Басты ақпаратДенсаулық

Әлем онкологтары елордада бас қосты

Биыл – Астанадағы онкология орталығының құрылғанына 70 жыл. Осыған орай, елордада Қазақстан мен әлемнің саладағы дәрігерлері бас қосқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Онкологтар мен радиологтар альянсы» қоғамдық бірлестігі және Астана қаласы әкімдігінің көпсалалы медицина орталығы ұйымдастырған іс-шара «Онкологияға инновациялық технологияларды енгізудің тәжірибесі мен болашағы» тақырыбына арналып, онлайн және офлайн режимде 27-28 қазанда өткізілді.

Екі күндік конференцияға оннан астам шетел мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 600-ге жуық дәрігерлер, яғни онкологтар, маммологтар, химиотерапевтер, гинекологтар, рентгенологтар, урологтар, патоморфологтар, цитологтар, сәулелік диагностика дәрігерлері, онкогематологтар, паллиативтік көмек дәрігерлері қатысты. Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Франция, Жапония, Үндістан, Ресей, Якутия, Тәжікстан елдерінен онкология саласындағы әлемде беделі бар жетекші мамандар шақыртылды. Олар онкология ауруының алдын алу мен емдеудің аса маңызды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ерте диагностика және скрининг, дербестендірілген тәсіл негізінде емдеудің жаңа әдісін енгізу, онкологияға шалдыққан пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру жайын қозғады. Халықаралық ауқымды іс-шара аясында колоректальды қатерлі ісікке лапароскопиялық хирургия, кеуде хирургиясы, простата обырына сәулелік терапия бо­йынша шеберлік сыныптары өтті.

Маңызды жиынның ашылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев ақ халатты абзал жандарды мерейтоймен құттықтап, соңғы жылдары онкология саласында айтарлықтай өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Денсаулық сақтау ­вице-министрі Вячеслав Дудник әлемде ең көп тараған аурулардың ішінде инфарктан кейін екінші орында қатерлі дерт тұрғанын айтты. Қазіргі таңда елімізде орташа есеппен 200 мың қазақстандық қатерлі дертке шалдыққандар есебінде тұр. Қазақстанда жылына, өкінішке қарай, қатерлі ісіктен 14 мыңнан астам адам қайтыс болады. Соның ішінде сүт безі обыры – ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі. Соңғы он жылдан бері бұл дертті бастапқы кезеңінде анықтау бойынша ұлттық скрининг өткізу жолға қойылды. 40 пен 70 жас аралығындағы қазақстандық әйелдер өзі тіркелген емханасынан тегін скринингтен өте алады.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов мұндай жиындар онкологиялық қызметтің жетекші мамандарына кәсіби мәселелердің кең ауқымын талқылауға, әлемдік және отандық медицина ғылымының жаңа жетістіктерімен танысуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Қалалық мәслихат депутаты Динара Оразалина бірнеше секциялардан тұрған конференция барысында адамзатқа пайдалы жаңалықтар өзара тәжірибе алмасу барысында тиімді боларына сенім білдірді. Астана қаласы көпсалалы медицина орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев осындай маңызды іс-шаралар кәсіби байланыс­тарды кеңейтіп, қатерлі дертке шалдыққан науқастарды диагностика­лау, емдеу және оңалтудың жаңа әдістері бойынша біліммен, пайдалы ақпараттармен байытатынын айтты. Құттықтау сөздер арасында «Денсаулық сақтау саласы үздігі» төсбелгісімен 8 дәрігер марапатталды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елордада қатерлі ісікпен ауыратындар көрсеткіші биыл 1764 адамды құрады, бұл 100 мың адамға шаққанда 178,8-ден келеді. Соңғы үш жылда аурудың саны 2,2 пайыз артқаны байқалады. Өткен 9 айда обырдан ажал құшқан елордалықтар саны 662 адам, бұл көрсеткіш 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда 1,9 пайыз төмен

Ақмолада онкология қызметі 1952 жылы құрылып, ең алғаш жұмыс №1 қалалық емхананың жертөлесінде орналасқан онкологиялық кабинетте басталды. Сол кезде қатерлі дертпен есепте 480 адам тұрды. Келесі жылы 15 төсек стационар ашылып, одан кейін онкологиялық қыз­мет саласы диспансер ретінде қалыптасып, біртіндеп дамыды. Құрылғанына 70 жыл толып отырған орталықта осы жылдар ішінде онкологиялық көмек көрсетудің негізгі қағидаттары іске асырылды. Денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын дамытудың 2025 жылға дейінгі ­перспективалық жоспарына сәйкес, аталған орталық пен қалалық инфекциялық аурулар ауруханасы біріктіріліп, 2019 жылы 19 шілдеде көпсалалы медицина орталығы болып құрылды. Бүгінде емдеу мекемесінің дамуына, штаттың кадрлармен қамтылуына, сәулелік терапия аппараттарымен, диагностикалық зерттеулер мен хирургиялық операцияларды жүргізуге арналған жабдықтармен жабдықталуына, қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, алдын алу жөніндегі мамандандырылған желі дәрігерлерімен бастапқы буындағы онкологиялық қызмет мамандары арасында байланыс жолға қойылды.

