Әйгілі әуендер әуеледі

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі әйгілі италиялық композитор Джузеппе Вердидің шығармаларынан құрылған «Вердиана» концертін ұсынды.
Филармонияның классикалық вокал бөлімінің солистері симфониялық оркестрдің (көркемдік жетекші, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин) сүйемелдеуімен Вердидің әйгілі ариялары мен дуэттерін орындады. Концертте «Трубадур» операсынан Леонора мен граф ди Луна дуэті, «Сицилия кеші» операсынан Еленаның болеро әні, «Бал-Маскарад» операсынан Ренатаның речитативі мен ариясы, «Травиата» операсынан Виолеттаның «Addio del passаto…» ариясы, басқа да танымал опералық ариялар орындалды.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыргөзов, Сүндет Байғожин, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Фируза Рахметова, Әйгерім Аманжолова, Алтынбек Арыстанбек, Нұрсат Алмас, Салтанат Мұратбекова, Ринат Нұрмахан өнер көрсетті.