Басты ақпарат

ӘДЕБИЕТ ТӨРІНДЕГІ ТӨЛЕН ӘБДІКҰЛЫ

Кеше күздің қара суығына қарамастан, Астана аспанына кеш көктемнің жылымығы кептелгендей сезілді. Бір қарағанға атауы суықтау көрінер Конгресс-холл ішіндегі жылулық қуат көздерін – жан шуағын есептеу тіптен мүмкін еместей еді. Өйткені… Өйткені қабырғалы қазақ руханиятының әрқайсысы бір залды толтырардай өңкей «ығай-сығайы» осынау ордадан табылды. Олардың барлығы шабыт шашар суреткер, талғампаз күйші, оң қаптал мен сол қапталға тегіс сыйлы санаткер тұлға Төлен Әбдікұлының шығармашылық кездесуіне жиылды.

Кеш басында көпшілік наза­ры­на жазушының «Көк терек» шы­ғар­ма­сының желі­сі­мен түсірілген деректі фильм ұсы­нылды. Бұдан кейін мерей­той иесі сахнаға шығып халықпен амандасып, өткен күндерге са­­ғы­нышпен шегініс жасап, өз қаламдас, тағдырлас достарын еске алды. Белгілі ақын Дүй­сенбек Қанатбаев, жазушы-ға­лым Ақселеу Сейдімбек, ака­демик Рымғали Нұрғали жә­не фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаевтардың есімдерін ай­рық­ша атап, көзден кетсе де кө­ңіл­ден кетпейтін тұлғаларға тағ­зым етуінен биік мәдениеттің самалы соққандай. Онымен де тү­гес­пей, мерейтөр иесі әуелгі сө­­зін­де жиналғандарды залда отырған алаш ардақтыларына, ақсақалдарына қошемет көрсе­ту­ге үндеді.

«Ұлы Абай өмір жайлы толған­ғанда елу жастың о жақ – бұ жа­ғында ғана екен. Біз жетпіске кел­дік. Шүкір, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Сол Абайша айтсақ, әрбір есті адам өзі­нің өміріне өзі есеп беріп оты­руы керек. Біздің де осы мерей­тойды өткізудегі мақсатымыз содан туындаған» деп толғанды қабырғалы қаламгер. «Біздің Әб­ді­жәміл ағамыз – өмірі бір ме­рей­тойын өткізбеген жазушы. «Мұныңыз қалай?» деп сұ­ра­ғанға «Көзі тірі адамды отыр­ғызып қойып мақтағанның несі жақсы дейсіңдер?!» дейтін. Мен де сол өз-өзімді мақтатып қойып қарап отырмайын деп, бүгінгі кешті өзім жүргізбекшімін» деп көпшілікті бір күлдіріп алды. Жалпы, кеш барысында жиналған жұрт жалыға безіп кетердей езбе әңгіме орын ала қоймады. Керісінше, сәт санап еліктірер есті сөз, әдемі әзіл, тал­ғам­ды толғамдар жиі ұшы­расып отыр­ды.

Алдымен мерейгерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау үшін сахнаға еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай көтерілді. Ыс­тық лебізді хатпен бірге ол Тө­лен Әбдікұлының иығына ша­пан жауып, Президенттің ар­найы тартуы — алтын сағат табыс етті. Сондай-ақ мерейтой ие­сіне Сенат төрағасы Қайрат Мәми­дің, Премьер-министр Серік Ахме­тов­тің, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан да құттықтаулар келіп түсті.

Жиынның ресми бөлімі тә­мам­дал­ған соң, жүргізуші сөз­ді халқымыздың қадірменді перзенті Мұхтар Шахановқа ұсын­ды. Осыдан дәлме-дәл бір жұма бұ­рын, дәл осы зал­да өзінің шы­ғар­машылық кеші­не қатыса алмаған ақын әдет­тегіше жалындата сөйледі: «Өзімнің ауру­ханада жатқаныма қарамастан, дә­рі­герлерден жарты сағатқа сұранып келіп тұрмын.

Себебі, жан досым Төленнің кешінде көрінбей қалу өзім үшін кеші­рілмес жайт болар еді» деді сал­ған жерден. Мінеки, олар – сөзде де, істе де, достықта да құндылық сақталған кезеңнің ұландары.

Мерейтой иесінің әдебиеттегі орны, орталық комитеттегі қыз­меті жөнінде көрнекті театр сын­шы­сы Әшірбек Сығай терең талдап берді…

Айт-айтпа, Төлен Әбдікұлы – төл әдебиетіміз дүрілдеген дәуірдің түлегі. Ол қанаттастар – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды абыздардың алдын көріп, солардың батасын алғандар…

Кеш барысында әдебиет ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісов те сахна төріне шықты. Өз сөзін­де ол сыншы Амангелді Кеңші­лік­­ұлының Төлен Әб­дікұлы шы­ғар­машылығы туралы жуырда бас­па­сөзде жарияланған отыз бет­тік мақаласына лайықты баға берді.

Салтанатты шара барысында автордың «Біз үшеу едік» пьесасынан үзінді сахналанды. Осы шығармадағы Дариға рөлін алғаш қойылымында сәтті сомдаған әртіс Роза Әшірбекова мерейгерге лебізін арнады. Төлен ағаның жас кездегі боз кілемдес досы Әбілсейіт Айханов, ақын Серік Тұрғынбекұлы жырдан ша­шу шашты.

Жалпы, Төлен Әбдікұлы тал­ғампаз суреткерлер санаты­нан. Ол былтыр ғана «Ардагер» атты пьеса мен «Тұғыр мен ғұмыр» хикаятын жазды. Яғни, сөз өнеріне қашанда кірпияз­дықпен қараған сүлей жетпіс деген желді шыңның етегіне үлкен табыспен әрі абыроймен жетті.

Бұл кеш жұртқа, әсіресе, нағыз демократиялық сарында өткенімен ұнаған шығар. Ақсақалдар нағыз ақсақалдық, зиялылар нағыз зиялылық сөзін айтқандай көрінді. Жиынжабар тол­ғамында Төлен Әбдікұлы қазіргі қазақ орта­сын­да кесектік кемшін тартып тұрғанына қын­жы­лыс білдірді: «Ашық айтудан, батыл айтудан сескенбеуіміз керек. Ой батыл айтылған қоғамда ғана өркениетті даму байқалады».

Хамит ЕСАМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button