Әділет министрлігінің өкілдері Meta компаниясының басшыларымен кездесті

Астанада Әділет министрлігінің өкілдері Meta компаниясының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Meta компаниясының Орталық Азия және Шри-Ланка бойынша қоғамдық саясат бөлімінің басшысы Сенура Абейварденмен кездесті.
Іс-шарада цифрлық платформаларда зияткерлік меншік нысандарын пайдалану мәселелері, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу тақырыбы талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік Әділет министрлігі мен Meta компаниясы арасындағы онлайн-келіссөздердің нәтижесінде қазақстандық музыка Instagram мен Facebook платформаларына қайта орналастырылған болатын. 9 сәуірде Қазақстандық авторлар қоғамы мен Meta компаниясы арасында қазақстандық авторлар мен құқық иеленушілердің авторлық құқық және сабақтас құқықтарын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі келісім жасалды.
Цифрлық платформаларда авторлық құқықты сақтау тетіктерін талқылау және зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтасты күшейту мәселесін қарастырған қос тарап алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмысты жалғастыруға уағдаласты.