Жаңалықтар

Әділбек Жақсыбеков: Астана әуежайы – елорданың ғана емес, еліміздің әуе қақпасы

1

Кеше Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков халықаралық әуежайдың жұмысы мен оны дамыту мәселелері талқыға салынған жиын өткізді. Оған қалалық құрылым өкілдері, қазақстандық әуе компаниялары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер, Тұтынушылар құқығын қорғау департаменттерінің өкілдері қатысты деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.

Әкім өзінің кіріспе сөзінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі – көлік-логис­тикалық инфрақұрылымын жетілдіру үшін әуежайларды дамытуға айырықша көңіл бөлінетіндігін айтты.
Бүгінгі таңда ішкі және халықаралық әуе қатынастарының басым бөлігі – Астана мен Алматы қалаларының үлесінде. Елдің авиация нарығында екінші орында тұрған елорда әуежайына барлық рейстердің – 12%-ы, жолаушылар тасымалының – 24%-ы тиесілі болса, пошта мен жүк тасымалының жалпы көлемінің 6%-ы осы жерден жөнелтіледі.
– Астана әуежайының өткізу қа­бі­леттілігінің жеткіліксіздігі авиа­ком­паниялардың операциялық қызметтерін шектеп, жолаушылардың сұраныстарын толық көлемінде қанағаттандыра алмай отыр. Келешекте бұл жолаушылар тасымалы трафигіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы мәселелерді шешу үшін 2015 жылдың ақпанында терминалды ұлғайту және ұшып-қону алаңын қайта жаңарту жұмыстары басталған еді, ол 2017 жылдың наурызында аяқталмақ, – деді әкім.
Аталған жобаның маңыздылығына тоқтала келе, қала басшысы Астана әуежайы – елорданың ғана емес, мемлекеттің негізгі әуе қақпасы екенін де баса айтты.
Жиын барысында әкім шұғыл шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық олқылықтарды да тілге тиек етті. Қауіп­сіздік қызметіне де сын айтылды.
Тағы бір түйткілді мәселенің бірі – заңсыз такси қызметі.
– Елордаға келуші жолаушыларды жалпы қабылдау залында күтіп алып, өздерінің қызметтерін жағаласа ұсынатын жеке көлігімен тасымалдау­шылар да кері әсер туғызудан танбай келеді. Ішкі істер департаментіне осындай заңсыз таксистерге шара қолдануды тапсырамын, – деді әкім.
Ол, сондай-ақ, ресми әуежай таксиі болып табылатын «Жебе» таксомоторлық компаниясының қызметкерлері елор­далық деңгейге сай болуы үшін үш тілде еркін сөйлеуі керек екендігін айтты.
Әкім қоғамдық көлік қызметіне де тоқталды. Халықаралық әуежайға қатынайтын қоғамдық көліктер №1, №3 автопаркке қарайды. Оның айтуынша, бұл бағдарларға да ресми таксиге қойылатын талаптар қойылуы қажет.
– Бүгінде автобус кондукторларын әр үш-төрт ай сайын ауыстырып отыру үрдісі қалыптасты. Алайда, автобустардың санитариялық жағдайына жасалған ескертулерден қорытынды шығарылған жоқ. Кондукторларды оқытқанда әуежайға қатынайтын бағдарларға ерекше көңіл аудару қажет. Сонымен қатар, олардың ағылшын тілін меңгеру мүмкіндіктерін ойластыру қажет, – деді Ә.Жақсыбеков.
Жиын барысында қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері де сөз болды. Әкімнің айтуынша, әуежайда елордалық деңгейге сай келмейтін 30-ға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар көрінеді.
– Әуежай басшылығы киім үлгісі, ыдыс-аяқ, баға көрсеткіштері мен бас­қа да сервис қызметін бір жүйеге тү­сіру мәселесін қарастыруы керек. Әр компанияның өз «брендін» жарнама­лағысы келетіні түсінікті, бірақ, олар қай жерде қызмет етіп жүргендерін де білуі керек. Себебі, әлдебір мәселе туындаған жағдайда барлық ескертпелер әуежай әкім­шілігіне айтылады, – деді елорда басшысы.
Жиын соңында Ә. Жақсыбеков бар­л­ық жауапты құрылымдарды аталған мә­се­­лелерді шешу жолында жедел әрі жұмыла әрекет етуге шақырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button