Мәдениет

ӘДЕМІ ӘЗІЛ ӘЛЕМІ

IMG_9492

Конгресс-холл көрерменге лық толы. Бәрі де бір қызықтың боларын күтіп отыр. Сахнаның ар жағынан дауыс естілді: «Құрметті көрермендер, ұялы телефондарыңызды дыбыссыз режимге қоюды сұраймыз. Біз концертімізді бастаймыз. Бастаймыз… Бастаймыз… Қазір, бастаймыз. Міне, бастаймыз. Бастайық па?». «Иә, бастайық» деп көрермендер әлдеқайдан шыққан дауыс­пен сөйлесіп те қояды, жүздері жайдары, алақандарын аямай соғып, шапалақтап жатыр. Осылайша зор қошеметпен сахнаға халықтың сүйіктісі Тұрсынбек Қабатов шығып, Астана қаласы көңілді тапқырлар театрының «Әзіл әлемі» атты шоу концерті басталды.

 

«Билеттеріңізде «эстрада жұлдыздарының қатысуымен» деп жазылған. Уәде еткеніміздей, эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, бірақ бұл кештің басты жаңалығы – театрымыздың ак­терлері кәсіби бишілермен жұптасып билейді, ал бидің жеңімпазын сіздер анықтайсыздар» деп, Тұрсынбек жиналған көпшілікті «шапалақ метр» өлшеу құралымен таныстырды. Экранда бейнеленген ол өлшеуіш көрермен шапалағын 50 мен 100 ұпай арасында тіркейді екен. Театр әртістері – Қайрат Әділгерейұлы, Қанат Әлжап­паров, Бақытжан Қасымов, Ерболат Төлегенов, Аманғали Сыпабеков «Наз» мемлекеттік би театры мен Кабаре шоу «Viva» бишілерімен сахнаға шығып, биге деген икемдерін де байқатты. Алайда, Қанат Әлжаппаровты билету оңайға соқпапты. Оның дайындығын арнайы түсірілген видеороликтен көрген жұрт ішін тартып күлді, десе де, биіне әбден риза болған олар қазылық етерде шапалақтарын аямады. Айтқандай-ақ, эстрада жұлдыздары да сахнаның сәнін келтіріп, әуелете ән шырқады. IMG_9556Бауыржан Исаев әнін орындап болған соң, Тұрсынбек «сені мықты вокалист дейді ғой, бәрімізді таңғалдырып, ән орындашы» деп қолқа салды. «Көптеген әншілер фонограммамен айтады» деген ой әбден санамызға сіңіп кеткені жасырын емес. Бауыржанның еш музыканың сүйемелдеуінсіз шығатын дауысын естуге құмар болдық. Ол екі ойланбастан, атақты «O sole Mio» әнін кең дауыспен орындаған кезде талантына тамсана отырып, әнді ұйып тыңдадық. Сондай-ақ, Тамара Асар, Мейрамбек Бесбаев, «Каспий» тобы, Асылбек Еңсепов өнерлерімен халықты тәнті етіп, баршаны алдағы Тәуелсіздік мейрамымен құттықтап, ақ тілектерін айтты. Аудиториямен байланыс та қалыс қалмады. Әже бейнесіндегі Ерболат Төлегенов залдан үш жігітті шығарып, «Пенсия кімге бұйырады?» деген бағдарлама жүргізді. Барлық сұраққа жауап берген кенже бала әженің қолынан 4000 теңге алып, бір байып қалған жайы бар.

«Шапалақ метр» көрсеткен нәтиже бойынша үшінші орыннан Бақытжан Қасымов пен Қанат Әлжаппаров, ал екінші орын тұғырынан Ерболат Төлегенов көрінді. Бәрінен оза шауып, Аманғали Сыпабеков 98 ұпаймен алға шықты. Енді олар наурызға жоспарланған «Әзіл әлемінің» кезекті концертінде финалда бірінші орын үшін бақ сынасатын болады. Тұрсынбек жеңімпазды арнайы сыйлық күтетіндігін айтып, үлкен қызықтың шетін шығарып, халықты еліктіріп қойды.

«Әзіл әлемінің» әзілдері әдеттегідей өте өтімді, қызық, күлкілі болды. Ең бастысы, астарында үлкен мағына сайрап жатыр. Әр қалжыңның айтар ойы, арқалар жүгі әжептәуір. Абай айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» тақырыбы, қоғамдағы түрлі жайттар, өмірдегі небір қызықтар кеңінен қозғалды. Театрдың тілі тәтті, мағынасы уытты сатирасы халыққа түрлі ой салмауы мүмкін емес. Әдейі бақыладым. Сахнада мысал етіп көрсетілген әр образға біреулері күлсе, біреулері «иә, рас қой, солай ғой» деп мақұлдап, енді біреулері үндемей ғана ойға шомып отырды. Яғни, бұл арсыз күлкі емес, күлуін күліп алып, артынан ойландырып тастайтын мағыналы күлкі болса керек. Тіпті, «Базар жоқ» деген атау «Әзіл әлемі» болып өзгерсе де, бұл театр өз кө­рермендерін көбейтпесе, жоғалтпағаны анық.

Мәдина ЖАҚЫП

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button