Руханият

Әйел әлемінің жыршысы

Жастайынан «сөз» деп аталатын киелі де тарпаң өнердің жалынан тартып мініп, сол салаға күллі саналы ғұмырын арнап келе жатқан дарынды қаламгер, бүгінде ұлт руханиятына өшпес олжа салған қазақтың инабатты да қайсар қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі публицист-журналист, көрнекті қазақ жазушысы, аудармашы, тарихшы-ғалым Бейсенова Шәрбану Қонақбайқызы ежелгі түркінің алтын бесігі – қасиетті Алтай тауының қойнауында, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Алмасай ауылында өмірге келген.

1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін, еңбек жолын «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында әдеби қызметкер болып бастаған. Кейіннен аталған басылымда бөлім меңгерушісі, одан соң «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Әрі осы журналда 1998 жылға дейін жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдарда «Қазақ әдебиеті» газетінің «Кітап әлемі» дейтін қосымшасының редакторы болып, жаңадан жарық көрген кітаптардың насихатымен айналысты. Ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауысуына орай елордада Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа істері жөніндегі департаментінде бас маман болып қызмет атқарды.

Демек Шәрбану Қонақбайқызы бала күнінен өз жүрек қалауымен таңдаған, армандаған, кейін сол мамандықта жоғары білім алып, оның қыр-сырын меңгерген журналистикаға өмір бойы адал болды, өмір бойы сол саланың отын жақты.

Еңбектің қашан да, қайда болса да өнбегі бар. Қаламгер бұл салада тек қана бүгін жарқ етіп, ертең ескіретін әсіреқызыл тақырыптарға әуес болған жоқ. Керісінше, алғашқы журналистік жазбаларынан бастап тарихи құнын ешқашан жоймайтын, ұрпаққа берер ұлағаты мол, тағылымды, тағдырлы тақырыптарды қаузады. Журналист-публицист ретінде оның деректі новеллалары облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газеті мен «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Ақжелкен» журналдарында үзбей жарияланып тұрды. Көптеген құнды журналистік зерттеулері мен деректі әңгімелері әр жылдары «Топжарған қыздар» және «Тағылымды тағдырлар» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді.

Ол журналист ретінде қазақ елінің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан әйел-аналардың тағдырымен етене таныс болды, қазақ қоғамында орын алып жатқан небір күрделі тағдыр иелерімен бетпе-бет келді. Ол туралы жазушының өзі бір сұхбатында былай дейді: «Мен ұзақ жыл «Қазақстан əйелдері» журналында жұмыс істедім. Осы қызметім менің шығармашылығыма да өзіндік əсерін тигізіп, із қалдырды. Не жазсам да əйелдің тағдырына, əйелдің мүддесіне, əйел жанының қалтарысына терең үңілуге үйрендім. Əйел психологиясын, əйел тағдырын көп зерттеп, зерделедім. Журнал бетінде қыз-келіншектердің ішкі сырларын, өзін толғандыратын нəрселерін бүкпесіз айтуына арнайы бұрыш ашып қоюшы едік. Хаттар ағылып, толассыз келіп жататын. Сол хаттарында құпияларымен бөлісетін. Мөлдіретіп жан сырларын айтатын…». Міне, осы жағдай Шәрбану Қонақбайқызын ерікті-еріксіз түрде қазақ әдебиетіндегі әйел-ана тақырыбына алып келді. Сондықтан ол әйел-ананың нәзік жанын, оның мың иірім сезімі мен қасиеттерін, биік рухын танытуда өндірте еңбек еткен жазушы бола алды.

Жас Шәрбанудың «Мәде­ниет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» сияқты республикалық беделді басылымдарда қызмет етіп жүрген кезінде жазған новеллалары мен очерктерінде де, жарық көрген кітаптарында да басты кейіпкерлер, негізінен, қыз-келіншектер, әйел-аналар болды. Талантты жазушы әйел-ана тағдырын өзек еткен шағын жанрдан бастап, қазіргі қазақ прозасына тарихи тұлғалар туралы сүйекті туындылар бере бастады.

