ӘлеуметБасты ақпаратСаясат

Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ: БIРЛIГI БЕРIК ЕЛДIҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ

astana-vesnoy_21

Қазақстанның тәуелсіздік шежіресіне ширек ғасыр да толған жоқ. Дегенмен өзінің саяси тәуелсіздігінің әрбір жылын еліміз өз егемендігін құруға, оны нығайтып одан әрі дамытуға арнады. Осының нәтижесінде мемлекетіміз әдетте ондаған, қала берді жүздеген жылдарда қол жететін, ерен жетістіктерге жетті.

Қазақстан талай қиындықтарды бастан өткеріп, түрлі дағдарыстармен бетпе-бет келді, еліміз қандай жағдайда да тәуелсіздік, ұлттық тұрақтылық пен халықтар арасындағы келісім сынды ең басты құндылықтарды сақтап қала білді.  Мемлекет өзінің басты ұстанымы мен бағдары ретінде, дамудың негізгі мақсаты мен бағытын айқындайтын стратегиялық құжаттарда бекітілген – өз азаматтарына жан-жақты қамқорлық жасау міндеті екендігін айқындады. Олардың арасында ең негізгісі әрине, өтіп бара жатқан 2014 жылдың басты құжаты – Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы.

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы бұл – Елбасының бүгінгі күн талаптарын ескере отырып жасаған бұған дейінгі арнауларының лайықты жалғасы. Бір жыл бұрын жарияланған «2050 Стратегиясы» бағдарламасы – XXI ғасырдың ғаламдық мәселелерін қамти отырып, Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы жаңа сая­си бағдарын анықтаса, осы жолғы Жолдау бүгінгі күннің сынақтарына арналған нақты жауап болды.

Мемлекет Басшысының жаңа Жолдауы – дағдарыс кезеңіндегі жаһандық өзгерістер аясында ұлттық экономиканы ары қарай дамытуға, сыртқы факторлар алдында қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әлеуметтік жетістіктерді сақтауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама. Жаңа экономикалық бағдарламаның «Нұрлы Жол» аталуының өзі-ақ көп жағдайдан хабар берсе керек. Қазақстан өз тәуелсіздігі жылдарында бүкіл әлем «қазақстандық жол» деп таныған дамудың өзіндік бағытын қалыптастыра білді.

Біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Егер ғаламдық тұрғыдан қарайтын болсақ, ғасырлар бойы ұлан-ғайыр даламызды сақтау жолында бастарын бәйгеге тіккен біздің ата-бабаларымыздың негізгі арман-мұраты да осы сара жол болатын. Мәңгілік Ел болу олардың басты мақсаты еді. Ал біз үшін бұл бүгінде арман емес, өмірлік ақиқатқа айналды. Бүгінде ол арман тәуелсіздіктің даңғыл жолындағы бағдар берер алауға айналған жалпыұлттық идея – «Нұрлы Жол». 

Алда бізді ұйымшылдық пен толеранттылықты талап ететін үлкен де жауапты жұмыстар күтіп тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көр­сеткендей бұл: «Қазақстанның кемел келешегінің кілті».

Тәуелсіздіктің 23 жылы ішінде еліміз Орта Азия аймағындағы көшбасшы әрі тірек мемлекетке айналып, әлемнің дамыған 30  елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. Жетістігіміз мұнымен шектелмек емес. Біз жас елордамызды жаңадан салдық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Толайым табыстарға бірліктің ар­қа­сында қол жетті. «Қазақстандық жол» мен жаңа Жолдаудың басты күші де, даналығы да осы шынайы бірлікте жатқандығы анық.

Біздің мемлекетіміз Елбасы Жолдауында көрсетілген бағытпен сенімді түрде дамудың даңғыл жолына түсті. Ал жас елордамыз экономиканың ең басты қозғаушы күші болып саналады. Гүлденген тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Астана әр жыл сайын әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып келеді. Бұл ретте, 1997 жылы елорданы Астанаға көшіру туралы шешімнің Президенттің халыққа арнаған тұңғыш Жолдауынан тура екі ай өткеннен кейін қабылдануы да тарихи сабақтастық деп білеміз.

Осы уақыт аралығында аз жұмыс атқарылған жоқ. Астана бүгінде еліміздің ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейдегі саяси орталыққа айналды. Бұл жерде жаһандық ауқымдағы оқиғалар күн тәртібіне қойылып, тағдырлы шешімдер қабылданады. Жарқын өзгерістер мен жемісті реформалардың нәтижесінде, мем­лекетімізге деген әлемдік қа­уым­дастықтың сенімі мен Мемлекет басшысының жеке беделінің арқасында елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі бұйырды. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Астана бес миллионнан астам адамның келуі жоспарланған Бүкіл­әлемдік көрме қонақтарын лайықты қабылдайды. Жаһандық көрме өтетін кезеңде Астана қаласы әлемдік орталыққа айналатындығы сөзсіз.

