Әлеумет

Әкесі де су маманы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Жұмысшы мамандықтары жылын» жариялағаны белгілі. Атаулы жылы халыққа деген қызметі көзге көріне бермес кейбір сала мамандарына құрмет көрсету басты міндет болып тұр. Ал біз осы мақаламызға арқау еткен кейіпкер – су саласының қызметкері. Дұрысы, 15 жылдан бері табан аудармастан «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істеген һәм әлі де істейтін Қуаныш Сұлтанбаев жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

 

36 жастағы жігіт ағасы – Түркістан облысының тумасы. Мектеп бітірген соң Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде жоғары білім алыпты. 2010 жылы өзінің қазіргі қызметіне тікелей байланысты «сумен жабдықтау мен кәріз жүйелері» мамандығы бойынша аяқтаған.

«Университетті бітірген соң осындағы 65 жылдық тарихы бар «Астана су арнасы» мекемесінің жөндеу-­құрылыс учаскесінде 3-разрядты слесарь болып жұмысқа орналастым. 1,5 жылдан кейін жөндеу-құрылыс учаскесінің шебері болып тағайындалдым. 2012 жылы елордамыздың Сарыарқа ауданындағы кәріз қызметіне шебер болып ауыстым. Ал 3 жылдан соң Есіл ауданы кәріз қызметінің басшысы, 2017 жылдан бастап кәсіпорындағы кәріздендіру жүйесі бөлімінің басшысы болып жұмыс істеп келемін» дейді Қуаныш.

Қуаныштың сөзінше, мекеменің кәріздендіру жүйесінде 320 жұмысшы бар. Тәулік бойы жұмыс істейтін жігіттер көбіне iKomek 109 қызметі арқылы түскен шағымдар мен тапсырыстарға жедел барып, кейбір апаттық жағдайлардың алдын алып жүреді.

«Жалпы біздің мекеменің бас­ты мақсаты – қала халқын таза сумен қамту. Сондай-ақ қалдық, яғни сарқынды суды қала сыртына шығарамыз. Шығарып қана қоймай, оны арнайы сүзгі арқылы бұрынғы таза қалпына келтіру жұмыс­тарын да атқарады. Өкінішке қарай, әрине, барлығы емес, бірақ кейбір қала тұрғындары су жүретін құбырларға өзге де қалдық заттарын тастап жатады. Осындай ұқыпсыздықтың кесірінен кейде төтенше жағдай туатыны белгілі.

Қазіргі уақытта біздің кәріз жүйесінде күндіз 20, ал түнде 3 бригада осындай қызметпен айналысып отыр. Яғни қыс­тың қатал суығы мен жаздың аптабына қарамастан жарылған кәріз құбырларын ауыстыру, ашық қалған құдықтарды жабу, ішін тазарту, су жүретін жүйелерді жаңалау, сондай-ақ 200-ден астам су сорғы станциясының жұмысын үздіксіз қадағалау сияқ­ты қауырт жұмыстарды атқарамыз» дейді кәріздендіру жүйесі бөлімінің басшысы.

Айта кетейік, Қуаныштың бұл салаға қызығушылығын оятқан әкесі Сайдулла екен. Өйткені ол кісі де осы сумен жабдықтау мен кәріз жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істепті.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, 2012 жылдан бері кәріз қыз­метінде жұмыс істейтін Қуаныш өзіне жүктелген міндеттерді асқан жа­уапкершілікпен, жоғары кәсібилікпен атқарып жүр. Тәжірибелі маман ретінде жас мамандарға да үлгі. Ал басшылық сапында ол өзіне тиесілі міндеттемелерге өте мұқият қарайды. Еңбек жолында қала әкімдігі және салалық басқармалардан бірнеше рет құрмет грамотасы және алғыс хатпен марапатталған ол мекемедегі қай шарада да белсенді көрінеді. Төрт бала тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз, әсіресе, спорт жарыстарына жиі қатысып, кәсіпорын командасын алға сүйреп жүр.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button