазу қажет еді. Ол осы мұқтаждықты өтеді. Ғалым өзінің «Тіл-құрал» атты оқулығында: «әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше, әуелі өз тілімізбен оқытып, содан соң басқаша оқыту тиіс» дейді.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының сан ғасыр бойы туған даламызда қолданым тауып келген дәстүрлі араб жазуына реформа жасағандығы, оны қазақ тіліне бейімдегені, сол арқылы ұлтымыздың араб графикалы төл жазуы жасалғаны баршаға аян. Оқу-білім ең алдымен осы әліпбиден, әріп таңбаларын үйренуден басталады. Осыны жақсы ұғынған Ахаң өзінің «Оқу құрал», «Тіл-құрал», «Сауаташқыш», «Баяншы», «Әліппе астары», «Жаңа әліпби» атты еңбектерінде бұл мәселені жүйелі түрде негіздеп, жылдар бойы қазақы оқырманға сауат ашу жолын, дұрыс жазуды, дұрыс сөйлеп, дұрыс оқуды ұңғылықты тілмен үйретіп, түсіндіріп, оқытумен тынбайды. Өзі реформалаған араб графикалы қазақ жазуын жас республиканың мәдени өмір қажетіне толыққанды пайдаланудың маңызын жақсы білген Ахаң 1922 жылдан, академиялық орталықты басқарған кезінен бастап, үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 1924 жылы Орынборда болып өткен қырғыз-қазақ білімпаздарының тұңғыш құрылтайында әліпби жан-жақты талданып, талқыланып, ресми түрде қабылданады.

Сонымен, А.Байтұрсынұлы араб графикалы қазақ жазуын (әліпбиін) жасады. Оны кітап түрінде бастырып шығарды, «Қазақ» газеті арқылы таратып, қалың бұқараның игеруіне мүмкіндік тудырды, оқу үдерісіне қосты. Ғылыми ортада «Байтұрсынов әліпбиі» атанған бұл үлгі еш кемшіліксіз жазу ретінде жоғары баға алды. Бұл жазу қазақ ұлтын ұйыстыратын, таза қазақ тілінде ақпар таратуға мүмкіндік тудыратын бірден-бір құрал болды.

А.Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі ғылымының, қазақ әдебиеттану ғылымының, бұлардан да басқа ұлттық тіліміздегі бірқатар қоғамдық, әлеуметтану ғылымдарының негізін қалағаны туралы дәлелді ғылыми зерттемелер баршылық. Ал осы ғылым салаларының бәрінің де асыл негізі ғылыми тілде жатыр. Шындығында, қай ғылымның саласы бойынша да зерттеу жүргізу үшін ең алдымен сол саланың қалыптасқан ғылыми тілі болуы керек.

Демек, екіншіден, кез келген ғылым саласының дамуындағы ең басты, маңызды кезеңнің бірі – ғылыми метатіл қалыптастыру. Әр ғылым саласының өз тілқолданым, сөзсаптам ерекшелігі, өзіндік ғылыми аппараты, өзіне тән терминдер жүйесі, осының бәрін жинақтап айтқанда, өз метатілі болады. Метатіл қалыптаспай, ғылым дамымайды. Қарап отырсақ, қазіргі қазақ тілтанымының қаңқасын құрайтын, оның пәндік сипатын, сыртқы тұрпаты мен ішкі мазмұнын айқындайтын, құрылымдық және жүйелік ерекшелігін айшықтайтын ой-пікір, тұжырымдардың көпшілігі А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады. Қазақ балаларының өз ана тілінде сауат ашуын, одан әрі де оқуын ана тілінде жалғастыруын қамтамасыз етуді ойлаған ұлт ұстазының сонау 1912 жылы жарық көрген «Оқу құрал» (қазақша әліппе) және 1914 жылғы «Тіл-құрал» оқулығы қазақтың таза ғылыми тілінде жазылған оқулықтар мен оқу құралдарының басы болды. Ғалымның «Оқу құрал» атты еңбегі 1912-1925 жылдар аралығында 9 рет қайта басылып, қазақ қоғамында ұзақ қолданыста болады. А.Байтұрсынұлының үш кітаптан тұратын «Тіл-құралы» қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымы мен жүйесін жан-жақты талдап береді. Зерттеуші ғалымдардың жазуы бойынша «Тіл-құралдың» фонетикаға арналған І бөлімі алғаш рет 1914 жылы жарық көріп, 1927 жылға дейін 7 рет басылып шығады. Кітаптың «морфологияға» арналып 1914 жылы баспадан шыққан ІІ бөлімі 1927 жылға дейін 8 рет басылып шығады. «Синтаксиске» арналған ІІІ бөлімі де 1923 жылы жарыққа шығып, 1928 жылға дейін 6 рет қайтадан басылады. Қазақ тілтаным ғылымының өзегін құрап отырған терминдер құрамын А.Байтұрсынұлы «пән сөздері» деп атаған. Ғалымның қаламынан шыққан терминдер қазақ тіл білімінде бүгінге дейін белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл – олардың өміршеңдігінің дәлелі.

Зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, одағай тәрізді сөз таптарының атаулары, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш сияқты сөйлем мүшелерінің аттары ғалымның туған тіл табиғатын қаншалықты терең білетіндігінен хабар береді. Бұлардан басқа да рай, қосымша, жалғау, жұрнақ, түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, қатаң дыбыс, ұяң дыбыс, буын, шумақ, тармақ, дәйекші, жіңішкелік белгісі, әріп, жақша, нүкте тәрізді қазіргі қазақ тілінде ең белсенді түрде қолданылатын терминдерді А.Байтұрсынұлы жасаған. Терминдерді жасаумен шектелмей, терминжасамның әдіс-тәсілдері мен жолдарын, басты ұстанымдарын айқындап берген. А.Байтұрсынұлы қазақ тіл біліміне өлшеусіз, зор еңбек сіңірді. Бір адамның бір ғылым саласы үшін жасаған ісіне, осыншама мол, сапалы, кемел дүниелерді тудырғанына қайран қаласыз! Бұл туралы ғалымның метатілін, терминжасам мәселелерін арнайы зерттеген Ш.Құрманбайұлы, Ш.Жалмаханов еңбектерінде кеңінен сөз болады. Сондай-ақ Ж.Смағұлов, Ш.Жалмаханов еңбектерінен А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану терминдерінің негізін қалаған тұлға екендігіне көзіміз анық жетеді.

Үшінші кезекте сөз болатын мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы мен ол басқарып, Ә.Бөкейханұлы және М.Дулатовпен бірлесе отырып шығарып тұрған «Қазақ» газетінің қазақ жазба әдеби тілін қалыптандыруға қосқан үлесі туралы. Ахаңның газетті ұйымдастыруға, оның барлық жауапкершілігін мойнына алып, тоқтатпай шығарып тұруға қосқан ерен еңбегі жайында заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын» деген еді. Жаңаша, таза қазақы бағыт ұстанатын газетті шығару оңай іс болмады. Ол туралы Ахаң: «қазақша газет шығару – қиын жұмыстың біреуі. Қиын екендігін «Қазақ» газеті шыққаннан кейін біліп отырмыз. Заман тар, жер жолсыз, қалып тәртіпсіз, іс құралсыз, халық аңсыз» деген-ді. А.Байтұрсынұлының «Қазақ» газетіндегі орны, газеттің сол кезеңдегі, жаңа замандағы жаңа жазба әдеби тілдің қалыптанып, нормаласуына, дамуына қосқан үлесі туралы зерттеушілер аз жазған жоқ. Олардың айтуы бойынша Ахаңның жаңа әліпбиі, жекелеген қаріптердің графикалық жазылу заңдылықтары, орфографиялық және пунктуациялық қағидаларды қамтыған емле ережелері газеттің қызметі барысында кеңінен талқыланып, практикалық қолданым тәжірибесінен, қалың бұқаралық сынақ тезінен өтіп, қалыптанды. Газет сол кезеңде өз шығармашылығын бастаған талай-талай жас ақын-жазушылардың таза ана тілінде жазып, кәсіби тұрғыдан өсіп, шыңдалуы жолында өлшеусіз зор үлес қосты. Демек, таза қазақ тілінде, жаңаша қазақ жазуымен шығып тұрған «Қазақ» газеті өзінің тұла бойында тілтанымдық ғылыми ұстанымдарын орнықтыру негізінде, жаңаша әдеби сөзсаптам, көсемсөз нормаларын қалыптандыру негізінде жаңа кезеңдегі жазба әдеби тіл нормаларының қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Ахаңдай ұлы тұлғаның бар зияткерлік күш-қуаты «Қазақ» газетінің тілінде өз өрнегін тапты. Ұлттың ұлы мүддесі жолында жалқы жалпыға айналды.

Шағын зерттеме негізінде біздің көзіміз бір нәрсеге толық жетіп отыр. Біріншіден, ұлттық әліпби жазба әдеби тілдің ең басты белгісі, көрсеткіші екені анық. Екіншіден, Ахаң тіл білімінен бастап, өзі негізін қалаған ғылым салаларының метатілін жасап, қалыптандырып отыр. Үшіншіден, тұңғыш жалпықазақтық газет шығарып, қазақ жазба әдеби тілінің бір ізге салынуына жағдай жасап отыр. Жазба әдеби тілге байланысты осы үш тұғырлы негізге сүйене отырып, қорыта келгенде, Ахмет Байтұрсынұлын араб графикалы қазақ әліпбиін жасаған, осы әліпбиді пайдалана отырып, қазақ баласына арналған оқу құралдарын, оқулықтарды жазған, қазақ тіл білімінің метатілін жасаған, қазақ тіліндегі бірқатар қоғамдық, әлеуметтанушылық ғылым салаларының негізін қалаған, халқымыздың рухани, мәдени қажетін өтеу үшін тұңғыш жалпықазақтық «Қазақ» газетін бастырып шығарған, ол газет беттерінде қазақ әліпбиінің, емлесінің, жалпы қазақ тілі мен әдебиетінің көкейтесті мәселелерін тұрақты түрде насихаттап отырған, газет беттерінде сол кезеңдегі Бейімбет Майлин секілді талай жас, балаң ақын-жазушылардың, журналистердің тұтас ұрпағын тәрбиелеп шығарған, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қанаты қатайып, бекуіне, қалыптануына жағдай жасаған тұлға ретінде танимыз.

 Мырзаберген МАЛБАҚҰЛЫ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button