Басты ақпаратЖаңалықтар

ӘДІЛСОТ – ҚОҒАМ ҚОРҒАНЫ

sud 18
Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезі өтті. Маңызды іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шетелдік делегациялар мен 600-ге жуық судья қатысты.

 

Беделсөз

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Бүгінгі Қазақстан кәсіби судьялық корпусы бар заманауи әділсот жүйесіне ие. Елімізде жалпы әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, ювеналды және қаржылық құзіреттегі 378 сот бар. Онда 2 мың 214 судья қызмет етеді. Бұлардың бәрі қатаң біліктілік талаптарынан өтті. Аса ауыр қылмыстық істер алқа билердің қатысуымен қаралады. Азаматтардың құқы мен бостандығын қорғау мақсатында соттардың бұлтартпау санкциясы қолданылады. Жалпы алғанда, Қазақстандағы сот реформасы біздің әділсотымызды азаматтардың мүддесіне барынша жақындатып келе жатқанын көрсетеді.

 

Естеріңізде болса, Президент Судьялар одағының өткен V съезінде қоғамда сот жүйесі мен судъялардың беделі өсіп келе жатқанын айтып, соттар қауымдастығының алдына бірнеше тапсырмалар жүктеген еді. Міне, бүгінгі жиында осы саладағы жеткен жетістіктер мен аталмыш бағдарламалардың орындалу жайы кеңінен талқыланды.
Соңғы жылдары сот жүйесінде мамандандыру саясаты жанданып, сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру қолға алынуда. Сот төре­лі­гін жүзеге асырудағы басты көр­сет­кіші сот қаулысының сапалығы мен заңдылығы десек, бұл тұрғыдан алғанда ауқымды жұмыстар атқа­рыл­ды. Жиын барысында сөз сөйлеген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес еліміздің сот жүйесі де озық отыз елдің сот жүйесімен бірдей болуы керек екенін айтты.
Тәуелсіз сот билігі — мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы үйлесімді байланыстың маңызды кепілі. Президент елімізде әділсот болмаса, дамыған елде жағымды инвес­тициялық климат та, азамат­тар­дың жоғары өмір сапасын қам­та­масыз ету де, қоғамның табысты дамуы да болмайтындығына біраз дәйек келтірді. Оның айтуынша, төрт жыл бұрын өткен судьялардың бесінші съезінен бері қазақстандық сот жүйесі өзінің көрсеткіштерін 23 позицияға жақсартқан. «Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде көр­се­тіл­геніндей, тәуелсіз соттар кри­­терийін­де біршама жоғары­лау­­шы­­лық бар. Дегенмен, біз әлі де­ 80-ін­ші орында тұрмыз. Озық отыз­дың ара­сын­да болу үшін әлі де 60 пози­ция­ға көтерілуге тиіспіз. Сон­дық­тан да, құқықтық жүйедегі жұмыс­ты жандандырып, ол жүйенің өзегі – сот төрелігі жұмысын әлі де жетілдіре түсуге тиіспіз» деді Н. Назарбаев.
Еліміздегі сот төрелігінің қазіргі жағдайы мен алдағы міндеттері туралы баяндаған Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми болашақ судьяларды даярлау деңгейі қанағаттандырмай отырғанын жасырмады.

sud 12
Осы ретте Жоғарғы Сот төрағасы қызметтегі әрбір судьяның жеке рейтингін анықтау мақсатында жасырын электрондық сауалдама жүйесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл тетікті кейін қызметке тағайындау және кадрлық резерв құру кезінде де пайдалануға болады. «Мемлекеттік басқару академиясында Әділсот институтының арнау­лы магистратураларында болашақ судьяларды даярлау деңгейі бізді қана­ғат­тан­дырмай отыр. Ең үздік деген судьялардың өзіне тәжірибе керектігін жақсы білесіздер. Сон­дық­тан академияның оқыту бағдар­ла­ма­лары судьялық жұмыстың тәжіри­бе­лік білімі мен біліктілігіне көбірек бағытталса екен» деп Төраға өз тілегін жеткізді.
Форумға қатысушылар, сондай-ақ, сот төрелігінің тәуелсіздігі, құқық қорғау механизмдерін жетілдірудегі әділсоттың рөлі, соттардың ашық­тығы мен қолжетімділігі, судьялардың кәсіби деңгейін және адамгершілігін арттыру мәселелерін ортаға салды. Съезде сот жүйесінің имиджін арттыру туралы, судьялар қоғамдастығы органдарын дамытудың перспективалары, судьялардың әлеуметтік кепілдіктері және басқа да мәселелер қозғалды.

 

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button