Айтпайын-ақ деп едім!

Әдептен озбайық!

Жалпы қазақы болмысымызда «сіз-біз» дескен деген ұғым бар. Бұл белгілі бір қоғамда жалпыға ортақ әдеппен сөйлесудің жөнін білдіреді. Қазіргі «бәрі қазақша сөйлесін» деген ұранның аясында көпшілік жерде, қоғамдық ұйымдарда қалай «сіз-біздесуді» естен шығарып, беттен алуды әдетке айналдырып бара жатқан сияқтымыз.

Мысалы, базардан бастап сапаржай, емханалар, аурухана тіпті, ірілі-ұсақты мекемелердің есігінде отырған күзетші де ыңғайы келсе өзінің кісі екенін білдіріп, ірі сөйлеуге бейім тұрады. Сол мекемелермен телефонмен байланыссаң да, ар жағында қазақша айтқанда, беттен «жұлып» алғандай сұрағыңа жауап естігенде, есеңгіреп қаламыз.

Өзіме де керегі осы ма деп ойланып қаласың. Бәрі жөн, қазақша сөйлеп тұр. Бірақ бұл қазақшаның ауызекі көшеде айтылатын, қоғамдық орындарда айтылмайтынын екінің бірі түсіне бермейді. Түсінбеген соң жөні осы деп тартынбайды, түсінген жан қапаланып тілін тістейді. Деңгейі төмен, ізденісі аз  қазақтың мәдени, әдеби тілінен хабары жоқ болғандықтан, ауызекі сөзді қоғамдық орындардың қарым-қатынас тіліне айналдырып жіберді.

Қазақ тіліміздің мәртебесі үшін деп көз жұмып қарауға болмайды. Барлық жағдайға арналған, ойын майдалап жеткізетін сөз мәйегін неге қолданысқа енгізбеске? Үйретсе, талап етсе, қолданар еді ғой.

Меніңше, білмегеннен от басады. Бұрынғы қазақ тілінің әртүрлі қолданысын жақсы білгендердің соңы қазір зейнетте. Олардың орнын  тоқсаныншы жылдардан бері қарай жетілгендер басты. Олардың балаларының да қолы үлкенді-кішілі қызмет атқарып, халықпен араласып жүр. Бұл ұрпақ та қазақ тілінің мәйегіне де «уызына» қаныққан жоқ. Қай сөз қайда қолданылып, қай жерде айтылатынынан бейхабар.

Одан соң «қазақша сөйлесін» деп қолтығына су бүркіп, қолпаштап қойған соң не сұрайсыз?! Тіл біл дегенде былдырай бер дегеніміз емес болар. Адамзатқа тән үрдіс, әдеп бар. Оны естен шығаруға ешкім рұқсат берген жоқ.

Кісінің сұрағына ізеттілікпен жауап беріп, сіз-біз дескеннен ұтылмаймыз.  Қарапайым ибалы мінез-құлық ережелерін сақтау кішілікке, биік мәдениетке жетелейді. Сондай ортада өзіміздің жақсы жағымызды асырып, жаманымызды жасырып, өзімізбен бірге өзгенің де жайлы сезінуіне ықпал етеміз.

Бұл этикет деген ұғымның да шеңберіне сияды. Еске сала кетсем, бұл француздардан жетіпті.

Людовик XIV тұсында қабылдауына келген қонақтардың ұстануы тиіс ережелері жазылған қағаз ұстатады екен. Осылайша бертін келе сот,  әскери, дипломатиялық әдебі қалыптасқан. Мұнда қойылатын талап сәйкестік талаптары өте жоғары. Ол мүмкін  өз орнында қолданылып та жүрген шығар. Зайырлы этикет бар, адамдардың қарым-қатынасының әртүрлілігіне қарай әрбір нақты жағдай үшін өз ережелері бар. Мәселен, «іскерлік этикет» және «корпоративтік этика» ұғымдары кеңінен тарады. Бұлардың бәрі белгілі бір әлеуметтік тәжірибені, моральдық идеяларды және талғамдарды топтастырады. Ортан белінде темірқазығы сөйлеу мәнері мен әдебі жатыр. Ол ақсаған сайын сөйлеу мәдениетіміз кері кетіп барады…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button