Басты ақпаратҚоғам

Әке көрген баланың орны бөлек

«Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» деген сөз бар. «Әке көрген оқ ­жонар», «Әкеге қарап ұл өсер», «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақылдар осы заманда өте өзекті. Бала тәрбиесі – ең жанды жеріміз. Асырауы – анадан, жауапкершілігі – әкеден, үйде ана тәрбиелесе, түзде жүріп әке отбасының тірегі ретінде баланың әр қадамына, адам болып қалып­тасуына жауапты.

Ұлттық құнды­лықтарымыз шетелдің теріс насихаты салдарынан шетке ысырылған сәтте қайтсек әке беделін биіктете аламыз, қайтсек бала тәрбие­сіндегі әке рөлін күшейте аламыз деген сауалдармен Астана қаласының М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының Әкелер кеңесінің төрағасы және С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы Әкелер кеңесінің төрағасы, 5 баланың әкесі Жалғас ­КУСПЕКОВТЕН одақ жұмысы туралы сұраған едік.

– Жалғас Хайруллаұлы, мұғалімдер «Бала тәрбиесі қиындап кетті. Телефон, ­интернет-ойындардың кесірінен балада да, ­ата-анада да агрессиялық көзқарас қалыптасты. Қазіргі мультиктердің өзі бір түрлі, цензура жоқ, теледидар да не болса соны көрсетеді. Цифрлық аутизм көп балаларда. Коммуникация жоқ, отбасы тәрбиесі жоқтың қасы, оның басты себебі – әкенің тәрбиедегі рөлінің аздығынан» дейді. Осыған не дейсіз?

– Отбасы тәрбиесіндегі әке рөлі – өте өзекті проблема. Қазір әртүрлі себеппен толық емес отбасылар көп, сондықтан да балалардың көбі эгоист болып өсіп келе жатқанын айтуымыз қажет. Біреудің жалғызы, біреудің еркесі қалағанын ата-анасы алып береді, содан оның қоғаммен, айналамен байланысы нашарлай беретіні түсінікті. Оны бірақ біз қоғам болып емдеуіміз керек, әке рөлін алға шығару, беделін арттыру керек деп есептеймін. Қазір мектептегі жиналыс­тарға барсаң, тек аналар отырады, әкені ілуде бір кездестіресің, кейде ол да жоқ. Әрине, жұмыс істеу керек, бала асырау бәрінен маңыз­ды, бірақ уақытын тауып, бала тәрбиесімен айналысу кезек күттірмейтін іс екенін күнде айтып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге нәтиже жаман емес, әкелер тәрбие ісіне араласуға ниет білдіруде.

– Білім сапасы төмен, тәрбие жоқ. Қатарластарынан түрлі құқай көрген мектептегі балалар қоғамдағы түрлі жағдайдан соң, я әлеуметтік желідегі әлімжеттіктен кейін өзіне қол жұмсайды немесе дәрі ішіп қояды. Қатты сөйлеуге болмайды, егер де сөйлей қалсаң, ата-анасы таяғын сүйретіп келіп тұрады. Астанада осы бала тәрбиесіне қатысты жұмысты «Әкелер одағы» енді қолға алып жатыр екен, қандай іс-шаралар, кездесулер ұйымдас­тырылды? Жалпы «Әкелер одағы» жұмысы нәтижелі деп айта аласыз ба?

– Бұрын әке-шешемізге «Ағай, я апай ұрысты, ұрды, сабақ оқымағаным үшін жазалады» десек, қазіргі ­ата-аналар бала үшін мұғалімді «жеп» қоя жаздайды… Үйде тәрбие беруге уақыты не болмаса ықыласы жоқ, бәріне баланы емес, мұғалімді кінәлі деп тұруға бейім. Біздің қатарластарымыз үшін ұстаздың жөні бөлек – сонадайдан көрсек, амандасып, құрмет көрсетеміз. «Әкелер одағының» басты жұмысы да сол педагогтардың мәртебесін көтеру арқылы бала тәрбиесіне атсалысу, қазір республика көлемінде бұл мәселе қолға алынып жатыр, әкелердің VII съезін өткіздік, біраз жұмыс жасалып отырғанын айтуымыз қажет.