Халықаралық дәрежедегі іс-шараны өткізу алдындағы қала­мыз­дың ерекше жауапкершілігін сезіне отырып, біз елорданың инфрақұрылымдық негізін қам­тамасыз етуге міндеттіміз. Елбасы өз Жолдауында: «Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, темір жол және әуе магистральдары  тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты» деп атап көрсетті. Осыған орай әрбір қазақстандықтың міндеті өзінің Отанға деген жанқиярлық еңбегі арқылы қантамырларды толтырып, оған шұғылалы шуағын таратады деп сенемін.

Бүгінде елорда әуежайы Астананың бас қақпасы іспетті. Оның әлеуетін арттыра түсу үшін жаңадан ұшып-қону алаңының терминалы салынатын болады. Бұл оның жыл сайынғы жолаушылар өткізу қабілетін екі есеге дейін арттырып, 2017 жылға қарай 7,1 миллион жолаушы қабылдауға мүмкіндік береді. Жақын жылдары тұрғындары миллиондық көр­сеткішке жететін қала үшін жаңа теміржол вокзалының қажеттілігі де орасан. Оның құрылысы бүгінде басталып та кетті.

Ежелгі көшпенділер дәуірінен бері жол салу – қуаттылық пен өсіп-өркендеудің кепілі болып саналған. Ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы үшін көлік инфрақұрылымының маңызы тіпті де ерекше. Автомобиль, теміржол және әуе магистральдары Астананы елдің барлық өңірлерімен байланыстырып тұруы қажет. Бұл өз кезегінде, экономиканы жаңғыртып, жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймайды, сонымен бірге ол болашақ ұрпақтың игілігіне айналатын болады.

Көліктік инфрақұрылыммен қатар, энергетика, индустрия, әлеуметтік инфрақұрылымдар да Қазақстанның «Нұрлы Жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатының арқауына айналды. Біз аз уақыт ішінде үлкен де жауапты істерді атқаруымыз керек. Бірақ қалай болғанда да, жас елордамыздың даму қарқыны бәсеңдемейді, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғаса беретін болады. Бұл мақсатқа, 2015 жылы мемлекеттік бюджеттен 200-ден астам жобалар үшін 170 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған.

Астана бүгінде өзін-өзі қам­та­масыз етудің жаңа деңгейіне шық­ты. Біз Елбасы белгілеген жаңа эко­номикалық саясат негізінде 2015 жылдың бюджетін бекіттік. Белгілі бір мөлшерде біздің кейбір мақсатты индикаторларымызға әсерін тигізетін әлемдік эконо­ми­­кадағы кейбір жағымсыз тен­ден­цияларға қарамастан, 2014 жыл­дың қорытындысы бойынша, біз дамудың негізгі параметрлері бо­йынша жоғарғы экономикалық көр­сеткіштерге қол жеткізбекпіз.

Атап айтқанда, құрылыс жұ­мыс­тарының көлемі 31,5 пайызға артып, 903,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық. Жалпы ішкі өнімнің индексі бойынша 2011-2013 жылдар ішінде жыл сайын орта есеппен 11 пайыз тұрақты өсу динамикасы байқалады. Бұл – республикалық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары жетістік. Негізгі капиталға 472,2 млрд теңге құйылып, оның өсімі 12,7 пайызды құрады. Ал астаналықтардың орташа жалақы мөлшері 11,3 пайызға өсіп, 168,5 мың теңгеге жетті.

Келер жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтетін боламыз. Астана еліміздің басты орталығы ретінде мерекелік іс-шараларға тікелей қатысатын болады. Бұл атаулы даталық мерекелер қазақ мемлекеттілігінің негізгі тұғыры саналады. Ал оның басты жетістігінің кілті – біздің халқымыз қа­лып­тастырған этносаралық және конфессияаралық келісім,  төзімділік, бейбітшілік пен бірлікте жатыр.

«Қазақстандық жолдың» және «қазақстандық ар­манның» басты жетістігі – бүгінгі күннің дәулеті, келе­шектің мұрасы, өткен күннің естелігі мен сабақтастығында жатыр. Тек бірлігі күшті ел ғана осынау қиын кезеңнен Елбасының жетекшілігімен аман-есен өте алады.

Мемлекет басшысының Жолдауы – біздің дамуымыздың даңғыл жолының кезекті биік белесі екендігін түсінеміз. Белгіленген межелі мін­деттердің орындалуы – уақыт ен­шісінде. Уақыт ешқашанда бір орнында тұрып қалмайды. Біз оның жаһандық сынақтарына лайықты жауап беруді меңгердік. Тәуелсіз әрі қуатты мемлекет құру жолындағы таңдауларымыз бен қабылдаған шешімдеріміздің дұрыстығын біз қашанда іспен дәлелдеп келеміз. «Нұрлы Жол» бүгінде біздің алдымызға дамудың жаңа бағытын көрсетіп отыр. Бұл жолда да біздің Елбасымен бірге жаңа жетістіктерге жете беретінімізге сенім зор.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button