Мәдениет

Әлемді әнмен тербеген

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық залында композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығына арналған «Менің жан серпінім!» авторлық кеші өтті.

Төлеген Мұхамеджанов – белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Симфониялар, опералар, музыкалық комедиялар, ішекті квартеттер, симфониялық шығармалар, Абай өлеңдеріне арналған вокалдық топтамалар, романстар, әндер, кино мен театрға арналған музыкалардың авторы. Ол Алматы және Мәскеу консерваторияларында, алма-матерде оқытушылық қызметін атқарды, оның басшылығымен Қазақстанның ірі мәдени мекемелері жұмыс істеді, оның басшылығымен еліміздің көптеген шығармашылық ұжымдары пайда болды. Төлеген Мұхамеджанұлының республиканың мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі орасан зор.

Филармонияның камералық залында өткен композитордың концерттік бағдарламасында филармония орындаушылары, виртуоз-аспапшылар мен камералық ансамбльдер камералық-аспаптық және вокалдық шығармаларды орындады.

Ғ.Жұбанованы еске алуға арналған № 1 ішекті квартетті композитор елдегі бірегей камералық ұжым – Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартет үшін арнайы жазған және көрнекті композитор Ғазиза Жұбанованы еске алуға арналған. Квартеттің көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев.

Фортепианоға арналған «Мимолетности» фортепиано триосын FORTE TRIO ҚР Мемлекеттік триосы орындады. Көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев.

Жеке флейтаға арналған сонатинаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Байсағатов тамаша орындап, көрермендерді сүйсінтті.

«7 стихотворений Ли-Бо» вокалдық топтамасымен халық алдына шыққан Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, «Құрмет» орденінің иегері, сирек сопрано иесі Нұржамал Үсенбаева ғажайып әсер қалдырды. Елордалық көрермендер Абай өлеңдеріне арналған вокалдық топтаманы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Алтынбек Әбілданың орындауында тамашаласа, «Мимолетности» композициясын халықаралық байқаулардың лауреаты Зарина Акаева фортепианода орындады.

Вокалдық топтамалар концертмейстері ретінде Мәдениет саласының үздігі, классикалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Роза Шотқалиева  өнер көрсетті.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button