#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Әділет салтанат құрған қоғам қарыштап дамиды

дейді көрнекті қайраткер Қуаныш Айтаханов

Қазақ ұлты тарих толқынында қилы-қилы кезеңді бастан кешірді. ХХ ғасырдың 90-жылдарында қызыл империяның көбесі сөгіле бастады. Социалистік қоғамнан кейін ­нарықтық қатынастарды игердік. Енді Жаңа Қазақстан құру жолындамыз. Осындай елеулі оқиғаларға куә ғана емес, елдік ­бастамалардың бел ортасында жүріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, тәжірибесі толыққан кемел азамат Қуаныш АЙТАХАНовқа ­арнайы сәлем бере бардық.

Қазақы ілтипатпен қарсы алды. Қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен өзіне бірден баурай кетті. Ел ағасының ізет көрсетуінен көңіліміз жылып, еркінсіп қалдық. Ескі таныстарша сөйлесіп кеттік. Түрлі өтпелі кезеңдерді бастан кешірген тұлғадан өмірден түйген-білгенін сұрадық. Ілкініп қалмады. Ашыла сөйлей түсті:

– Ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридің «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» дегеніндей, кішілік пен қарапайымдылық – адамды ардақты ететін қасиет. Бастысы, халық – дана екенін ұмытпау керек.

Өмірде жолым болып, өсіп-өркендеуімнің бір сыры – үнемі халықтан төмен болуға тырыстым. Елмен пікірлесіп, тілдессең, кез келген мәселенің шешімін оңай табасың. Халықтың арасында көзі ашық, көгірегі ояу, дала академия­сынан тәлім алған ақсақалдар көп. Олар елді толғандыратын қажеттіліктерді көтерумен қатар, оны шешудің тиімді тетігін айтып береді. Тек зейін салып тыңдап, дұрыс қорытынды шығара білуің керек. Болды! Өмірлік тәжірибе алаңында халықтан үйренгенім көп.

– Алты ауданның басшысы болу екінің біріне бұйыра бермейді. Артыңызда қандай із қалды? Өткенді саралаған кезде іліп алатын, көңілге медет беретін бастамалар болады ғой.

– Шүкір, оңтүстік өңірдегі аудандарға барғанда жүзім жарық. Ел ілтипатпен қарсы алып, шынайы ықыласын білдіріп жатады. Бұдан артық қандай құрмет керек?!

Қоғамдағы барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, ұлттық байлықтың теңдей және әділ ­бөлінбеуі, азаматтар құқығының қорғалмауы, заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының әділдігіне байланысты

Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында, 90-жылдарының басында Арыс ауданын басқару мүмкіндігі бұйырды. Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан, Орынбор-Ташкент темір жолы бойындағы стратегиялық маңызы бар станция. Сондықтан тікелей Мәскеуге бағынып, бірінші басшылары өзге ұлт өкілінен болған-ды. Содан болар, қазақтың қаймағы бұзылмаған өңір болғанымен ұлт ұпайы төмендеп, кеңестік идеология тереңдеп, орысша ойлайтын кез еді.

