Басты ақпарат

Әділ сайлау – әділетті қоғам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында баса айтылған әрі жұрт жылы қабылдаған түйіндердің бірі – сайлау жүйесін жетілдіру мен партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері. Әрине, «Жаңа Қазақстан» құрудың бастамасы да осы екі түйіннен басталу керек. Өйткені бұл – елдің билік жүйесінде реформа жасаудың негізгі қозғалтқышы. Билік жүйесінде үлкен өзгеріс болмай, сайлау жүйесі жаңармай, халықтың бұрынғы жүйеден қалған көңілін қайта табу мүмкін емес.

[smartslider3 slider=2651]

Елімізде бұған дейін бірнеше рет Парламент, Президент сайлауы өтті. Бірақ соның бәрі қай деңгейде өтті? Халық разы болатындай, жұрттың билікті бар ынтасымен қолдауға негіз болатындай деңгейде өтті ме? Мәселе осында. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау жүйесіне өзгеріс енгізу – халық пен биліктің арасын жақындастыратын маңызды түйін. Еліміз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшті. 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берудің бастамасы болды. Алайда оның да өзіндік кемшіліктері болды. Мәселен, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына болған сеніміне селкеу түсті. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Міне, осы мәселені ескерген Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын» жеткізді. Сонымен қатар партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейтінін де атап өтті. Жолдаудағы сайлауға байланысты осы бір жарқын түйіндерді жұрт қалай қабылдады? Бұл жөнінде қоғам қайраткерлері, белсенділері не дейді? Тақырыпты тарқатып көрейік.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор:

Билік жүйесіндегі үлкен реформа

– Биылғы Жолдауда еліміздің билік жүйесіне қатысты біраз саяси реформалар айтылды. Соның ішінде мына мәселелер менің назарымды айрықша бұрды. Бірінші – Парламентті жасақтау мәселесі. Бұл – мен бұрыннан бері көтеріп келе жатқан мәселенің бірі. Мәселен, 2018 жылы сайлау туралы заңға өзгеріс енгізген кезде аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарды партиялық жолмен сайлау тізіміне өзгертіп жіберді. Сол кезде біз мұны бір мандаттық округпен қалдырайық деген талапты айтқанбыз. Өйткені партиялық жолмен сайланған депутаттар халыққа емес, партияға байланады да, халық пен биліктің арасы алшақ­тап қалды. Кешегі Жолдауда Президент сайлаудың жүйесін өзгертті. Мәжілістің 70 пайызы партия­дан, 30 пайызы мандаттық округтардан сайланатын болды. Ал жергілікті, яғни аудандық, қалалық мәслихат депутаттары бір мандаттық округтардан сайланады. Бұл – өте дұрыс шешім.

Президенттің партиядан тыс болуы, яғни жетекші партияға басшылық етпеуі – өте маңызды мәселе. Көптеген озық, дамыған мемлекеттерде Президент партияға тәуелді болмайды. Демек, біздің Президентіміздің осы жолды таңдауы елімізде бір партияның билікті монополиялап алатын жағдайды өзгертеді.

Президенттің өзінің көптеген құзыретінен бас тарта бастауы да билік жүйесіндегі үлкен реформаның бірі деп білемін

Екіншіден, Президенттің партиядан тыс болуы, яғни жетекші партияға басшылық етпеуі – өте маңызды мәселе. Көптеген озық, дамыған мемлекеттерде Президент партияға тәуелді болмайды. Демек, біздің Президентіміздің осы жолды таңдауы елімізде бір партияның билікті монополиялап алатын жағдайды өзгертеді. Бұл біздің үлкен жетістігіміз деп есептеймін. Мәселен, бұрынғы Nur Otan – қазіргі Amanat партиясының орталықтан бастап, аудан, қалаларға дейін бөлімшелері бар, оның бәріне сол аудан, қала, облыс әкімдері төраға. Міне, бұл – партияның монополиялап алғандығының нақты көрінісі. Бұл, шын мәнінде, ақылға сыйымсыз нәрсе.

Үшіншіден, Президенттің өзінің көптеген құзыретінен бас тарта бастауы да билік жүйесіндегі үлкен реформаның бірі деп білемін. Бұрын аудан әкімдерін жұмыстан босатуға дейін Президент араласатын. Ол осының бәрінен заңды түрде бас тартып, Парламентті күшейтуге күш сала бастауы жігерімізге жебеу беріп, келешегімізге сенімімізді күшейтті.