– Біздің басты жетістігіміз – микрохирургиялық реконструк­тивті оталар жасауымыз. Бұл әзірге елімізде тек бізде ғана, Ресейде бір орталықта ғана жасалады. Сонымен қатар тағы бір жетістігіміз – қатерлі дертпен ауырған адамдардың өмірін кем дегенде 5 жылға дейін ұзарту мүмкіндігіне қол жеткіздік. Мұның бәрі елордадағы онкология саласын соңғы үлгіде заманауи технологиямен жабдықтап, мамандардың біліктілігін жыл сайын арттырудың, емдеудің жаңа әдістерін енгізудің арқасында мүмкін болды. Молекулалық-генетикалық зерттеулер, иммуногистохимиялық зерттеу­лер, таргентті терапия, жоғары технологиялық сәулелік және химиотерапия, иммунотерапия, аз инвазивті, лапароскопиялық, ағзаны сақтайтын операциялар сияқты ісіктерді ерте диагностикалау мен емдеудің заманауи әдіс­тері орталық жұмысына кеңінен енгізілді. Мамандарымыз Еуропа мен АҚШ-тың жетекші ғылыми және клиникалық орталық­тарында біліктілігін арттырады, бұл кадрларымыздың беделі мен бәсекеге қабілеттілігін жақсартады, – дейді Мұхтар Төлеутаев.

Орталық халықаралық қатынастарды дамытуға көп көңіл бөледі, әлемнің жетекші ғылыми онкологиялық орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Бұл елорданың онкология қызметі мамандарының кадрлық және ғылыми әлеуетін дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Әлемдік онкологиялық қоғамдастыққа біріктірілген орталық Мәскеудегі Блохина және ТМД, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Франция, Германия, Израиль, Қытай елдерінің ұлттық онкологиялық және радиологиялық орталық­тарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

– Астанаға бір жыл бұрын келіп, қаланың сол жағалауындағы медициналық қалашықты көріп қатты таңғалдым. Қазақстанның әлемдік стандарттармен емдеу әдістері бойынша жетістіктері көп екен. Заманауи технологиямен жабдықталған орталықтар. Бұл – нағыз болашақтың медицинасы. Сонымен қатар, меніңше, мұнда медициналық оқыту жүйесі де дұрыс жолға қойылған. Егер қазіргіден жастау кезім болса, міндетті түрде осында келіп білім алар едім, – дейді Мәскеу қалалық онкология ауруханасының бөлімше меңгерушісі Илья Черниковский.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елордада қатерлі ісікпен ауыратындар көрсеткіші биыл 1764 адамды құрады, бұл 100 мың адамға шаққанда 178,8-ден келеді. Соңғы үш жылда аурудың саны 2,2 пайыз артқаны байқалады. Өткен 9 айда обырдан ажал құшқан елордалықтар саны 662 адам, бұл көрсеткіш 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда 1,9 пайыз төмен.

– Барлық емхана қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін анықтауға күш салады, емдеудің түрлерін енгізіп, түрлі химиотерапиямен айналысады. Бүгінде әлемде сүт безі обыры, өкпе ісігі, асқазан, тоқ ішек қатерлі дерттері бірінші орында тұр. Әрбір мемлекет осы аурулардың ең көп кездесетін түрін анықтайды және мұндай науқастарды емдеудің өзіндік кәсіби тәсілдерін әзірлейді. Жалпы елордада бұл сала бір орнында тұрған жоқ, үнемі дамып келеді. Жаңа диагностикалық әдістер пайда болды, эндоскопиялық тексерулер енгізілді, 20 жылдан бері аурудың белгілерін нақты диагностикалау мүмкіндіктеріне қол жеткізілді, – дейді орталықтың бас және мойын обыры бөлімшесінің меңгерушісі Евгений Иванченко.

Бүгінде елордалық онколог дәрігерлер қатерлі ісікті ­жан-жақты зерттей келе, оны жоғары сапалы емдеуді жоспарлай алатын дәрежеге жетті. Демек, аты жаман аурудың алғашқы кезеңдерін емдеп жазуға толық мүмкіндік бар. Оның үстіне науқастар халықаралық стандарттар мен хаттамалар бойынша емделеді. Ол үшін қазір Қазақстанда дәрі-дәрмек жеткілікті. Заманауи химиотерапиялық препараттар, иммуно­терапияның түр-түрі аталған орталықта қолжетімді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button