Басты ақпаратТұлға

Аднан Мендерес кім?

немесе қиналған қазаққа қамқорлық

2021 жылы Түркияда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VII саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау заманда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, түрік елінің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым еткен еді. Әр жылдың 13 наурызында Түркия қазақтары Ыстанбұл қаласының Ватан даңғылындағы Топқапы зиратына барып, «Аднан Мендерес кесенесіне» гүл шоқтарын қо­йып, оның рухына бағыштап дұға оқып жүргеніне 30 жылдан асты. Ендеше Аднан Мендерес кім? Президент айрықша атап өтетіндей ол қазақ халқына қандай қайырымдылық жасады?

Өмірі Түркия демократиясының қайғылы тари­хымен тікелей қатысты тұлға – Аднан Мендерес – Түркияның ХХ ғасырдағы ең ықпалды саясаткерлерінің бірі, елдің алғашқы демократиялық жолмен сайланған премьер-ми­нистрі. Сондай-ақ ол Түркия саяси тарихында өлім жазасына кесілген алғашқы және жалғыз премьер-министр ретінде белгілі. Ол Түркияны көппартиялық жүйеге көшіруде маңызды рөл атқарды және экономикалық реформалар жасап, халықтың қолдауына ие болды. Алайда оның билігі әскери төңкеріспен аяқталып, өзі азапталып өлтірілді.

Тағдыры тайқы тұлға

Аднан Мендерес 1899 жылы Түркияның Айдын провинциясында дүниеге келген. Арғы атасы – Қырым татары. Ауқатты отбасынан шыққан ол кейін заңгерлік білім алып, саясатқа араласты. 1930 жылдары Рес­публикалық халық партиясының (РХП) мүшесі болып, 1931 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің қолдауымен Айдыннан депутаттыққа ұсынылып, сайлауда жеңіске жетті.

Ататүрік қайтыс болғаннан кейін, билікке Исмет Инөнү келді. Мендерес Инөнү жүргізген мемлекеттік экономика саясатына қарсылық білдірді. Нәтижесінде 1945 жылы РХП-дан шығарылды. Сол жылы ол РХП-дан бірге шығарылған серіктері Селал Баяр, Фуат Көпрүлу және Рефик Королтанмен бірге Демократиялық партияны (ДП) құрды. 1950 жылғы сайлауда партиясы жеңіске жетіп, Түркияның премьер-министрі болып тағайындалды.

Аднан елде экономика­лық реформалар жүргізіп, халық тұрмысын жақсартуға тырысты. Діни мәселелерге де мән беріп, елде мешіттерді көбейтті. Мұстафа Кемал Ататүріктің зайырлы мемлекет қалыптастыру саясатының бір көрінісі ретінде 1932 жылдан бастап түрік тілінде шақырылған азанды 18 жылдан кейін қайта араб тілінде шақырылуына мұрындық болды. НАТО-ға мүше болып, Батыспен қарым-қатынасты жақсартты. Сонымен қатар Түркияға ең озық технологияларды әкелу және жаңа ұрпаққа үйрету үшін америкалық Форд қорының көмегімен Анкарада Орта Шығыс техникалық университетін, ал Трабзонда Қара теңіз техникалық университетін құрды. Осылайша, 1773 жылы І Абдулхамит сұлтан негізін қалаған Ыстанбұл техникалық университетінен кейін, 180 жылдан соң, Түркияда тағы екі техникалық университет пайда болды. Дегенмен ол үкіметке сын айтқан оппозиция мен журналистерге қысым күшейтті (1954-1958 жылдар аралығында 238 журналист билікке қарсы мақалалар жазғаны үшін сотталды).