Қалыптасқан жағдайды ретке келтіріп, халықтың еңсесін көтеретін бастамаларды іске асырып, ел басқарудың қазақы рәсімін қайта жаңғыртуға барынша күш салдық. Ауыл билері, төбе билер, билер кеңесі деген қоғамдық институттар енгізілді. Ардагерлер кеңесі, ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі, жастар кеңесі, мүгедектер кеңесі, қажылар кеңесі деген кеңестер ашылды. Сөйтіп, үкіметтік емес жергілікті басқару ұйымдарының санын көбейтіп, оларды көтермелеп, қолдап, аудан көлеміндегі халықтың барлық санатын қамтитын құрылымдарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Бұлардың бәрі, түптеп келгенде, аудан көлемінде жүргізілетін әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани бағыттағы негізгі жұмыстарға кәдімгідей қолғабыс жасайтынын біздің тәжірибеміз айқын дәлелдеді. Мысалы, билер кеңесін алайық. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында өміршеңдігін дәлелдеген ел басқарудың осынау ұтымды тәсілін бүгінгі заман ыңғайына орай қолдануға болатынын байқадық. Ел болған соң онда күнделікті тіршілікке байланысты арақ ішу, төбелес, дөрекілік, ұрлық-қарлық сияқты әр түрлі жағдаят туындауы мүмкін. Міне, сондай кезде ауыл ақсақалдарынан құралған билер кеңесі дау-дамайдың одан әрі ушығып кетпеуін қадағалап, халқымыздың дәстүрінде бар үлкенді сыйлау, ізеттілік, адамдардың бір-бірімен сыпайы қарым-қатынас мәселелері төңірегінде әңгіме қозғап, жұртқа басу айтып, дауласқан тараптарды татуластырудың қазақы тәсілдерін шебер пайдалану арқылы жағдайдың жайма-шуақ аяқталуына қол жеткізілді. Сондықтан жұмыстың осы тәсіліне үнемі қолдау көрсетіп отырдық. Төрт-бес мүшесі бар ауылдың билер кеңесін құрып, әрбір кеңес­ке төраға сайладық. Олардың ауданға есеп беріп отыру тәртібін белгіледік. Біздің бұл бастамамыз бүкіл облысқа тарады. 1993 жылы Арыс ауданының базасында осы қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеу туралы облыстық семинар өтті. Халықпен жұмыс істеудің бұл тиімді тәсілін басқа аудандарға, мысалы, Созақ, Сайрам, Отырар аудандарында қызмет істегенде де қолдандым. Бұл халықпен жұмыс істеуді жандандыра түсуге айтарлықтай көмектесті. Соңғы жылдары әкімдер халыққа есеп бере бастады. 1990 жылдан мұндай мазмұндағы кездесулерді бастадық. Біз халықтың алдында жылына екі рет есеп беретінбіз. Аудан, ауыл әкімдері, мекеме басшылары бір жылда екі рет не істеп, не тындырғаны туралы халықтың алдында есеп беретін. Есеп беру кезінде көптеген мәселе көтеріледі. Пікір алмасу болады. Бұл ауыл арасынан әрі аса алмай, булығып жатқан құнды ойды тыңдап, біз біле бермейтін келелі мәселемен танысуға мүмкіндік береді. Халық – дана. Көптеген түйінді мәселенің көпшілік талқысына түскенде өз-өзінен шешімін тауып кететіні бар. Немесе мұндай кездесулер алдағы жұмысқа бағыт-бағдар беруі де ғажап емес. Жұмыстың осындай бағыты бізді халыққа жақындас­тыра түсті. Әңгіменің бәрі ашық айтылады, ешқандай жасырын әңгіме, бармақ басты, көз қысты деген болмайды. Күнделікті тіршілікке, түйткілді мәселеге қатысты ой-пікірін халық ортаға салады және айтылған сөз айтылған жерде қалмайтынын, оның міндетті түрде талқыланатынын, көтерілген мәселенің шешілетінін немесе шешілмейтінін табанда біліп отырады. Ел басқару оңай емес, біз қандай жұмыс істесек те, түпкі нәтиже бір мақсатқа жұмсалады. Ол – халықтың жағдайын жасап, күйін күйттеу. Барлық басшы қызметкерлерден ең алдымен осы талап етіледі. Сонымен бірге олардан қатаң орындаушылық тәртіп сұралады. Себебі үлкен жауапкершіліксіз, қатаң орындаушылық тәртіп пен талапсыз, бақылаусыз жайбасарлыққа жол беріліп, босбелбеулік белең алады.

Ел басқару оңай емес, біз қандай жұмыс істесек те, түпкі нәтиже бір мақсатқа жұмсалады. Ол – халықтың жағдайын жасап, күйін күйттеу. Барлық басшы қызметкерлерден ең алдымен осы талап етіледі

Сайрам ауданына әкім болып барғанымда көп ұлтты аудан халқын қазақ ұлтының айналасына топтастыру жөнінде көп жұмыс атқарылды. Өзбек ауылдарында қазақ мектебі, сыныбы ашылып, басқа ұлттың азаматтары мемлекеттік тілді меңгере бастады. Аудан орталығында Мәртөбе алаңы, Абылайхан ескерткіші, Батырлар, Ардагерлер, Құрметті азаматтар, Халықтар достығы саяжолы ашылды. Мәртөбе тарихи-танымдық кешені іске қосылып, туристер баратын орынға айналды.

– Заман өзгеруімен адамның таным-талғамы өзгерді. Қазір әлеуметтік желіде елдің сөзін сөйлеген болып, даңқ пен дақпырт қуалап жүргендерді «батыр» дейтін болдық. Ең сорақысы, соларды зиялылардың қатарына жатқызатынын тағы көріп жүрміз. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде осының аражігін ажыратып беріңізші. Зиялы деген кім?

– Жоғарғы Кеңесте әріптес болып жұмыс істеген белгілі тарихшы, академик Манаш Қозыбаев «Зиялылар – ұлттың сарқылмас қоры, ұлттың тірегі, рухани білегі, ұлттың бір қанаты, әлем таныр санаты» деп зиялылыққа анықтама береді. Шынында, зиялылық – рухы биік, танымы терең, мұраты халқының арман-тілегімен сабақтас болып келеді. Атағы бар, қызметі жоғары тұлғаның бәрін зиялы деуге тағы болмас. Ұлттың өтпелі кезеңінде елдік жолда ерен еңбек етіп, артында сәулелі ізі қалған бірегей тұлғалар бар.

