Басты ақпаратРуханият

Әл-Фараби мұрасы Иранда қалай зерттелді?

Иран Ислам Республикасы Саңлақтар мұрасы қоғамының ұсынысымен 2021 жылдың 21 ­қарашасы тұңғыш рет ресми түрде «әл-Фараби күні» ретінде күнтізбеге енгізілді. Бүкіләлемдік философтар күнімен сәйкес «әл-Фараби күнінің» тойлануы – Иран елі үшін ғана емес, бүкіл ислам әлемі үшін аса маңызды оқиға. Осы атаулы күнге орай ғұламаның адамзатқа ­қалдырған мұрасының Иранда зерттелуі жайына шолуды назарларыңызға ұсынамыз.

Шығыстың ғұлама данышпаны әрі философы Әбу Насыр Мұхаммад Ибн Тархан әл-Фараби (870-950 жж.) бүгінде Отырар деп аталып жүрген көне Фараб қаласында дүние есігін ашқан. Кейбір тарихшылардың пікірінше, Фарабидің тегі парсы болса, басқалары оның түркі болғанын тілге тиек етеді.

Фараби философиядағы ұлылығының арқасында «екінші ұстаз», «екінші Аристотель» ретінде танымал. Фараби өмірі жайында мағлұмат жоқтың қасы. Ол жиындарға қатысу және адамдармен араласудан алшақ, бар ғұмырын ғылым мен білімге арнаған тұйық философ болған тәрізді. Фарабта дүниеге келген ол сарбаздардың қатарында жүрген әкесімен бірге Бағдадқа барып, сол кездегі ұлы ұстаздардың алдында әдебиеттану, логика, математика, философия ғылымдарын үйренеді. Бірақ ол жерде қалмайды. Мұның себебі Бағдадта халифа Мүтәуәккил заманынан бері философияға деген сенімсіздік немесе тіпті дұшпандық болса керек. Фараби егер философ утопияда болмаса, сапарлауы керек деген пікірді ұстанған. Бағдадтан кетіп, өмірінің біраз уақытын саяхатта өткізіп, ақырында Хамаданның әмірі Сайф әд-Дауланың сарайына барып, сол жерде құрметке ие болады.

Әбу Насыр әл-Фараби ғы­лым мен білім негіздерін Отырарда үйреніп, 20 жасына де­йін сонда өмір сүріп, сол кездегі Отырардың ең бай кітапханасының философиялық және ғылыми еңбектерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Отырар қаласы ірі саяси, мәдени және сауда орталығы әрі Еуропа мен Азияны байланыстыратын Ұлы Жібек жолының керуен жолдарының негізгі тораптарының бірі болды. Кітаптар мен қолжазбалар саны бойынша сол заманда Отырар кітапханасы әйгілі Александрия кітапханасының қоймасынан кейінгі екінші кітапхана болып есептелді.

Фараби Аристотель, Платон және басқа да ежелгі грек философтарының еңбектерімен танысуға мүмкіндік алды. Шығыс ғылымының негізін салушылардың бірі болып, артына мол ғылыми мұра – білімнің сан алуан саласын қамтитын 200-ге жуық трактат қалдырды. Фараби шығармаларының ішінде ең танымалдарына «Даналық інжу-маржаны» трактаты, «Ізгі қала тұрғындарының» трактаты, философиялық трактаттар және «Ұлы музыка кітабы» жатады.

Орта ғасырларда хәкім Фарабидің ғылыми атағы ислам елдері шекарасынан асып, Еуропаға да жетті. Мұсылман данышпанның еңбектерін бірегей әрі маңызды деп тапқан еуропалық ғалымдар оларды сол кездегі ғылыми тілдерге, яғни иврит және латын тілдеріне аударып, Еуропаның ғылыми орталықтарында жариялаған. Осылайша орта ғасырларда Фарабидің даңқы шықты. 1930-1932 жылдары Парижде француз ғалымы д’Эрланженің «Ұлы музыка кітабының» бірінші бөлімінің французша аудармасы жарық көрді. Бірақ оның даңқы өткенге ғана тән емес, қазіргі кезеңде де Дитерици, Хортен, Данлоп сияқты көрнекті зерттеушілер оның еңбектері мен ғылыми-философиялық ойларын зерттеп, кітаптарын басып шығарды.

Фараби есімі дүниежүзілік ғылым мен мәдениет тари­хында көрнекті орын алды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанс­қа үлкен әсер етіп, Батыс пен Шығыс мәдениеттері мен философтарын жа­қын­дастыратын көпір болды.

