Әділетті Қазақстан конституциялық реформадан бастау алды
Конституцияның 1-бабында Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқын көрсетілген. Яғни елдің басты құндылығы – адам. Біздің елдегі заңдардың барлығы адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, жайлылық туғызуға бағытталған. 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумнан кейін Конституцияда бірқатар өзгерістер орын алып, елді демократияландырып, саяси және қоғамдық өмірге қарапайым азаматтардың белсенді қатысуына жол ашылды.
Референдум – тікелей демократия институты. Онда азаматтар дауыс беру арқылы мемлекет пен қоғам үшін маңызды мәселеге пікір білдіреді. Референдум институты Ежелгі Рим мемлекетінде дүниеге келді деп жатамыз. Дегенмен, тікелей демократияның осы институтының отаны – Швейцария. 1848, 1874 және 1989 жылдардағы штаттық заңдарына референдум көрініс тапқан. 1848 жылдан бастап жалпы халықтық дауыс беру тұрақты қолданылып келген.
Референдумның 4 функциясы бар: заң шығарушы, елдің саяси өмірінің барометрі, контрбиліктілік, даулы сұрақтың арбитраждық шешімдік құрал.
Қазақстанда референдум институты мемлекеттік-құқықтық практикаға жақында енгізілді. КСРО кезінде барлық конституцияда бекітілген, бірақ іс жүзінде қолданылмады. 1991 жылы наурызда КСРО тарихындағы алғашқы және соңғы референдум өтіп, онда Одақты сақтау туралы мәселе қаралды. Алайда референдум кеңестік билікті құлдыраудан құтқара алмады.
1993 жылы бірінші Конституцияда бұл институт құқықтық тұрғыда бекітілді. Заңдар жинағында мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді шешуде референдум өткізу мүмкіндігі қарастырылды. Осы Ережені негізге алып, 1995 жылы екі республикалық референдум өткізілді. Біріншісі – 29 сәуірде Президенттің өкілеттігін ұзарту, екіншісі – 30 тамызда Конституция қабылдау.
1995 жылғы Конституциясында, кейіннен «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңында толыққанды бекіді. 2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көздеп, үшінші референдум өткізілді.
Референдумды ұйымдастыру, дайындау және өткізу ашық және жария түрде жүзеге асырылды. Референдум өткізу туралы қойылған мәселелер БАҚ арқылы азаматтардың назарына жеткізілді. Жалпы дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Дауыс берушілердің келу көрсеткіші 68,05 пайыз құрады. Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға өзгерістер енгізуге дауыс берді. Сөйтіп, Қазақстан тарихында екінші рет референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Негізгі өзгерістерге тоқталатын болсақ:
– Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар Президенттік формаға көшеді;
– Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
– Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
– Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
– Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
– Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
– Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
– Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
– Жоғары есеп палатасын құру;
– Адам құқықтары институттарын нығайту;
– Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту;
– Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.
Аталған өзгерістерді тереңірек талдайтын болсақ, бірінші кезекте, халықтың сайлау, шешім шығару құқығының жаңа көрінісі ретінде мәслихат депутаттарының рөлі күшейтілгенін айту керек. Енді халықтың ресми өкілдерінің жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіріліп, облыс, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерді қызметтен босату тетігі қарастырылды. Бұл өзгерістер әкімдердің іске жауапкершілікпен қарап, халыққа шынайы қызмет етіп, үнемі есеп беруіне негіз болады деп есептейміз.
Сенат жұмысы Мәжіліс қабылдаған жобаларға келісім беру я болмаса бермеумен шектелді. Яғни төменгі палатада қаралған нормаларды Сенат қайта қарап талдамайды. Барлық Конституциялық заңдар Мәжілістің қарауынан өтеді. Бұл аралас сайлау жүйесі бойынша сайланған таңдаулы депутаттық корпусты қалыптастырып, күшті Парламент институтын дамытып, халықтың сайланбалы органға сенімін күшейтіп, халықтың қоғамға көзқарасы өзгереді, қоғамдық тәртіптің деңгейі жоғарылайды, болашаққа деген сенім артады.
Бұған дейін шетелдік азаматтар мен компания өкілдеріне жер сатылмасын деген халықтың пікірі ұдайы естіліп тұратын. Конституциялық өзгерістерден кейін «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген тайға таңба етілгендей көрсетіп, жер халықтыкі екені айқындалды. Жер халықтың негізгі ресурсы әрі байлағы ретінде бағаланатын болады.
Ендігі ең маңызды қадам референдумнан бастау алған осы өзгерістер мен бастамаларды құзырлы органдар уақытында сапалы орындап, халық бақылаушылық белсенділігін арттырғаны абзал. Сонда елдегі демократиялық құндылықтар шынайы іске асып, заң нормалары қоғам үшін қызмет ететін болады.
Үнзила ШАПАҚ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты