Руханият

Әдеби байқауда топ жарды

«Amanat» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған «Ұлы дала» рес­публикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл әдеби байқау ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды.

Іс-шараны ашқан «Amanat» партиясының төрағасы ­Ерлан Қошанов алдағы уақытта бұл жобаның аясын кеңейтіп, аудандық, облыстық, содан кейін республикалық деңгейде өткізуді ұсынды.

– Небір тума таланттар ауылдарда жүр. «Ұлы дала» байқауы сол таланттардың түлеп ұшар ұясына айналуы тиіс. Қазақ әдебиетінің келешегі тек шығармашылық қауымды ғана емес, баршамызды алаңдатады. Әдебиеттің болашағы – ұлттың болашағы. Сондықтан жаңа дәуірде жаңа есімдер керек. Тек оларды іздеп-тауып, қамқорлық көрсету қажет. Жастарды ынталандырып, жолын ашу үшін «Amanat» партиясы осы байқауды ұйымдастырып отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Байқауға бас-аяғы 152 шығарма келіп түсті. Оның барлығы aikyn.kz сайтында арнайы ашылған «Ұлы дала байқауы» айдарында бүркеншік есіммен жарияланып отырды.

– Толқынды толқын қуады. Кешегі аға буынның, бүгінгі орта буынның ізін жалғайтын таланттарымыз әдебиет айдынында аз емес. Сондықтан дарынды жастардың суырылып алға шығуы – заңдылық. Байқаудың басты мақсаты – жас қаламгерлерді ынталандыру, қанаттандыру. Сондықтан бұл байқау алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Мәжіліс депутаты, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай.

«Поэзия» аталымы бойынша бірінші орынды Жәнібек Әлиман, екінші орынды Шапағат Әбдірұлы, үшінші орынды Таңсәуле Әгенқызы иеленді.

«Проза» аталымында бірінші орынға Әлихан Жақсылық, екінші орынға Әділ Әуезханов, үшінші орынға Айзат Рақышева лайықты деп танылды.

«Балаларға арналған шығарма» аталымында бірінші орынды Алпысбай Әбділұлы, екінші орынды Құралай Омарова, үшінші орынды балалар жазушысы Айсұлу Әлмаш қанжығалады.

«Драматургия» аталымы бойынша бірінші орынды Ықылас Шалғынбай, екінші орынды Ақлима Сапарова, үшінші орынды Тоқтарәлі Таңжарық жеңіп алды.

Биыл тұңғыш рет тағайындалған «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын алаштанушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай, «Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты ақын, жазушы, киносценарист Ұларбек Нұрғалымұлы иеленді. Ал «Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған» арнайы сыйлықты жазушы Абай Аймағамбетов жеңіп алды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button