Фараби 950 жылы 80 жасында Дамаскіде қайтыс болды. Сайфулла Хамдани оның басына дұға оқып, оны Баб әс-Сағир зиратына жерлеген делінеді.

Фарабидің осы уақытқа де­йін назардан тыс қалған өнерге қатысты көзқарасы бар. Тарихи маңызымен қатар, оның пікірлері өнердің теориялық мәселелерінде іс жүзінде жетістіктерге жетелейтін қабілетке ие, әсіресе, оның өнер туралы анықтамасы өзінен бұрынғы Платон мен Аристотельге қарағанда прогрессивті және мүлде басқа саяси-әлеуметтік позицияға ие.

Фараби әдістемесі өте қызықты әрі мазмұнды. Ол өзінің әдістемесінде теорияларды құруда қажетті 3 шартты қарастырады: 1) барлық ережелерді жақсы білу; 2) осы білімде бар осы ережелер мен деректерден қорытынды шығара білу; 3) басқалардың ойы мен пікірін талдап, дұрыс пен бұрысты ажыратып, қателерді түзете білу. Ол өзінің ғылыми әдістеме бойынша ұсыныстарын көптеген кітап пен трактатта қолданды, олардың ең көрнектісі Птолемейдің «Альмагест» еңбегіне сыни шолуында айқын байқалады. Ол өзінің екі атақты «Ғылымдардың шығуы» және «Ғылымдар тізбегі» еңбегінде ғылымдарды тәрбиелік аспектілеріне қарай топтастырып, математиканы арифметика, геометрия, жарық, астрономия, музыка, механика, білім беру ғылымы мен еңбектегі дағды деп жеті салаға бөледі. Осылайша Фараби өз дәуіріндегі ғылым мен білім саласында аристотельдік логика, саясат, білім, дін, математика, өрістілік ілімі, жаратылыстану, музыка, тарих, ғылымдар категориялары, тіпті әскери қызмет сияқты көптеген тақырыпқа арналған еңбектерге ие болды. Решер оның шығармаларын 7 категорияға бөлді: 1) логика; 2) шешендік өнер және поэзия; 3) гносеология; 4) философия; 5) табиғат; 6) музыка; 7) этика және саяси философия. Решердің классификациясы Хосейн Али Махфуздың «әл-Фараби араб дереккөздерінде» кітабында да ұсынылған. Бұл кітап – Фараби шығармаларына сыни және түсіндірме шолу жасаған Фараби библиографиясына қатыс­ты еңбектердің бірі. Сонымен қатар, «Фараби шығармаларының библиографиясы» әртүрлі кітапханалардағы еңбектер негізінде құрастырылып, бірінші тарауында Фараби шығармаларының дүние жүзіндегі қолжазбаларының тізімі берілген. Ал Фарабидің ислам елдерінде араб, парсы, түрік сияқты әртүрлі тілдерде және еуропалықтар үшін ағылшын, испан, француз, итальян тілдерінде, поляк және орыс тілдеріндегі еңбектері келтірілген «Фарабидің сипаттамалық библиографиясы» Фараби жазбалары туралы білу үшін оларға жүгінуге болатын еңбектердің қатарына жатады.

Шахриари Фарабидің саясат, әлеуметтану және философия туралы кітаптарының тарихи маңызымен қатар, оның ғылыми еңбектерінің де маңызы соншалық, олардың көпші­лігін қазір де қолдануға болады деп есептейді.