Төртіншіден, Конституция­лық сот біздің елде бұрын болған, кейін оны біз Конституциялық кеңес деп құрдық. Ал көптеген дамыған елдерде Конституциялық сот бар. Осы жағдайды ескерген Президент осы реткі Жолдауында сол Конс­титуциялық сотты қалпына келтіру мәселесін көтерді. Бұл да өте дұрыс шешім.

Бесіншіден, бұрын Сенатқа байланысты «Сенаттың қажеті жоқ, бір палаталы Парламент болуы керек» деген әртүрлі пікірлер айтылып келген, кешегі Жолдауда бұл мәселе де ескерілді, яғни Сенат депутаттарының санын қысқартты. Бұрын Президент өзінің Жарлығымен 15 сенаторды тағайындайтын болса, қазір оның санын 5-ке қысқартты. Бұл барлық билікті Президент шеңгелдеп алудың тиімсіздігін ескере отырып, парламенттік билікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам деп ойлаймын.

Жолдау дегеніміз – стратегиялық құжат, сондықтан онда айтылған нәрселер бүгін айтылып, ертең жүзеге аса қоймайды, өйткені осы Жолдауға байланысты кейбір заңдарға өзгерістер енгізуге тура келеді. Сондықтан Жолдаудың толық жүзеге асуы белгілі бір уақытты қажет етеді. Қазақ «асықсаң, жақсылыққа асық» дейді, біз де осы Жолдауда айтылған мәселелердің тезірек жүзеге асуына тілеулеспіз.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, «Мұқалмас» республи- калық қоғамдық  бірлестігінің төрағасы:

Бұл – халықтың жеңісі

– Бұл реткі Жолдауда қоғамда қордаланған өзекті мәселелер айтылды. Ол әбден пісіп-жетілген мәселелер еді. Демек, Президенттің халық көңіл бөліп отырған мәселелерді Жолдауда қамтуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген идеяға дөп келді. Сондықтан билік халықты тыңдады деп осы жолы айтуға болады.

Біздің Ата заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп анық жазылған. 2019 жылы қоғам белсенділері «сайлау туралы заңға өзгеріс енгізу керек» деп бүкілхалықтық референдум туралы бастама көтергенбіз. Сол бастамада біз екі мәселені халықтың дауыс беріп талқылау мәселесін қарастырған едік. Оның бірі – «Саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс енгізу. Ол кезде саяси партияларды тіркеу үшін 40 мың адам мүше болуы керек еді. Біз «бұл өте көп, мың адам болса да болады» деген талап қойдық. Мәселен, көрші Ресейде 500 адам болса жеткілікті. Кейбір елде 3 адам мүше болса, бір партияны тіркеуге болады. Кейін бұл сан 20 мыңға азайған еді, қазір 5000 адамға дейін төмендеді. Меніңше, бұл да біздің қоғамның жетістігі, жеңісіміз деп ойлаймын. Ал екінші ұсынысымыз болса сайлауға қатысатын партиялардың өту шегіне байланысты болды. Ол кезде саяси партиялар сайлаушылардың кемінде 7 пайызының дауысын жинай алса ғана әрі қарай Парламентке өте алатын. Біз осыны бір пайызға дейін төмендету немесе бұл шартты алып тастау керек деп талап еттік. Шетелде де мұндай норма бар, бірақ сайлау туралы заңы кемелді, демократиясы әбден орныққан елдерге болатын шығар, біздегі жүйеде «пәлен пайыз дауыс жина» деу тек қана бір партияның монополиялануына алып келетін жасанды кедергі еді. Сондықтан да біз осыны бір пайызға төмендету, болмаса алып тастау керек екенін айттық. Бірақ билік біздің бұл референдум туралы бастамамызды қолдамады.

Сонымен қатар бір партияның монополиясына, белгілі бір топтардың үстемдігіне жол беруге болмайды. Бұған дейінгі сайлаулардың барлығында дерлік көзбояушылық басым болды. Бұл көзбояушылықты ТМД елдерінің байқаушылары «бәрі талапқа сай өтті» деп бағалағанмен, Еуропарламенттен келген халықаралық деңгейдегі байқаушылар қай сайлау болсын халықаралық стандартқа сай өтпегендігін, адам құқықтары мен бостандықтарына шектеулер қойылғандығын айтып келді. Бұған біздің билік «кемшіліктердің болғаны рас, біз жас демократиялық елміз, біртіндеп бұл кемшіліктерді түзетеміз» деп осы күнге дейін жуып-шайып отырды.

