Білім

Әдепті бала

Менің сүйікті ұстазым – Аида Бақытжанқызы. Ол – сыныптағы барлық оқушыны бірдей жақсы көріп, бойы­мыздан әдептілік пен жақсы қасиетімізді көретін және менің үлгі тұтар ұстазым.

Мектепке келгенде біз ұстанатын қағида осы:

Күлімдеп күн бүгін қарады маған да.

Күлімдеп күн бүгін қарады саған да.

Күлімдеп күн бүгін қарады баршаға.

Негізінде, күнделікті сабақта біз өзімізді ел қорғайтын ерекше бала сезінеміз, себебі бізді: «Есте сақтайық. Өтірік айтпа. Уәдеде тұр, кітапты жыртпа» деп күнделікті айтып, жақсылыққа баулып отырады. Ал біз жақсы болуға тырысамыз.

ІІ тоқсаннан бастап елорданың барлық білім беру ұйымында «8 минуттық көркем әдебиет оқу» жобасы басталғаны белгілі. Біз үшін сабақ алдында 8 минут кітап оқу – керемет жоба. Қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесін сыныбымызбен оқуды бастадық. Біз осы оқуларға асығамыз, себебі достарымызбен бірге оқу ерекше қызық. Ал мен «Көксерек» әңгімесінің 1929 жылы жазылып, поляк, моңғол, неміс, эстон, венгр, голланд тілдеріне аударылғанын және 1974 жылы фильм болып жарыққа шыққанын білдім. Осы 8 минут ішінде алар біліміміз бен іліміміз өте көп.

Біз ешқашан өтірік айтпайтын баланы шыншыл дейміз. Қолындағы затпен бөлісетін баланы жомарт дейміз. Сабаққа кешікпейтін баланы жауапты, үнемі ата-анасына көмектесетін баланы тілалғыш дейміз. Көп оқитын баланы ақылды дейміз. Осындай әртүрлі қасиет барлығымыздың бойымызда бар. Ұстазым айтқандай, біз әдепті баламыз!

Айсана СЕРІКБАЙ,

Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің

4-сынып оқушысы

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button