100 қадам - Ұлт жоспарыСұхбат

ӘДІЛ СОТТЫҢ КЕПІЛІ – САУАТТЫ РЕФОРМА

Астанада 21 қараша күні Қазақстан Республикасы судьяларының кезектен тыс 7-ші съезі өтеді. Осы алқалы жиын қарсаңында ҚР Әскери сотының төрағасы Сәкен Жүсіпахметұлы Абдуллаев мырзамен болған сұхбатты жариялап отырмыз.

040435864

– Жақын арада Астана қаласында кезектен тыс 7-ші судьялар съезінің ұйымдастырылуы жоспарланып отыр, аталмыш шара туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
– Иә, қараша айының 21-ші жұлдызында Астана қаласында республика судьяларының кезектен тыс 7-ші съезінің өтуі жоспарлануда.
Бұл жиында еліміздің сот жүйесіне қатысты көптеген маңызды мәселелер қаралады деп күтілуде. Судьялардың кезектен тыс съезін шақыру туралы шешім Ұлт жоспарының 19-шы қадамын іске асыру және Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты қабылданды.
Мен бұл съезге Қазақстан Республикасы Әскери соты атынан делегат ретінде қатысқалы отырмын және судьялар съезіне жетінші рет қатысуым болмақшы.
– Бүгінгі күнге дейін судьялардың алты съезі өткізілген. Олар мемлекеттің сот және құқық жүйелеріне қандай өзгерістер алып келді?
– Республика судьяларының съезі – маңызды басқосу, судьялар асыға күтетін мәртебелі жиын. Бұл басқосуды қазылардың құрылтай жиыны деуге де болады.
Бұл жиынның маңызын арттырып, айтылған мәселелердің өміршең болып, қолданысқа енуіне Елбасының өзі тікелей қолдау көрсетіп келеді. Жиынға Мемлекет басшысы қатысып, айтылған ұсыныс-пікірлерді судьялар өз құлағымен тыңдағандықтан, сот саласының мәселелері де тез шешімін тауып, жаңа реформалар жылдам қарқын алып кетуде.
Ең бірініші судьялар съезі 1996 жылғы 19 желтоқ­санда Алматы қаласында өткізілгені өздеріңізге мәлім.
Осы өткен алты съездің нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігі құрылып, Судьялар әдебі кодексі және Судьялар одағы филиалдарының ережесі бекітілген. Мамандандырылған аудан­аралық соттар құрылып, өздеріне артылған сенімін ақтауда. Бұдан басқа, алқа билер соты институты, медиация институты енгізілді.
Судьялыққа кандидаттардың іріктеу тәртібі белгіленіп, заңнамалық тұрғыда бекітілді. Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормалары жүйелі түрде жетілдіріліп, сот құрылымы әрі қарай дамытылуда.
Алтыншы съезде судьялардың жүктемесі туралы күрделі мәселе кеңінен қозғалып, Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысы негізінде Елбасымен судьяларға және мамандарға арналған қосымша штаттық бірліктер енгізілді.
– Қазіргі таңда Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдаудың қандай қажеттілігі бар? Оның бұрынғы нұсқасынан ерекшелігі қандай?
– Судья болмысы, мінез-құлқы, оның адамгершілігі, моральдық-этикалық бейнесі бәрінен жоғары болуы тиіс. Судьяға деген талап күшейтілмей, халықтың сенімі артады дегенге сену қиын. Сол себепті заман талабына сай халықтың сотқа, судьяларға деген сенімін бұрынғыдан да арттыру мақсатында судьялардың Әдеп кодексін жаңарту мен жетілдіру қажеттілігі туындады.
Бүгінгі күні қолданыстағы Әдеп кодексі 2009 жылы қабылданған еді. Жаңа кодекс жобасы бұрынғысына қарағанда көлемді. Онда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, судья әдебін сақтау, парасаттылық пен жоғары адамгершілікті, кәсіби біліктілікті жандандыру қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінген. Кодексте судьяларға халық тарапынан қойылған талаптар ескерілген және күшейтілген деп санаймыз.
– Әр съезде сот жүйесінің қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылған?
– Судьялардың алғашқы съезінен бастап қолға алынған шаралардың нәтижесінде қазір соттың барлық жұмысы азаматтарға алақандағыдай ашық, анық көрініп тұр. Әрбір азамат ашық сот процесіне қаты­сып, сот төрағасының қабылдауында бола алады.
Сондай-ақ, заманауи ақпараттық техноло­гиялардың көмегімен сот жұмысын және істер бойынша сот актілерін көруге, судьялар қызметін жеңілдетуге жол ашылған. Оған қоса, сот органдары бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жасауда.
Бұдан басқа, осы жылдан бастап қоғамдық бас­таумен өз қызметін жүзеге асыратын облыстық және оған теңестірілген сот жанындағы консуль­тативтік-кеңесші орган – соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестері құрылды. Кеңес судья лауазымына кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалау, кандидаттарды іріктеу ресіміне қатысуға азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерді тарту мақсатында құрылды. Бұл судья лауазымына кандидаттарды іріктеу барысында осы процестің ашықтығын қамтамасыз етудің тағы бір жолы болып табылады.
