«Әбіл» фильмі халықаралық фестивальде көрсетіледі
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Швецияда өтетін Скандинавия өңірінің бас кинофестиваліне шақырту алды. Фильм 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтетін Скандинавия өңіріндегі 48-халықаралық Готеборг кинофестивалінде ұсынылады. Сонымен қатар фильм 11-18 ақпан аралығында Францияда өтетін Везуль Азия киносының халықаралық кинофестиваліне қатыспақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Фильмнің Готеборгтегі көрсетілімі – туындының Европалық премьерасы, ал Везульдегі көрсетілімі – франциялық премьерасы ретінде қарастырылуда», – дейді режиссер.
Аталған кинокартинаны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Фильм есеңгіреп қалған тұрғындармен диалог құру арқылы дискриминация, жемқорлық пен капитализм тақырыптарын талдайды. Картина тағдыры ауқымды тарихи оқиғалармен астасқан адамдардың хикаясына негізделген. Фильмнің өндірісі халықаралық мамандардың басын қосқанын да айту керек.