ІХ-Х ғасырларда Иран сол кездегі мәдениеттің, өрке­ниет пен білімнің ошағы болған және сол дәуірдің ең ірі ғалым­дары мен данышпандары Иран өркениеті мен мәдениетінің ықпалында болған елдерден шыққан. Шахриаридің айтуынша, бұл ғасырлар Зәкәрия Рази, Фараби, Ибн Сина сынды ұлы ғалымдар мен философтардың және басқа да көптеген танымал есімдердің дәуірі болды. Иран ислам революциясы жетекшісінің айтуынша, Иранда ислам философы және ғалымы ретінде Фарабидің мұрасы мың жыл бойы зерттеліп келеді. Бұл зерттеулерді осы уақытқа де­йін жарық көрген басылымдар, түрлі деңгейде өткен фестивальдар, семинарлар, конгрес­тер және кездесулер сияқты әртүрлі қалыпта көруге болады. Кездесулер мен басқосулардан бөлек, ирандық ғалымдар мен фарабитанушылар көптеген авторлық еңбектерін мұра етіп қалдырды. Бұған дейін аталған еңбектердің ішінде доктор Абдул Хоссейн Мешкохуддинидің 1974 жылы Теһранның Мәдениет және өнер жоғары кеңесі тарапынан «Екі философ Платон мен Аристотельдің ойларының үйлесімділігі» деген атпен жарық көрген «әл-Джама бин Райи әл-Хакимин» кітабын атап өтуге болады. Бұған қоса, Фарабидің басқа философиялық жазбаларының бірі «Дуаи азим» Ғоламхосейн Эбрахими Динани аудармасымен 1974 жылы Мешхед қаласындағы Фердоуси университеті теология және исламтану факультетінің журналында «Философ дұғасы» атауымен жарияланған. Бірнеше басылымы бар «Ұлы музыка кітабының» бір бөлігін доктор Мехди Баркешли 1973 жылы аударып, талдап, басқа бөлігін Фарханг Моршидзаде аударып, «Иран музыкасы» журналында басып шығарды. Бірақ бұл кітаптың толық мәтіні 1995 жылы доктор Азарташ Азарнуш аудармасымен Теһранда жарық көрді. «Даналық маржандары» кітабына да көптеген түсіндірме жазылған, олардың ең маңыздылары: Мир Сейед Исмаил Эстрабадидің «Нусус әл-Калам Али Фусус әл-Хакм», Махмуд бин Мохаммад Ширазидің түсіндірмесі, Махди Элахи Құмшаидің түсіндірмесі және Мырза Мехди Аштианидің түсіндірмесі мен парсы аудармасы. Бұл еңбек Ғоламхосейн Аханидің көмегімен 1960 жылы аударылып, жарық көрді. Кейбір ғалымдар бұл еңбекті Фарабиге жатқызуға күмән келтіріп, оны Ибн Сина жазған деп есептесе де, парсы тіліне аударылған тағы бір кітап – «Ғылымдар тізбегі». Бұл кітапта Фараби исламдағы ғылымдардың алғашқы толық классификациясын ұсынды және ғылымдарды жіктеуде бұл кітапты мұсылман ғалымдары ғана емес, Батыстың орта ғасыр ғалымдары да көп пайдаланды. Исламдық мектептерде кең қолданысқа ие бұл кітап христиандық мектептерде де пайдаланылып, әрбір ғалымға қажет деп саналатын кітаптардың қатарына енді. Бұл еңбекті 1969 жылы Хосейн Хадиожам аударып, егжей-тегжейлі кіріспемен басып шығарды.

Басқа еңбектердің қатары­нан Реза Даваридің «Фараби – ислам философиясының негізін қалаушы», Джафар Ағани Чавошидің «Фарабидің сипаттамалық библиографиясы», Абдул Мұхаммед Аятидің «Фараби», Атефех Ранжбар Да­рестанидің «Николас Решер, Фарабидің библиографиясы және Кеннеди», Парвиз Шахриаридің «Әбу Насыр Фараби – философ, ғалым, ұстаз әрі әдіскер» және Мұхаммед Бахер жазған «Әбу Насыр Фараби өмірі мен шығармашылығына көзқарас» кітаптарын атап өтуге болады.