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңбе­рінде сот жүйесінде қандай өзгерістер орын алды? Еліміздің тәуелсіздік жылдарында сот жүйесі қандай жетістіктерге қол жеткізді, сол туралы тоқталып өтсеңіз?
– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына келетін болсақ, бұл жоспардың 11 қадамы сот жүйесін реформалауға бағытталған. Оларды жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жүктеліп, бүгінгі күні олардың 10 қадамы толық орындалды.
Осы бағдарлама шеңберінде Қазақстан сот жүйесі бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы жүйесіне көшті. Сот жүйесін жетілдіру, оңтайландыру, жеңілдетуге қатысты 70-ке жуық заң нормалары қолданысқа енгізілді. Олардың негізгісі 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қылмыстық кодекс, Қылмыстық процессуалдық және қылмыстық атқару кодекстері.
Осыдан басқа, 2015 жылғы 31 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексіне қол қойды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында алғаш рет заңға қол қою рәсімі БАҚ өкілдерінің қатысуымен жариялы түрде өтті. Бұл аталған кодекстің барша халық үшін маңыздылығын білдіреді.
Бағдарлама негізінде барлық сот отырыстарын 100% дыбыс-бейне жазба құрылғысымен қаралуы қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы академияның Сот төрелігі институты «Жоғарғы Соттың жанындағы Сот төрелігі академиясы» болып құрылды. Ол сот жүйесі кадрларын қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және ғылыми қызметті жүзеге асыратын жоғары оқу орны болып табылады.
Жоғарыда аталып өткен сот жүйесінің жетіс­тіктерінен басқа, осы өткен тәуелсіздік жылдары сот жүйесі заман талабына сай сот ісін жүргізуді электронды форматқа көшірді. Оған көшу жолдары бірнеше сервистерден тұрады, олардың бірі – «Сот кабинеті» электрондық сервисі. Бұл ақпараттық сервис сот органдарының онлайн қызметтеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе және ол сот төрелігін жүзеге асыруды оңтайландыруға, сот ісін жүргізудің барынша ашықтығын қамтамасыз етуге арналған.
– Жалпы, өзіңіз басқарып отырған Әскери соттардың жүйесі және құрылымы туралы айтып өтсеңіз? Қаралатын істердің көп бөлігі қандай? Оның өзге соттардан айырмашылығы туралы білгіміз келеді?
– Әскери соттар Қазақстан Республикасының соттар жүйесінің құрамына кіреді және бірінші болып құрылған мамандандырылған сот болып табылады. Құрылымы жағынан әскери соттардың басқа соттардан аса айырмашылығы жоқ. Қазақстан Республикасы әскери соты облыстық деңгейдегі соттарға теңестірілген болып табылады және апелляциялық сатыдағы істерді қарайды. Оның құрылымы бірінші сатыдағы 10 гарнизондық әскери соттардан және Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотынан тұрады. Барлық гарнизондық әскери соттар еліміздің облыстық деңгейдегі 10 қаласында және Астана қаласында Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған әскери соты орналасқан.
Әскери соттардың ең басты өзгешелігі ол тек әскери қызметшілерге, әскери басқару органдарына қатысты істерді ғана қарайды.
Қаралған істердің көп бөлігін тұрғын үй мәселелері бойынша, сонымен бірге еңбек даулары бойынша арыздар құрайды. Ал қылмыстық істер бойынша әскери қызметшiлер арасындағы өзара қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу, билiктi асыра пайдалану жөніндегі әскери істер. Сонымен қатар, әскери қызметшілермен жұмыстан тыс уақытта жасалған жалпы қылмыстар бойынша да істер бар.
Әскери соттармен қаралатын қылмыстық істер әрқашан қоғамда қызығушылық тудырады. Себебі, сотталушылар әртүрлі шендегі әскери қызметшілер, қатардағы жауынгерден бастап генералдарға дейін.
– Қорытындылай келе, айтар тілегіңіз бар ма?
– Судьялар одағының өткен VI съезінде Елбасы Н.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру» деп атап көрсетті.
Сондықтан съезде қабылданатын судьялардың жаңа Әдеп кодексі және талқыланатын басқа да мәселелер сот жүйесін одан әрі жетілдіріп, судьялардың тәуелсіздігін күшейтіп, халықтың сот жүйесіне деген сенімін одан әрі арттырып, осы мақсатқа қызмет етеді деген ойдамын.
Судьялар қауымдастығына сот жүйесін жетіл­діру жолында жемісті еңбек, ал әр судьяға сот төре­лігін жүзеге асыруда тәуелсіздік, заңды және әділетті шешім қабылдап, халық сеніміне ие болуды тілеймін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button