Тәрбие беру деген мәселені айтар болсақ, бұрын мектепке ата-ана емін-еркін, кез келген уақытта кіруші еді, қазір арнайы рұқсаты болмаса, алдын ала келіспесе, оқу ордасына бас сұғу қиын. Әрине, мұның қауіпсіздік шараларына байланысты себептері бар, әрине, бірақ аптасына бір рет болса да ата-ана мектепке кіріп, баласымен спорт іс-шараларына немесе сабағына қатысса, мұның үш жаққа да тиімді болары сөзсіз.

– Қазақ отбасында қашанда әкенің рөлі ерекше. Бұрын әкенің бір ауыз сөзі екі қайталанбайтын, дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Бірақ түрлі сыртқы идеологиялық экспансияның салдары болса керек, отбасындағы әкенің рөлі төмендеп кетті. Өйткені оның отбасындағы орнын табысы анықтайтын болды. Қалай ойлайсыз, әке рөлінің төмендеуіне өзі кінәлі ме, гендерлік теңдіктің салқыны ма, болмаса басқа себептері бар ма?

– Қазақ отбасында әкенің орны ерекше. «Әке – асқар тау» деп бекер айтпаймыз, әкенің мейірімі, басыңнан сипап, күле қарағанына жетер құндылық жоқ шығар деп ойлаймын. Ананың мың айтқанынан әкенің тоқетер бір айтқаны бала үшін өтімді, әкенің бір ауыз сөзі оқтай деген жеріне тез жетеді. Тек мынау жаhанданудың, сырттың қызылды-жасылды арзан идеологиясы менталитетімізді өзгертіп жатқанына қынжыламын. Қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына жетер ештеңе жоқ, мұнда тәрбие, сана, білім, көркем мінезбен өсу жолдары, қоғамға, халқына сол арқылы пайдалы болу – барлығы бар. Еуропаша тәрбиеленген балалар әкесіне сөз бермейді, ал қазақы тәрбиені алғандар әкесі тұрып сөйлемейді, ондай көргенсіздік танытпайды. Соның бәрін айтып, қоғам болып түзетудің жолын қарастырып жатырмыз, уыстан шыққалы тұрған ұлттық тәрбиені ұрпақтың бойына дарытуды дәріптейміз. Жақында қаладағы 98 мектепте волейбол, баскетбол сынды спорт түрлерінен жарыс өткізіліп, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сара­йында белсене қатысқан әкелерді грамотамен құттықтап, бағалы сыйлық үлестірілді. Осындай іс-шаралар үздіксіз жүргізілуде, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, бұған әкелер бұрынғыдай емес, белсенділік танытып, ықыласын білдіруде, соған қуанамыз. Бұл «Әкелер одағының» жемісті жұмысының нәтижесі деп айта аламыз. Алдағы уақытта тек қана Астанада емес, республика көлемінде әкелердің қатысуымен іс-шаралар өткіземіз деген ойдамыз.

– Отбасыңыздағы қыз балаларға қаталдау талап қоясыз ба, жоқ әлде жылы қарым-қатынас арқылы тәрбиелеуді жөн көресіз бе? Ұлыңыздың қандай адам болғанын қалар едіңіз? Олардың болашақта мамандық таңдауына араласасыз ба?

– «Қыз – қонақ» қой, керек кезінде еркелетіп, сонымен қатар, тәрбие беруді де ұмытпауымыз қажет. Қыз балаға қатты айта алмайсың, бірақ барынша ұлттық тәрбиені сіңіруге тырысамыз, нәтижесі жаман емес деп ойлаймын. Ұлымыз әлі кішкентай, ерке, бірақ барды бар, жоқты жоқ деп айтамыз, еркіндік пен тәрбиені қатар береміз. Үлкен қызым – жоғары оқу орнында, ағылшын тілінің маманы, екінші қызым қонақүй бизнесі, тамақтану мамандығы бойынша колледжде білім алып жүр. Үшінші қызымның арманы – дәрігер болу, кенже қызым суретті жақсы салады. Ал ең кенжетайым – ұлым полиция немесе өрт сөндіруші болғанды ұнатады. Телеарнадан не көреді, соны таңдағысы келеді, мұндайда мультфильмдердің әсері сұмдық екенін ескеру қажет. Бала не көрсе, соны жасауға тырысады, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Әрине, кішкентай болғандықтан, мамандық таңдауға әлі ерте, жақсы бағыт бере алсақ, педагогтармен бірге лайықты тәрбие бере алсақ, менің де балаларым өмірден өз орнын тауып, еліне пайдалы маман болып шығарына сенемін.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button