Мәдениет

Әбдіжәміл әлемі

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Әбдіжәміл Нұрпейісов: өмір сыры мен шығармашылығы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиынды жүргізген белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбай көрнекті қаламгердің ғасырлық мерейтойы жыл басынан бері республика көлемінде аталып келе жатқанын атап өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы жайында пікір білдірген белгілі тұлғаларға тоқталды.

«Жалпы Нұрпейісов – қазақ әдебиетінде Әуезовтің жолын жалғаған бірден-бір жазушы. Қазақ қаламгерлерінен үш-ақ адам ғана Кеңес одағының Мемлекеттік сыйлығын алған. Бұл – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов» деген Қуаныш Жиенбай жазушының «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары туралы айта келе, ол шығармашылығына асқан жауапкершілікпен қарағанын, өмірге құштар болғанын жеткізді. Жазушымен кездескен, тілдескен шақтарды еске алды.

Қаламгердің қызы Шұға Нұрпейісованың әкесі туралы толғанысы тыңдалды. Әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы бала кезінде оқыған жазушының «Қан мен тер» романынан алған әсері жайлы әңгімелеп, шығармашылығын талдады.

«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бір үлкен ерекшелігі – суреткерлігі. Жалпы Әбең көп жазған жоқ, өзін соншалықты көрсетуге тырыспады. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Соның ең біріншісі – шығармашылыққа деген адалдық. Жазушы өзінің шығармаларына ғана емес, басқа адамдардың да туындыларына асқан жауапкершілікпен қарады. Фальш көріп қалса, түзеп, күзеп отыратын. Әбең жаңа әдебиеттің тыныс-тіршілігін сезе білді. Қазір әдебиет неге тоқырап жатыр? Себебі әдебиетті бір оқиғаны баяндап беру, сөз қуу деп түсінеміз. Олай емес, әдебиет деген – психологизм, деталь, адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарын психологиялық шеберлікпен жеткізу. Әбдіжәміл Нұрпейісов осыған және өзінің шығармаларының басқа тілдерге аударылуына қатты мән беретін. Соның арқасында егер қазақ әдебиетінде шын мағынасында орыс тіліне сөлін, бояуын жоғалтпай аударылған бір шығарма бар десек, бұл менің ойымша, «Қан мен тер» романы. Оның орысшасы мен қазақшасын салыстырып оқып шықтым. Ал «Соңғы парыз» тек экологияға арналған шығарма емес, оның астарында көп нәрсе жатыр» деді Амангелді Кеңшілікұлы.

Іс-шарада филология ғылым­дарының докторы, профессор Құралай Бибітәліқызы, жазушылар Ораз Қауғабай мен Толымбек Әбдірайым, белгілі ақын, «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы естеліктер айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button