Сонаудағы Ғ.Мүсірепов­тен бастау алған ұлы аналар бейнесін сомдау үрдісі ­Ш.Бейсенова прозасы арқылы тың биікке, жаңа сапалы белеске көтеріліп, тарихи ақтаңдақтардың орны толды әрі ақиқаттың қақпасы ашылды.

Жазушы әйел-аналар өмірін кең қамтып, тұтас бір арулар галереясын немесе бір тарихи кезеңнің панорамасын жасап қана қойған жоқ, ең бастысы, Шәрбану Қонақбайқызы қаламгер ретінде ел тірлігіне әйел тағдыры арқылы терең бойлап, оның қалың қатпарына ой жүгіртіп, әрісі адамзаттың, берісі қазақ қоғамының қат-қабат құпиясын ашты. Ұрпақтан-ұрпаққа кетерлік ұлттық характерлер жасады. Атап айтсақ, «Бір махаббат баянындағы» Марғуа, «Зағипа» хикаятындағы Зағипа, «Қамсыздандыру агентіндегі» Нәзира, «Мизамшуақ» әңгімесіндегі Ақжамал, «Махаббаттың кермек дәміндегі» Мағия, «Жұмақыздың құбылысындағы» Жұмақыз бен Гүлжан, «Апалы-сіңлілі екеудегі» Жарқынай, «Күләйхан мен кемпірлердегі» Күләйхан, «Тойға келген келіншектегі» Шәркүл, «Мақта қыздағы» Мақта, т. б. толып жатқан ару-қыздар мен әйел-аналардың бейнесін алайық, бәрі де ақылына көркі сай, қажырлы, әулеттің, отбасының ұйытқысы, ер-азаматтың тірегі, ұрпақтардың қамқоры ретінде суреттеледі. Жасыратыны жоқ, біз көп жағдайда ер жынысты қаламгердің шығармаларындағы әйелдердің арасынан «шашы ұзын, ақылы қысқа» жандарды, өсексөздің көрігін қыздырушыларды, тіпті кейде жеңіл жүрісті ойсыз төменетектілерді көбірек кездестіреміз. Ал жазушы Шәрбану Қонақбайқызы әдебиетте әйел-аналарға жасалып келе жатқан осы бір қиянатты, қиямпұрыс, кесір көзқарасты түбірінен терістеуді өзінің творчестволық кредосы деп есептейді.

Ал тауарихтан белгілі болғанындай, Ұлы дала көшпенділері өздері танып-біліп, өздері ба­йыптап-бағамдап, өздері ұлықтап-әспеттеп, өздері қалыптастырған теңдесі жоқ ұлы дәстүрдің бірі һәм бірегейі – анаға деген шексіз құрмет. Бұл, әсте, анау айт­қандай, матриархалдық қоғамның қалдығы немесе «әйелді құдай тұтқан дәуірдің» сарқыны емес, керісінше, Ұлы даладағы ежелден бермен қарай әйелдер қауымын тіршіліктің бастауы, өмірді жалғастырушы, әулеттің ұйытқысы ретінде ерекше құрмет тұтатын озық дәстүр болатын. Сондықтан Ұлы дала елінің бүгінгі перзенттері – қазақтарда өте қастерлі, ерекше қасиетті, айрықша кие­лі, ең өміршең ұғымдар мен құбылыстарды «ана» сөзімен байланыстырып, «Жер-ана», «Отан-ана», «Ана тіл» деп айту әдепкі дағдыға айналған. Осы тарихи дәстүрді жан дүниесімен терең сезініп қана қоймай, тарихтағы ұлы аналарымыздың әрбіреуін соңғы жылдарда елдің іші-сыртындағы шаң басқан архивтерден аршып алып, Алаш баласының назарына жаңғырта, жарқырата ұсынуын Шәрбану Қонақбайқызының бойындағы кемел парасаттылық қана емес, үлкен ерлік деп бағалаған орынды. Қаламгердің сондай жанкешті еңбегінің нәтижесінде өмірге келген Сүзге, Сүйінбике, Ақсұлу, Домалақ ана, Қызай ананың көркем образының бәрінде де қазақ қыздарының бойындағы ұлы қасиеттері шынайы да сыршыл қалыпта өрнектелгені бірден көзге ұрады.

