Мәселе

Әкім мен бизнес қандай ымыраға келді?

«Ашық микрофон» форматында өткен жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен елордалық кәсіпкерлер кездесті. Бұл басқосуда іскер азаматтар маңызды мәселелерді көтерді. Сондай өзекті қажеттіліктерді ұсынып отырмыз.

Оқушылар тағамының бағасы өзгере ме?

«Отандастар» ЖШС директоры Анастасия Захаренкова білім беретін ұйымдарда бір оқушының аз мәзіріне 584 теңге қаралатынын, бұл қаржыға сапалы да құнарлы ыстық тағамды қалай дайын­дауға болатынын сұрады.

– Инфляция күн сайын өсіп жатыр. Бір балаға құнарлы тағамдармен ас мәзірін дайындайтын болсақ, ол 700 теңгеден асады. Қазір кәсіпкерлер пайда табуды былай қойғанда, шығынға батуда. Біз бір балаға есептелген мектеп тамағының құнын көтеруді сұраймыз, – деді кәсіпкер.

Елорда әкімі қазір бір балаға мектептегі тамақ­тандыру көлемін арттыру жұмыс­тары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Сіздерге сөз беремін, бір баланың тамақтану құнын шамамен 700 теңгеге жеткіземіз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қазірдің өзінде мектептегі жаңа ас мәзіріне есептеу жүргізілуде. Бірақ әкім бюджеттің шексіз емес екенін ескертті.

– Балабақша мен мектеп салу – маңызды қажеттілік. Қаланы жылумен қамтамасыз ету, сапалы су жеткізу міндеті де тұр. Бірақ бізде бюджет – біреу. Сондықтан мәселенің маңызына қарай кезең-кезеңімен шешеміз, – деді қала әкімі.

Өз кезегінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жаңа ас мәзірі әзірленіп жатқанын, оның алдын ала құны 697 теңге екенін атады.

Автотұрақ тегін бола ма?

Астана қаласының халық саны өсуімен қатар автокөлік саны артып келеді. Көшелердің автокөлік өткізу қабілеті төмендеп, кептелістер пайда бола бастады. Бәрінен бұрын, автотұрақ мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Шаһардағы әлеуметтік нысандар маңындағы автотұрақтар ақылы. Осы мәселені шешуді «Qazproperty» менеджмент және сервистік компаниялар қауымдастығының басшысы Константин Глушко көтерді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына тегін автотұрақтарды қайтаруға уәде берді.

«Тұрақ алаңдарының орындарын қайта қарас­тырамыз. Әлеуметтік нысандардағы тұрақтар тегін болады» деді қала әкімі.

Ақылы тұрақ орындары қала меншігінде, оларды «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС басқарады. Ақылы тұрақты көлік жүргізушісі пайдаланған жағдайда сағатына 100 теңге төлейді.

Бүгінде Астанада 7 мыңнан астам ақылы ав­то­тұрақ бар. Алайда ав­тотұрақтардың сервистік қыз­меті көлік жүргізушілерінің көңілінен шықпайды. Бұл туралы Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев та ескерткен еді.

– Дамыған елдердің ірі мегаполистерінде көп деңгейлі автотұрақтар салып, ақылы қызмет көрсетеді. Бірақ біздің шенеуніктер ізденбей, бұрыннан жабдықталған автотұрақтарды көк түспен белгілеп, ақша тапқанды жөн көреді. Бұл арада табыстың 75 пайызы жеке серіктестің қалтасына түседі, – деді QazProperty қауымдастығының өкілі.

Жергілікті өндірушілерді тарту маңызды

Ел макроэкономикасын көтеруде отандық кәсіпкерлерді қолдап, олар өндіретін өнімдерге сұранысты арттыру – маңызды бастаманың бірі. Міне, осы мәселені «Qazaq Stone» ЖШС директоры Дәурен Ағзымов көтерді. Оның сөзінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруда отандық тауар өндірушілерді қолдау маңызды екенін айтты. Астанада бірқатар құрылыс өнімдері, жиһаздар, тас, бетон, электр жабдықтары, пластикалық терезелер, кабельдер, құбырлар және тағы басқалар шығарылатынын атап өтті.

Әкім бұл бағытта мердігер компанияларға нақты тапсырма беретінін айтты.

«Қала туризмін дамыту орталығы» бірлестігінің директоры Татьяна Верницкая туризм инфрақұрылымын дамытуда әкімдік туризм бөлімін құрғаны дұрыс екенін айтты.

Бас қаланың басшысы ішкі туризмді дамыту маңызды басымдық екенін атап, құзырлы басқарма бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын, ұсынысты қарастырып көретінін атады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button