Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «БҰҰ-әйелдер» ұйымының қолдауымен «Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты дамудың негізі ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Талқылауға Әділет, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің, БҰҰ, ЕҚЫҰ ұйымдарының белсенділері, адвокаттар мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Дөңгелек үстел жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін әлемнің 90-нан астам елінде өткізілетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясына орай ұйымдастырылып отыр.
Қазақстан бұл бастаманы қолдай отырып, гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі жаһандық бастамаға қолдау көрсетеді. Акция аясында ел өңірлерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған 160-тан астам іс-шара шоспарланған.
Іс-шара әйелдер мен балаларды қорғауға байланысты өзекті мәселелерді талқылауға, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша практикалық шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.
Кездесуде әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, құқықтық мәдениетті арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелер талқыланды.