ЖаңалықтарРуханиятТағзым

Әдебиеттану алыбы еді

Қазақ әдебиеттану ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, сыншы, ­филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Қирабаев 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев академиктің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

[smartslider3 slider=505]

Кешегі қазақ әдебиеті алыптарының көзін көріп, тәлімін алған Серік Смайылұлы өзі де ұлттық әдебиеттанудың ірі тұлғасына айналды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары ғылым көшіне ілесіп, жетпіс жылдан астам уақыт алға сүйреді. Соңғы күндеріне дейін қаламын қолынан түсірмей, соңында мол мұра, іргелі еңбектерді қалдырды.
Ғылыммен айналыса жүріп, мерзімді баспасөздің өрлеуіне атсалысты. Бірнеше газет-журналға басшылық етті. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. «Пионер» журналында редактор, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі болды.
1958 жылдан бастап 30 жыл бойы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында еңбектенді. «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Оқытушылықты ғылыммен ұштастырып, көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Осы күндері солардың арасынан шыққан академиктер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары аз емес.
Серік Қирабаевтың қазақ әде­биетінің өзекті мәселелеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Содан бергі уақытта 800-ден астам әдеби сын, ғылыми мақалалар мен еңбектерді жазды. Спандияр Көбеевтің шығармашылығы жайында кандидаттық диссертация қорғады. «Сәкен Сейфуллин» монографиясын жазып, ғылым докторы атанды.
1988 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып тағайындалды. Сол жылы құрылған Алаш арыстарын ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы есімдері мен олардың еңбектерінің ортамызға оралуына сүбелі үлесін қосты.
Серік Смайылұлы «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабы үшін Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметов, Жұмағали Ысмағұлов, Мекемтас Мырзахметов, Мұхтар Құл-Мұхаммедпен бірігіп жазған ұлы Абайдың шығармашылық мұрасына арналған еңбек үшін Мемлекеттік сыйлықты иеленді.
Көрнекті ғалым білім мәселелеріне де сергек қарады. 1952 жылдан бастап орта мектепке арналған оқулықтарды жазумен шұғылданды. Серік Қирабаев жазған «Қазақ әдебиеті» оқулығымен бірнеше ұрпақ оқыды. Әдебиеттанушы көп жылдар бойы Білім министрлігі жанындағы оқу-әдістемелік кеңесінің әдебиет секциясының төрағасы ретінде орта және жоғары мектепке арналған оқулықтар мен бағдарламаларды жаңғырту, жетілдіру ісіне басшылық жасады. Осы еңбектері үшін Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.
Ұлт білімі мен ғылымының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып, әдебиеттанудың алыбына айналды. Өмірінің соңғы жылдары елордада тұрған  Серік Смайылұлының жарқын бейнесі жадымыздан ешқашан өшпейді. Марқұмның отбасы мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқап, жаны жәннаттың төрінен орын алсын.
 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі,

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button