– Сіз Жоғарғы Кеңестің он екінші шақырылымының депутаты болдыңыз. Осы депутаттық корпустың беделді, белді болғанын тарихтан білеміз.

– Шын мәнінде, Жоғарғы Кеңестің он екінші шақырылымындағы депутаттар әлі тарихи бағасын алған жоқ. ХІІ шақырылымдағы интеллектуалды деңгейі жоғары депутаттар өте ауқымды жұмыс бітірді. Салыс­тырмалы түрде айтсақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1936-1990 жылдар арасында, яғни 54 жылда 450 заң қабылдапты, сонда шамамен жылына 10 заң қабылданған болып шығады. Ал ХII шақырылған Жоғарғы Кеңес 3,5 жыл ішінде 265 заң қабылдады. Оның ішінде 1990 жылы 25 қазандағы Егемендік декларациясын, 1991 жылы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы конституциялық заңын, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясын атау керек. Осы шақырылымда Президент институты енгізілді, Қазақстан Республикасының Президенті де алғаш рет осында сайланды. Қазақстанның мемлекеттік атрибуттары – туы, елтаңбасы, әнұраны заңмен бекітілді. Осы тарихи оқиғаның бәрі айтыс-тартыс ешбір толас­тамайтын, қашан көрсең от болып лапылдап жанып, қазан боп бұрқылдап қайнап жататын Жоғарғы Кеңес қабырғасында жүзеге асты.

– Сіз ұлттық бағытқа басымдық берген Егемендік декларациясын қабылдаған кезде депутаттардың арасында болдыңыз. Жалпы тарихи құжаттың мәнін дұрыс түсінбей жүргендер аз емес. Декларацияның мән-маңызын қалай түсіндіріп бересіз? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ерекше мән беруінің сыры неде?

– 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Республиканың егемендігі декларациясы туралы айтпастан бұрын сол кездегі елімізде қалыптасқан ­саяси-экономикалық ахуалға тоқталып кеткен дұрыс болар. Сол кезеңде үлкен маңызды оқиғалар орын алды. Соның бірі – 1989 жылы мамыр-маусымда өткен КСРО халық депутаттарының алғашқы съезі ашық, жария түрде өтіп, съезд барысы теледидар және радио арқылы толығымен бүкіл Одаққа таратылып отырды.

Съезде кеңес өкіметі мен коммунистік партияның елді басқарудағы кемшілігі ашық айтылды. Бұл кезеңде тауар тапшылығы, азық-түліктің қымбаттауы, халықтың әлеуметтік тұрмыс деңгейінің нашарлауы, ұлтаралық қатынастағы шиеленістер күшейе түсті.

Кеңес басшылары ахуалды реттеу үшін жариялылық, жеделдету, қайта құру сияқты саясатты ұстанғанымен, оң нәтиже бермеді. Сөйтіп, 1990 жылдың басында Балтық елдері Одақтан шығып, жеке бөлінді. 1990 жылы наурызда империяны сақтап қалу мақсатында билік Бүкіл­одақтық референдум өткізіп, тең құқықты егемен республикалардың жаңарған федерациясын құрамыз дегенді алға тартты. Бұл бастаманы Одақ тұрғындарының 67 пайызы қолдады.

1990 жылы наурыз айында Жоғарғы Кеңестің сайлауы өткен-ді. Сайлаудың басты ерекшелігі – бұрын партия шопан, механизатор, құрылысшы, шахтер сайлануы керек деген пәрмен беретін болса, бұл сайлауда ғалымдар мен ақын-жазушылар, суретшілер мен сазгерлер көптеп депутат болды. Бұл депутаттық корпустың сапасын арттыра түсті.

Жоғарғы Кеңесте 360 депутат болды. Бұрын депутаттар күзде бір аптаға, көктемде бір аптаға келіп екі сессияға қатысып, заңды қабылдайтын. Ал бұл депутаттық корпустың 25-30 пайызы жалақы алып, тұрақты түрде жұмыс істеп, Үкіметпен бірге заң жобасын алдын ала әзірлеуге қатысты. Ал қалған депутаттар жылына екі рет: күзде 2 ай, көктемде 2 ай сессияға келіп жұмыс істеді.

