Руханият

Әкемнің мұрасы – халық қазынасы

Өнер әлемінде тұсауымды кескен алғашқы ұстазым – әкем. 6 жасымнан қолымнан жетектеп Алматы қаласындағы республикалық Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне алып барып, өмірдің даңғыл жолына салған адам. Өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысып, өмірге деген құлшынысымды арттырған қайталанбас тұлға. Әкеміздің әрбір шығармасы елдің рухын көтеретін, Ұлы даланың ұлы тарихи тұлғаларының бейнесін күйлерімен суреттеген. «Төле би толғауы», «Тұран елі», «Шабыт», «Самғау» күйлерін айтатын болсақ, бұл дүниелер – қазақтың тарихы.

Әкеміз – әйгілі күйші Әбдімомын Желдібаев – қазақ халқының көрнекті қайраткерлері, билері мен батырларының ерлігін күймен күмбірлетіп, қазақтың күй өнерінің қоржынына қомақты үлес қосқан азамат. Анасының рухына «Сұлутөр» әнімен мәңгілік ескерткіш орнатқан жыр алыбы. Ауылға келгенде таң атқанша таңмен таласып сыр шертіп, таңшолпанды қарсы алып ұзақ отыратынбыз. Әкем өмірімдегі ең адал ұстаз, ең сенімді дос және нағыз өнердің шынайы жанашыры еді. Күйші Әбдімомын Желдібаевтың күйлері тек әуен емес, жүректің үні, халықтың шежіресі, қазақ рухының биік шарықтауы болатын. Оның әрбір нотасында терең мағына жатыр, әрбір шығармасында қазаққа деген жүрегінің дүрсілі сезілетін.

Мен үшін әкем тек өнер адамы ғана емес, өмірдің ең маңызды құндылықтарын үйреткен тұлға болды. Ең алдымен, шынайылық пен еңбексүйгіштік қасиеттерді бо­йыма сіңірді. «Өнер таза жүректен туады» деп жиі айтатын. Сол сөздері шығармашылығыма бағыт-бағдар беріп, әрбір әуенді жүрекпен сезінуге үйретті. Әкемнің жанында жүрген әр сәт үлкен мектеп еді. Ол тек күй тартып қана қоймай, оның терең мағынасын ашып, әрбір дыбыс­тың тарихын айтып беретін. Қолына домбырасын алғанда, бүкіл әлем ұйып тыңдағандай болатын. Оның шерткен күйлерінде туған жердің самалы, ана әлдиі, көшпенді бабалардың дауысы естілетін.

Маған арнаған «Балбөбегім» атты шығармасында мынадай керемет жыр шумақтары бар:

Ер жетіп есейген соң

еңбегіңмен,

Сен шықшы мен шық­­па­ған шыңға, балам, – деп айтылады.

Аллаға шүкір, әкемнің шы­ғармаларын өңдеп, әндерін жұбайым, әнші Сәуле Желдібаева орындап, біраз алғысын, батасын алдық. Сәуле екеуміздің ұл-қыздарымыздың бәрі ата жолын қуып, өнерімен халыққа қызмет етіп келеді. Тұңғышымыз Меруерт Желдібаева 6 жасынан күйші әрі әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, қазіргі таңда сол оқу ордасында дәріс береді. Үлкен ұлымыз Шалқар 6 жасынан скрипка аспабын меңгеріп, ҚазҰӨУ-ді бітіріп, қазір Астана Операда музыкант болып қызмет етеді. Ал кенже ұлымыз Нұрғиса атасының қара домбырасын игеріп, музыка мектебін бітіріп, қазіргі таңда Л.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс алып жүр. «Тамырымды тереңге жайған әулетімнің дәулеттері» деуші еді марқұм әкем. Ол кісінің артына қалдырған мұрасы – тек менің ғана емес, бүкіл қазақ халқының қазынасы. Күйлері мен әндері, әңгімелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Әкемнің рухы әрқашан менімен бірге. Оның мұрасы мәңгілік!

 Талғат ЖЕЛДІБАЕВ,

Астана қаласы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі­нің хор дирижері, сазгер

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button