Қазіргі кезеңде біз Иранның көрнекті ойшылдары мен зерттеушілерінің осы ұлы философ­тың еңбектерін барынша таныстыруға және танымал етуге күш салып жатқанына куә болып отырмыз. Бұл саладағы талпыныстардың көрінісін, мәселен, философия ғылымының профессоры, елдің көрнекті зерттеушісі, жазушысы Қасем Пурхасанның Фараби туралы төрт томдық шығармалар жинағынан көре аламыз. Оның алғашқы шығармасы 1997 жылы Naqd Farhang Publications жариялаған «Фараби философиясын жаңаша оқу» болды. Бұл кітапта ол Фарабиді неге дұрыс оқымадық деген сұраққа жауап береді. Ол Фараби пікірлерінің қиындығы мен шыққан бастаманың белгісіздігі сияқты бірнеше себепті келтіреді. 2020 жылы Садра исламдық хикмет қоры жариялаған «Фараби және әріптер: Фарабидің лингвистикалық-философиялық ой-толғауларына шолу» атты екінші еңбегінде Фарабидің «Әріптер» кітабында ғұламаның рационалдылықты дұрыс түсінбестен шариғат заңдарын қорғау мүмкін емес екенін көрсетуге тырысатынына назар аударады. Пурхасан бұл еңбегінде Фараби ойына философиялық түсінік беруге күш салған. Ол «Әріптер» кітабының философиялық, дербес, өзіндік туынды ретінде қарастырылатынын тек осындай зерттеулер аясында ғана түсінуге болады деп есептейді. Бұл топтаманың үшінші томы тақырыбы – «Гносеология жүйесі: Фарабидің эпистемологиялық негіздерін қайта оқу». Бұл – 15 тараудан тұратын және 2021 жылы Сарат басылымы шығарған маңызды философиялық ойтолғаулардың бірі. Пурхасанның айтуынша, 15 тарау Фарабидің гносеология­лық жүйесін көрсетеді. Соңғы тарауда автор қазіргі кезде қате талқыланып жүрген уахи мен түс мәселесін Фараби мен ­ислам философтарының ой-пікірінен қарастырған. Бұл топтаманың төртінші томы да гносеологиялық ойтолғауларға арналған.

Гуманитарлық және исламдық ғылымдарды зерт­теуге арналған әрі ғұлама данышпанның есімімен аталған халықаралық Фараби фестивалі – ислам әлемінің осы ұлы тұлғасының Ирандағы маңызының тағы бір белгісі. Бұл фес­тивальді жыл сайын Ғылым, зерттеулер және технология­лар министрлігі, екі халық­аралық ұйым – ЮНЕСКО мен ICESCO және кейбір маңыз­ды жергілікті ғылыми-зерттеу орталықтарымен бірлесіп ұйым­дастырады. Фестивальдің жалпы мақсаты – ислам қоғамының жергілікті сұранысын қанағаттандыратын білім өндіру қажеттілігіне назар аудару, зерттеу мен инновацияда ынталандыру мүмкіндіктерін тудыру. Бұл фестивальдің жеңімпаздары құнды сыйлықтарға ие болады. Алғаш рет 2016 жылдың ақпан айында болған фестивальдің осы уақытқа дейін 13 кезеңі өтті. Аталмыш фестивальмен қатар, Иранда жыл сайын осы салада көптеген конференция, семинар мен конгресс ұйым­дастырылады, олардың ішінде мәдениет және өнер мекемелері мен ұйымдарының ынтымақтастығымен 2019 жылы өткен «Фарабидің музыка туралы пікірлерін қайта оқу туралы» Фараби конгресін, сондай-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабиді ұлықтау мерекесіне орай Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының ынтымақ­тастығымен түрлі елдердің ­профессорлары мен өкілдерінің қатысуымен 2019 жылдың қазан айында өткен халықаралық Фараби вебинарын атап өтуге болады.

Айта кету керек, 2023 жылдың наурыз айында ислам мәдениеті мен өркениеті тақырыбына арналған І дүниежүзілік Фараби конгресі Иран Ислам Рес­публикасының Ғылым, зерттеулер және технологиялар ми­нистрлігінің, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Исламдық бағдар министрлігі, Қазақстанның әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті, Қазақстанның Философия, саясаттану және дінтану институты, «Исра» халықаралық қоры, Өнер академиясы, Ислам ғылымы мен мәдениеті ғылыми-зерттеу институты, Ислам ­мәдениеті мен ой-пікірі ғылыми-зерттеу институты, Иран телерадио бірлестігінің төртінші арнасы, Ислам хикметінің жоғары ас­самблеясы және Иран хикметтері мен философиясын зерттеу институтының қатысуымен өтті. Конгресте Иран, Қазақстан мен басқа да елдердің ғалым­дары Фараби мұрасының зерттелу мәселелерін талқылап, нәтижесінде «Фараби және оның ойлары: Фараби және ­ислам мәдениеті мен өркениеті І дүниежүзілік конгресі мақалалар жинағы» жарық көрді.

Осылайша, әл-Фарабидің еңбектері Иранда көптеген ғасырлар бойы жоғары бағаланып, жан-жақты зерттеліп келеді. Екі ел үшін де ортақ ұлы мұра қалдырған ғұлама бүгінде ғылым, білім, мәдениет саласында Иран мен Қазақстанның бірлігі мен ортақ құндылықтарын нығайтушы көпірге айналып отыр.

Али Акбар Талеби Матин,

Иран Ислам Республикасының ­Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button