Саяси арпалыс

1955 жылы Түркияда экономикалық қиындықтар басталды. Сыртқы қарыздар артып, төлем балансы бұзылды. Кипр мәселесі ушығып, «6-7 қыркүйек оқиғасы» туды. 1959 жылғы 17 ақпанда Кипр мәселесі бойынша Грекиямен екіжақты келісімге қол қо­йылғаннан кейін үшжақты келіссөздер үшін Ұлыбританияға барған Мендерестің ұшағы Лондондағы Гатвик әуе­жайының маңында апатқа ұшырап, бөлшектеніп кеткенмен (әуежайға жақындаған кезде, ұшақты «MI-6» агенттері жарып жіберді деген дерек те айтылады), ол бұл апаттан еш жарақат алмай аман қалды. Анкараға аман оралған оны қалың халық құрметтеп күтіп алды. Аднан үйінің алдына келіп көліктен түскенде, қолында пышақ ұстаған түрік азаматы орнынан атып тұрып, 10 жасар баласын Аднанның аяғына жығып: – Алланың өзі сені түрік халқы үшін сақтап қалды! Алла сені аман қалдыр­ғаны үшін өз баламды құрбанға шаламын» деді. Бірақ Аднан оның кейін өзін жазалушы болып, аяқ киіміне дейін шешіп алатын жауызға айналатынын білген жоқ.

Жоғарыда айтқанымыз­дай, алынған қарыздардың өтелмеуі және сыртқы сауда тапшылығының айтарлықтай артуы салдарынан 1958 жылға жеткенде Түркия экономикасы тіпті қатты шайқалды. Түркия 600 миллион доллар сыртқы қарызын төлей алмайтынын мәлімдеп, Халықаралық валюта қорымен (IMF) алғашқы стенд-бай келісімін жасасты.

1961 жылғы сайлау алдында Искендерун металлургия зауыты, Сейдешир алюминий зауыты, Кебан су электр станциясы және Босфор көпірінің іргетасын қалағысы келген Мендерес өзінің жақын серігі, министрі Лүтфи Кырдарды Кеңес Одағының ұстанымын білу үшін Мәскеуге жіберді. Кеңес Одағы бұл идеяны оң қабылдағаннан кейін, Мендерес 1960 жылғы шілде ­айында Мәскеуге барып, несие келісімдерін рәсімдеу­ді жоспарлады. Әрине, бұл АҚШ-қа ұнамады да, көп өтпей өзінің жасырын күштеріне Аднан билігін құлату жөнінде бұйрық берді. 1960 жылы 27 мамыр күні полковник Алпарслан Түркеш Түрік қарулы күштері билікті өз қолына алғанын хабарлады. Сол күні премьер-министр Аднан Мендерес тұтқындалып, Анкараға жеткізілді.

Әділетсіз сот, қайғылы қаза

Сот үрдісі ұзаққа созылды. Сот барысында тұтқындалғандардың барлығы Яссыада аралында түрмеге айналған бұрынғы әскери казармаларға орналастырылды. Тергеу кеңесі мен Бас прокурор Алтай Егесел Аднанға тағылған 13 айыпты мойындау үшін оны барынша азаптаған.

Әскери хунта Жоғарғы сот пен Бас прокурор лауазымдарына Аднанды, президентті және Демократия­лық партияны жек көретін адамдарды арнайы таңдады. Хунта, егер Аднан тірі қалса, бостандыққа шыққанда олардан кек алуы мүмкін деп қорықты. 1961 жылы сот оны өлім жазасына кесіп, бір жылдан астам уақыт ит қорлықты көрген (азапқа шыдамай, өзіне қол салмақшы да болды) Аднан 17 қыркүйекте Имралы аралында дарға асылды. Ол дарға асылған кезде оны дарға асушылардың бірі: «Сіздер оны бәрібір көміп тастайсыздар ғой, осындай жақсы аяқ киім босқа кетеді. Одан да маған беріңдер!» деп Аднанның аяқ киімін сұрап алады. Бұл Аднан ұшақ апатынан аман қалғанда «сенің жолыңа баламды құрбандыққа шаламын» деген азамат еді.

