Оқырманнан он сұрақ

Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ, боксшы, Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері: шаршы алаңға өзіме сеніп шығамын

–Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері атанғанда қандай сезімде болдыңыз?

Ернұр БИМУРЗИН, қала тұрғыны

– Дәл сол сәтте көңілім көншімегені рас. Егер мен 16:15 есебімен ұтылған болсам, онда жеңілгенімді мойындар едім. Қырсық қылғандай есептің тең түскендігіне күйіндім. Тең түсіп тұрып жеңімпаз атанбау қиын екен. Одан кейін өз-өзіме келе алмай біраз жүрдім. Алдағы уақытта жіберген қателіктерімді қайталамауға тырысамын. Қазір тек шүкіршілік етемін. Кейін ағайын-туыстарым, достарым, жанкүйерлерім көңіл-күйімді көтеріп, қолдау білдірді. Әлі-ақ жеңіске жететініме сендірді. Күміс те жүлде екендігіне, мықтылардың сайысынан озық шыққаныма шүкіршілік етеміз. Лондон олимпиадасынан алған әсерім мәңгі есімде қалады.

–Жарыстан кейін қыздар тарапынан мазалаушылар көп пе? Ондайда не деп жауап бересіз?

Айнұр САЛАМАТОВА, ЕҰУ студенті

–Жалғыз қыздар ғана емес, жанкүйерлерім, ел ағалары хабарласып, құттықтады. Көбісі ақ тілектерін жаудырып жатады. Ондайда мен де өз тарапымнан алғысымды білдіремін. Көшеде де танып суретке түсуге шақырады. Ондайға еш қарсылығым жоқ. Мұның өзі мен үшін зор қуаныш. Мені қолдағандары үшін барлығына алғысымды айтамын.

–Әдемі бокстасып, қарсылас соққысынан жалтара білетін ерекшелікті байқаймыз. Дегенмен, кейде рингте сырт көзге сенімсіздеу жүргендей көрініп қаласың. Мұның себебі не?

Нұрман САТЕНБЕКОВ, спорт шебері

– Рингке шыққанымда өзіме жүз пайыз сенімді боламын. Сырт көзге сенімсіздеу көрініп жатсам, ол – менің рингте ұстанған тактикамның бірі. Үздіксіз шабуылдаған қарсыласымды күтіп аламын да, қарымта соққы жасаймын. Кейде күтіп жүремін деп көп уақыт өткізіп алып, қателікке бой алдырып жататыным рас.

–Әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі пайдаланасыз? Сол кезде сіздің ұлтыңызға қатысты бірқатар таластар болып жатты…

Гүлсара МАНАТ, медбике

–Солай ма? Ондайды естімеппін. Ұлтым – қазақ. Өзбекстанның Нөкіс қаласында тұрғанымыз рас. 2002 жылы өз елімізге көшіп келдік. Қазір отбасыммен Ақтау қаласында тұрып жатырмын. Өзім әлеуметтік желілерді көп пайдаланбаймын.

–Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

Нұржан КЕЛІСОВ, қала тұрғыны

–Бос уақытым көп бола бермейді. Қазір жаттығу жұмыстары басталып кетті. Егер бос уақытым болып жатса, ұйықтағанды, футбол ойнағанды жақсы көремін. Арасында достарыммен кездесіп тұрамын. 

–Олимпиададан алған ақшаңызды қайда жұмсадыңыз?

Майра ШАРАПАТ, студент

–Ата-анама бердім. 

–Әділбек балам, олимпиададағы әрбір жекпе-жегіңді жіті бақылап отырдым. Жеңісіңмен құттықтаймын! Қай жекпе-жегің өз көңіліңнен шықты?

Ернар ЖҰМАШКЕ, зейнеткер

–Үлкен рахмет! Олимпиада ойындарының жөні әрқашан да бөлек болатыны белгілі. Шаршы алаңдағы барлық айқасым мен үшін өте қиын болды. Әр кезеңнен асқан сайын қарсыластарым да ширыға түсті. Олардың ешқайсысын «анау мықты, мынау әлсіз» деп айта алмаймын. Ешқайсысы осал емес. Тек тактикалық тұрғыдан әдіс қолданып, рингте шеберлікпен жұмыс істей алсаң, кез келгенін ұтуға болады. 

–Лондон Олимпиадасында төрешілердің бағалауына көңіліңіз толды ма?

Темірлан АСПАНБЕКОВ, спорт жанкүйері

–Қарсыласыңды айқын басымдықпен ұтпасаң, тағдырыңды төрешілер шешеді деген сөз бар ғой. Әрі спортшылардың барлығы да жақсы дайындалғандықтан, әр жекпе-жек жоғары деңгейде өтті. Ешқайсысы оңайлықпен есе жіберген жоқ.

–Олимпиададан алған медаліңізді қайда сақтайсыз?

Ерасыл ҚАЖЫХАНОВ, оқушы

–Үйімде тұр.

–Қашан үйленесіз? Сіздің қиялыңыздағы ару қандай?

Динара САДЫҚ, студент

–Шаңырақ көтеру әзірге ойымда жоқ. Менің қиялымдағы ару «Ақылына көркі сай» қазақтың қарапайым қызы болуы керек.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button