1990 жылы 24 сәуірдегі алғашқы сессияда Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Ол Жоғарғы Кеңестің кешкі мәжілісінің күн тәртібіне ­«Республикада президенттік басқару жүйесін енгізу» туралы, «Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу» туралы заң жобасын ұсынды. Бұл туралы белгілі заңгер, ғалым Сұлтан Сартаев баяндама оқыды. Сол уақытта Одақ құрамындағы республикалар президентін сайлап қойған еді.

Екі заң жобасы қабылданып, депутаттар сессияда жасырын, жабық түрде президент сайлайтын болды. Үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылып, депутаттардың 94 пайызы қолдады. Жоғарғы Кеңестің төрағасы қызметіне Ерік Асанбаев сайланды.

Президентті сайлап алғаннан кейін күзгі сессияда елдігімізді қорғайтын заң қабылдау көтерілді. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде республиканың мәртебесін жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін Егемендік туралы декларация қабылдауға дайындалдық. Жобаны әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылды, комиссия төрағасы академик Салық Зиманов болды. Бұл кезең демократияға барынша жол ашылған кезең еді.

Декларацияны талқылау барысында комиссия мүшесі, атақты заңгер-ғалым, депутат Сұлтан Сартаев «Демократия­лық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсы өз ойын ортаға салды. Ол: «Мен әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, мынаны айт­қым келеді: сіздер ойлағандай, ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мысалы, Англия – құқықтық мемлекет. Алайда ол – ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, т. б. ұлттық негіздегі праволық елді мысалға келтіруге болады. Декларациядағы «қазақ» деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты – сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз тарихы бар халық. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес» деді.

Депутат Салық Зиманов бастаған комиссия бір аптадан астам уақыт декларация жобасына толықтырулар мен өзге­рістер енгізіп, жобаны сессияның талқылауына енгізді.

Декларация жобасы сессияда жан-жақты қызу талқыланды, оның әрбір бабы, керек десеңіз әрбір сөйлемі мен сөзі әр түрлі пікірталас тудырды. Ол кезде депутаттық корпуста басқа ұлт өкілдерінің саны басым еді. Олардың арасында «Декларацияның не керегі бар бізге? Біз Кеңес Одағында өмір сүріп жатырмыз. Әлде оған қарсысыңдар ма?» деген қарсы пікір айтылды. «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөйлемдегі «қазақ» сөзін алып тастауды талап еткен талқылау­дың өзі біраз уақытқа созылды. Комиссия төрағасы, академик, депутат Салық Зиманов өте парасатты азамат еді. Сұрақ қойғандарға қазақ тілінде де, орыс тілінде де сауатты жауап берді. Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Бәйгелдиев, Өзбекәлі Жәнібеков және тағы басқа депутаттар белсенділік танытты. Сөйтіп, Егемендік туралы декларация 25 қазан күні сағат 18.55-те қабылданды.

Бұл декларация – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғышарты болған маңызды құжат. Өйткені декларация Қазақстанның халық­аралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтады.

– Өркениет көшіне ілесудің жолы қалануда. Солай ма?

– Солай деуге де болады. Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан бастап өзінің басты ұстанымы әділет екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. Қоғам әділет салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамдағы барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтар құқығының қорғалмауы, заңдардың толыққанды орындалмауы биліктің жүргізген саясатының әділдігіне байланысты. Еліміздің дамуы қоғамдағы келісім мен ынтымаққа, ауызбіршілікке тікелей байланысты болса, ол тек әділдік бар жерде ғана болады. Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды. Сондықтан әділетсіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек.

– Айтылған сөз көп, орындалуы төмен емес пе? Бәлкім, олигополия, монополияны орталықта ғана емес, жергілікті деңгейде түбегейлі шешуде саяси билікті түбегейлі ­трансформациялау керек шығар. Сонда халықтың қолы аузына тиетін болар. Бұл қаншалықты орындалуда?

– Орындалады. Президент өзінің ұстанымын көрсетті. Кадр мәселесін шешуде байыппен қарап, олардың іскерлігіне, қабілетіне назар аударатынын білдірді. Рас, айтылады, бірақ толық орындалмайды. Жалпы алға қойылып отырған бағдарлама өте дұрыс. Енді оны бақылап, орындалуына мән берілуі тиіс.

Кезектен тыс Президент сайлауынан кейін өтетін Парламент сайлауында Парламентке жаңа тұлғалар келетіні анық. Өйткені партиялардың тіркелуінде жеңілдіктер қаралып, сайлауға түсуіне кең жол ашылды. Республикалық және жергілікті жердегі өкілді органға мажоритарлық сайлау арқылы елге беделді азаматтар келеді. Заң шығарушы орган жаңарғаннан кейін Үкіметті қайта құратыны белгілі. Осылайша ел аумағында үлкен саяси өзгерістер орын алғалы тұр.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button