Жолдаудағы тағы бір көтерілген мәселе – байқаушылардың құқықтары. Сайлаудың әділ, ешқандай бұрмалаусыз өтуіне ықпал ететін қозғаушы күш – байқаушылар. Байқаушылар 2019 жылы Президент сайлауында, 2021 жылғы Парламент сайлауында және ауыл әкімдерінің сайлауында өзінің үлкен күш екенін анық көрсетті. Сондықтан билік қазір байқаушылармен де есептесе бастады. Бірақ байқаушылардың құқығы бізде шектелген. Мәселен, сайлау комиссиялары бір акт жасап, байқаушыларды сайлау орындарынан шығарып жіберуге құқылы. Ол заңымыз­да көзделген. Кейде «заңды бұзды», «шу шығарды» деген секілді арандатушылық әрекет арқылы байқаушыларды сайлау өтіп жатқан орындардан шеттететін жағдай да кездеседі. Сондықтан байқаушыларды сайлау учаскелерінен шығарып жіберу деген норманы заңнан алып тастау керек деп талап етеміз.

Жалпы алғанда, Жолдауда айтылған мәселелердің барлығы нақты ережеге айналу үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, сайлау әділ өту үшін байқаушылар болсын, әлде ішкі істер органдарының қызметкерлері болсын – өзінің жұмысын жауапкершілікпен атқарып, ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілмеуі қажет. Тағы бір ескеретін мәселе – осыдан бірер ай бұрын Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ауысты. Жаңа төраға сайлаушылармен жер-жерді аралап, оның ішінде байқаушылармен, қоғам белсенділерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдап жүр. Біз Орталық сайлау комиссиясы төрағасының бұл қадамын құптаймыз. Бірақ бұл жерде ескеретін бір мәселе сайлау комиссиясының төрағасынан бастап комиссияның әрбір мүшесі ешқандай партияға мүше болмауы қажет. Бұл да ерекше ескеретін мәселе. Қысқасы, біз бұл Жолдауды «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы Президент тарапынан жасалған үлкен іргелі қадам деп білемін.

Сәдібек ТҮГЕЛ, қоғам қайраткері, журналист:

Оң өзгерістің бастамасы

– Ертеде ел анасы атанған Абыз ана «Тоғыз ұлым бір бөлек, Ертөстігім бір бөлек» деген екен. Сол айтқандай, бұл жолғы Жолдаудың бұрынғы Жолдаулардан орны мүлдем ерекше болды. Себебі бұл Жолдауда тұңғыш рет еліміздегі түбегейлі өзгерістер туралы ашық айтылды. Мен ең басты жаңалық Парламент сайлауына қатысты ұсыныстар дер едім. Сайлау демократияның ең биік ұшар шыңы екені анық. Парламент күшті болса мемлекет мықты болады. Менің түсінігімде Парламент сайлауына бүкіл халық тегіс қатысуы қажет. Тек сонда ғана әділетті сайлау өтіп, Парламентке адал, таза, ұлтқа қалтқысыз қызмет ете алатындар тобы келеді. Сол үшін бізге көп партиялық және жеке азаматтар сайлауға қатыса алатын мажоритарлық сайлау жүйесі ауадай керек. Міне, соны отыз жылдан соң ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асыратын мүмкіндік байқатты. Оның үстіне партия құру мен тіркеу де жеңілдеді. Бұрын партия құруға алдында 40, кейін 20 мың адамның қолын жинау қажет болса, қазір ол бес мыңға дейін төмендеді. Партия құрудың алғашқы құрылтай жиналысына мың емес, жеті жүз делегат қатысса жеткілікті болды. Бұларды мен көп жеңілдік деп санаймын.

Кезінде мен де ҚР Президент сайлауына белсене қатысып, жеті үміткердің бірі болдым. Сонда сайлау процесіне өзгеріс енгізбесе болмайтынына көзім жеткен. Енді біз ойлаған, талап еткен мәселелер ретімен жүзеге аса бастады. Бұл – қуанарлық жайт. Өйткені сайлау жүйесінде өзгеріс болмай, іргелі реформадан сөз ашу қиын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button