Қайта ашылған ақиқат

Төрт жылдан кейін, 1964 жылы әскери хунта таға­йындаған Түркия президенті генерал Гюрсель Аднан Мендерес пен оның әріптестерінен кешірім сұрап, елді дүр сілкіндірді. Ол төңкерістің қате екенін және Мендерес­тің сотталуы мен өлімінің әділетсіз болғанын мойындады. Оның кешірім сұрауы түрік тарихында түбегейлі бетбұрыс жасады және елдегі демократияның түпкілікті қалпына келуіне жол ашты. 1990 жылы Имрали аралында өлім жазасына кесілген үш адамды ақтау туралы шешім шығарды. Осылайша, 30 жылдан кейін Мендерестің сүйегі Имралы аралынан көшірілді. Сол кездегі президент Тұрғұт Өзал мен жүздеген мың адамның қатысуымен өткен рәсімде Ыстанбұлдың Топқапы ауданындағы Ватан даңғылы мен Топқапы зираты арасында орналасқан Аднан Мендерес мемориалдық мазарына қайта жерленді. 1958 жылы Мендерес ашқан бұл даңғылдың атауы 1994 жылы сол кездегі қала әкімі Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысымен «Аднан Мендерес даңғылы» болып өзгертілді. Сондай-ақ Мендерестің есімі Измирдегі халықаралық әуежайға, Айдын қаласында құрылған университетке берілді.

Қазақтарға қалай көмектесті?

Аднанның қазақтарға қам­қорлық жасауы тағдыры талқыға түскен қазақтардың Алтайдан Анадолыға дейін ауа көшкен мезгілінде болған еді. Бұл көш – ХХ ғасырдың орта тұсындағы қазақ халқының тарихындағы ең ауыр да қайғылы көштердің бірі. 1938-1940 жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінен басталып, Тибет пен Гималай таулары арқылы Непал, Үндістан мен Пәкістанды басып, соңында Түркияға жетті. Қытайдағы коммунистік қуғын-сүргіннен қашқан олар «Азанның дауысы естілетін елге барамыз» деген мақсатпен Алтайдан Анадолыға үдере көшіп, малын айдап, түйе­ге жүгін артып, ажал теңізі атанған Такла-макан шөлін ендей өтіп, Гималай тауынан асып, 12-13 жылда Түркияға жетті. Бірақ шөл теңізінде, биік таулы аймақтарда ауған қазақтардың көпшілігі аяз, аштық, аурудан, ыстан қаза тапты. Сөйтіп, Алтайдан шыққан 18 мың қазақтың (кей деректерде 38 мың адам делінеді) тек 2 мыңы ғана Түркияға аман жетті.

Азып-тозып, мың бір машақатты бастан кешірген қазақтардың Түркияға жетіп, қоныстанып, ел қатарына қосылуына Аднан Мендерес айрықша маңызды рөл атқарды. 1952 жылы 13 наурызда ол арнайы жарлық шығарып, Кашмирдегі найман, керей руларынан шыққан қазақтарды Түркияға саяси босқын ретінде қабылдады. 1952 жылы 16 қазанда Түркия жеріне жеткен сол 2000 қазақ түрік елінде баспанамен қамтамасыз етіліп, тіл, кәсіп үйреніп, бір жылдан кейін өз өтініші бойынша таңдаған жерлеріне қоныс­танды әрі олардың бәріне тегін үй салып берілді.

Қазіргі таңда Түркия, АҚШ, Еуропа, Иран, Пәкістан елдерінде осы көшпен барған қазақтардың ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Ұзын-саны 30 мыңнан асты. Тәуелсіздік алған жылдары олардың біразы елге оралды. Олардың арасында Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік сынды айтулы азаматтар болды. Хасен Оралтай, Дәлелхан Жаналтай Азаттық радиосында ұзақ жыл қызмет істеді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанда күллі әлемге жар салып, «Қазақ елі құрылды» деп сүйінші сұраған да солар ­болатын.

Қазақ халқы бұл ұлы тұлғаны ұмытқан жоқ. Түркиядағы қазақ диаспорасы жыл сайын оның рухына дұға бағыштайды. Алматы мен Түркістан қалаларында оның есімі көшеге берілді, 2023 жылы Түркістанда еңселі ескерткіші бой көтерді. Міне, бұл – оның бауырлас халыққа жасаған қамқорлығына деген шынайы алғыс пен құрметтің көрінісі.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Алмас НАЙМАН

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button