Оқырманнан он сұрақ

Әдемі көрінудің – өзі өнер

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО Халық әртісі

– Әйел қауымы сіздің ажарыңызға қызыға қарайды. Қалай күтінеді деп білуге ынтық. Сырын білгіміз келеді…
Нұрлыбол, зейнеткер
– Ешқандай құпиясы жоқ. Біріншіден, жаратылыстың сыйы. Сонымен қатар, әр адамның ішкі жаны таза болу керек. Біреуге қиянат ойлап, менікі ғана дұрыс деу – қате. Екіншіден, әдемі болып көріну – өнер. Өнерге баулу арқылы ғана адам оны өз бойына дарыта алады. Әдемі болу үшін, бар болғаны, еріншектікке жол бермеу керек. Жасына қарамастан, әйел адам әдемі болып жүруі тиіс. Мен таңертең бетімді салқын және ыстық сумен шаямын. Сапалы кремдер жағамын. Бар болғаны осы. Өзіңізге айналадағы жандар жағымды әсер қалдыру үшін әдемі болып жүру маңызды. Жақсы көңіл-күйдің кілті әдемі болып жүруде деп білемін.

– Әнші. Ұстаз. Әже. Осы үшеуінің қай­сы­сы жаныңызға жақын?
Айгүл, журналист
– Әрине, мұның бәрі мен үшін жоғары тұрады. Өйткені қайсысы болсын жаныма жақын. Егер де шынайы кейпіңмен халыққа ұнамасаң, сен он жерден әнші болсаң да сені тыңдамайды, керек те қылмайды. Халық айтса, қалт айтпайды. Халыққа ұнау үшін, әуезді әніммен құлақтан кіріп бойды алу үшін көп еңбек еттім. Одан кейін көрген-білгенімді шәкірт­теріме үйреттім. Дәл қазіргі уақытта әженің орны тіптен ерекше екен. Өйткені немере, шөберелеріңнің қасында жүрудің өзі бақыт!

– «Тақиялы періште» фильмін­дегі «Мама» деген әнді сіз айтпаған екенсіз. Елдің көпшілігі сіз орындайды деп ойлайды. Неліктен бұлай болды екен?
Әлия БЕГДЕРБЕКОВА, социолог
– Режиссердің шешімі солай болды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Мен қыздың рөлін ойнадым. Әнді өнер әлемінде өзіндік өрнегімен орын алған қазақ әншісі Бақыт Әшімова орындады.

– Халқымыз сізді қазақтың сұлу қыздарының бірі деп біледі. Өзіңіз замандастарыңыз, сіңлілеріңіз арасында кімді сұлу деп ойлайсыз, мойындайсыз?
Әспет, мұғалім
– Қазақ қыздарының бәрі әдемі. Туа біткен сұлулық бар, оны қолдан жасайтындар бар. Біреулер дене бітімі мен бет-әлпетінің мінсіздігін ғана сұлулық деп ойлайды, ол дұрыс емес. Әйелдің жан дүниесі мен сыртқы келбеті үйлессе, екеуі де сұлу болса, қандай тамаша! Ішкі жан дүние – мінез-құлық. Сондай әдепті, білімді, кішіпейіл, қайырымды, оған қоса талант болса, сұлулығы айқындалып, даралана түседі. Бірақ адам пенде ғой. Бәрі бірдей бір әйелдің бойынан табыла бермейді. Біздің қазақта небір сұлулар болған. Қазіргі әншілерден Нұржамал Үсенбаеваны айтар едім. Оның дауысы, сахнада өзін ұстауы, сабырлылығы – бәрі әдемі.