Бүгінгідей мерейлі сәтте жазушы Шәрбану Бейсенованың айтпай кетуге болмайтын тағы бір қыры – мынау алмағайып заманда екінің бірінің бойынан кезіге бермейтін һәм қолынан да келе бермейтін ұлағатты ана, асыл жар ретіндегі адами қасиеті. Өздеріңіз білесіздер, Шәрбану Қонақбайқызына да тағдыр жеңіл сынақ берген жоқ. Азамат болып қалған бауыр еті Дәуренінен бір, сүйіп қосылған асыл жары – асқар тауы Сағатынан екі айырылды. Мұндай ауыр сынақты да Жаратқан иеміз «осы көтере алады» деп сенген пендесіне ғана беретін шығар?! Қара нардың да қабырғасы қайысар осынау зілмауыр қасірет пен қиындықты Шәрбану Қонақбайқызы егіле жүріп еңсеріп, жылай жүріп жеңіп шықты. Осылайша ол ел-халқына тек өз творчествосы арқылы ғана емес, өмір-тағдыр жолымен де шаңырақты сақтау, отбасын айрандай ұйыту, азаматты пір тұту, ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қою секілді қазақ әйеліне, ұлы аналарға тән ұлағатты қасиеттерді көрсетіп келеді.

Аса дарынды сыншы-ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев мезгілсіз қаза болғаннан кейін, Шәрбану Қонақбайқызы өз шығармашылығын ұзақ жылдар бір жаққа ысырып қойып, бар уақытын, күш-жігерін Сағаттың артында қалған ұшан-теңіз мұрасын түгендеуге жұмсады. Қаншама газет-журнал тігінділерін ақтарды, жазылып, кезінде жарияланбаған қаншама қолжазбасын тапты, сөйтіп, әр жылдары ұлы сыншының екі томдығын, үш томдығын құрастырып шығарды. Сағат Әшімбаев қайтыс болған жиырма жыл ішінде ол Сағат Әшімбаевтың атын ұрпақ есінде қалдыруға арналған қаншама іс-шараларға ұйыт­қы болды. Шәрбану Бейсенова­ның өлшеусіз еңбегі мен табандылығының арқасында С.Әшімбаевтың өзі оқыған мектебінде мұражай ашылып, туған ауылындағы бір көшеге оның аты берілді, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінен «Сағат Әшімбаев аудиториясы» ашылды. Ш.Бейсенованың бұл тараптағы еңбегіне тәнті болған марқұм Әшірбек Сығайдың өз кезінде: «Шәрбанның Сағат мұрасын сақтауда, халыққа танытуда істеген еңбегіне тәнті боласың. Басқа біреулер мән бермейтін, ұсақ-түйек деп қарайтын қағаздарына дейін зерттеп, жарыққа шығарды. Бұл дүниелердің Сағаттың ел білмейтін көптеген қырының ашылуында мәні зор» деп жазғаны есімізде.

Бүгінгі сөзімізді қазақ әдебиетінің мэтрі, академик Серік Қирабаевтың мына сөзімен түйіндесек дейміз: «Журналистік қызметте жүріп өмір таныған Шәрбанудың шындықты терең түсінуі мен адамдарды тануы оның жазушылық қаламына жел бергені оның шығармашылығынан анық байқалады. Қаламгерге тән байқағыштық, құбылысты сурет күйінде көру де оған көп көмектескен. Сөйтіп, Шәрбанудың сәтті шығармашылық еңбегіне жол ашқан. Оның характері де дара, суреттейтін оқиғалары (сюжет, фабула) да нанымды, тілі де құнарлы, ойлы. Айтары бар, ұсынар сабағы мен ғибраты да мол. Оны қазақ әйелі табиғатының жыршысы деуге әбден болады».

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button