Ел тынысы

Мерекеге орай «Астана опера» театрында «Аққу көлі» балеті сахналанады

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана Опера» театрында П.Чайковскийдің көпшілік ұнататын «Аққу көлі» классикалық балеті қойылуда.  Әлемдік хореография жауһары 7-8 наурызда театрдың Үлкен залы сахнасында көрермендердің назарына ұсынылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

– П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін ұсыну – театрдың барлық шығармашылық ұжымы үшін үлкен қуаныш. Осынау сәтті пайдалана отырып, біздің қымбатты нәзік жанды көрермендерімізді, әріптестерімізді, аналарымыз бен әпкелерімізді, қыздарымызды және барлық әйелдерді осынау қуанышты күнмен құттықтап, оларға мықты денсаулық, амандық, молшылық, жақсылық әрі ғажайыппен кездесуден шабыт алуды тілейміз, – деп атап өтті балет әртістерінің ерлер құрамы.

Театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың хореографиялық редакциясындағы спектакльдің жаңартылған нұсқасының премьерасы «Астана Операда» 2018 жылы өтті. Содан бері спектакль елордадағы туған сахнада да, Маскат (Оман) немесе Валенсия (Испания) сынды әлемнің басқа қалаларындағы гастрольде де әрдайым қалың көрермен жинайды. 2023 жылы желтоқсанда медиа-тур аясында қойылымды тамашалауға жетекші халықаралық балет сыншылары келіп, орындаушылық деңгейдің жоғары екенін атап өтті.

Италиялық Danza&Danza журналының бас редакторы Мария Луиза Буцци: «Тура он жыл бұрын негізі қаланған сәулетті «Астана Опера» театрында Азияның әртістік тәжінде аз уақыт ішінде інжу-маржанына айналатын сондай жас балет труппасы еңбек етуде. Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың мінсіз басқаруымен жас бишілердің үлкен тобы өздерінің техникалық шеберліктерімен және фирмалық дәлдігімен аттарын шығарып, көрермендерді тәнті етуде» , дейді.     Сыншының пікірінше, А.Асылмұратованың «Аққу көлінің» нұсқасы солистерден бастап кордебалет әртістеріне дейін труппаның барлық мүшелеріне мінсіз ақ актілерде, дивертисменттер мен сарай маңындағы сахналарда жарқырауға мүмкіндік беру үшін жасалған.

– Осынау қойылымның жұлдыздары мақтауға лайық, бұл – Одеттаның рөлін жарқын әрі әсерлі етіп сомдайтын, одан кейін жігерлі, дарынды Зигфридпен бірге Одиллияның рөлінде ширақ болатын труппаның жетекші солисі Айгерім Бекетаева. Сөздің реті келгенде айта кетейін, оның бидегі серігі Диас Құрманғазының жасы небәрі жиырма үште, жастығына қарамастан өзі солист. Дегенмен топтық билерде, аққулардың айналмалы иілімдерінде және ансамбльдің біркелкілігінде жақсы дайындық анық көрінеді. Үздік солистер аз болған жоқ, алайда бұл жерде дивертисментте «сайқымазақтар» тобының сүйемелдеуіндегі жігерлі акробатикалық Шуттың партиясындағы Ақарыс Бейбарыс пен қаһарлы Ротбарт бейнесіндегі Жәнібек Ахмедиевтің тамаша ойынын атап өтуіміз керек. Солистер Аделина Төлепова, Мөлдір Шәкімова және Эркин Базарбаев өнер көрсеткен па-де-труа да кем түскен жоқ, – деп жазды Мария Луиза Буцци Danza&Danza басылымының 2024 жылғы қаңтар/ақпан айларына арналған санының беттерінде.

Бұл күндері елорда тұрғындары мен қонақтары спектакльдің басты кейіпкерлерінің бейнелерінде танымал қазақстандық балет әртістерін, «Астана Операның» жетекші солистерін көретін болады. Сонымен, нәзік Одетта мен зұлым Одиллияның партияларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева мен Айгерім Бекетаева таныстырады, ал Зигфрид ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Диас Құрманғазы сомдайды. Театрдың симфониялық оркестрі италиялық маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өнерін паш етеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button