– Сіздің орындауыңыздағы әндерді тыңдау ғажайып ләззатқа бөлейді. «Гауһартас» әнін орындауыңыз, тіпті, ерекше. Айтыңызшы, қазір осы әнді орындап жүргендерге көңіліңіз тола ма?
Толғанай, психолог
– Ешқайсысына көңілім толмайды. Әсіресе, кәсіби әншілердің орындауына қарным ашады. Олар әннің мінездемесін, мәнерін бұзып айтады. Кез келген әннен қазақы иіс аңқып тұру керек емес пе? Әндегі әрбір сөзді терең түсініп, тыңдарманға тәптіштеп жеткізу керек. Яғни, тыңдарман ол әнді көкірегіне құйып алу керек. Қазір көп әншілер өз дауысына өзі елігіп, сөздің астарын түсінбейді. Түсінсе де соны жұртқа жеткізіп айта алмайды. Бізде небір мықты орындаушылар бар. Бірақ кейінгі әншілерден байқап жүрмін, әнді бұзып, ырғағын өзгертіп жібереді. Әнді өзінің бастапқы күйінен өзгертуге болмайды. Өйткені ол автордың жан дүниесінен шыққан нәрсе ғой.

– Бибігүл апа, сәлеметсіз бе? Сізге қояр сұрағым: Жас кезіңізде сізге сезімін біл­­­дір­­ген ер-азаматтар аз бол­ма­ған шығар?
Аяулым, студент
– Әрине, көп болды. Бірақ мен оларға мән берген жоқ­пын.

– Кезінде «Халық жауының» қызы атанғаныңыз қаншалықты қиын соқты? Бұл сіздің өнеріңізге, өміріңізге зиянын тигізген жоқ па?
Ернар, филолог
– Әкемнің келбеті әлі күнге дейін көз алдымда. Ол ата-анасынан ерте айырылып, жетім өскен еді. Менің өзім одан жеті жасымда қалдым. Әкем Ахмет 1937 жылы «халық жауы» атанып, жазықсыз жаланың құрбаны болды. Анық-қанығына жетпей атылып кетті. «Халық жауының» баласынан қоғам да, туыстар да сырт айналды. Қиналғанда арқа сүйер әкенің болмауы жанымызға қатты батты. Үйден береке қашты. Көңілімізден мұң арылмай, бой жеттік. Қайда барсақ та, шеттету, кемсіту көрдік. Әкемнің «халық жауы» атануы менің өнеріме кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Бірақ мен «халық жауының» қызы екенімді ешқашан жасырған емеспін. Әкем 1960 жылы ақталды. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ мені шетелге шығармай қойды. Өнерімді мойындап, шетелге жіберуге лайық көрген Мәдениет министрлігінің ұсынысын кері қайтарып тастайтын. Әділетсіздіктен қамығумен жүрдім. Әділеттің ақ таңын бір адам сағына күтсе, сол мен шығармын.

– Сексеннің сеңгіріне шыққан әженің не арманы бар екен?
Шахназ, банк қызметкері
– Армансыз адам болмайды. Бірақ, шүкір, армандарымның көбісі орындалды. Жаратқан маған талант, бақытты өмір берді. Балаларым, немерелерім, шөберелерім бар. Өнер адамын шексіз бақытты ететін елдің пейілі ғой. Елімнің таза пейілі бар. Бақытты әйелмін.

– 8 наурыз – Халықаралық әйел­дер күніне орай аста­на­лық арулар­ға айтар тіле­гіңіз…
Ботагөз, оқырман
– Барша қазақ аруларына, сің­лілеріме бақыт тілеймін. Қиын­дық­тар­ға мойымай, ар­ман­­дары­ңызға жетіңдер, ай­на­лайын­дар!

– «Біздің сүйікті дәрігер» филь­мінде ойнағанда неше жаста еді­ңіз?
Раушан, қатегер
– Бұл музыкалық комедия – қазақ киноларының қорындағы құнды шығармалардың бірі. Фильмдегі әсем әндер, сәтті әзілдер жаныңды жадыратады. Осы кино арқылы қазақ өнерінің жұлдыздары жаңа қырынан танылды десем, артық айтпаймын. Мен ол кезде 27 жаста едім.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button