Басты ақпаратМәдениет

Әлемді аялаған әнші

Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрларындағы шығармалар мен олардың авторларын қолдау мақсатында жақында елордада Dala dauysy республикалық байқауы өтіп, бес номинация бойынша топ жарған үздіктер анықталды. Олардың арасында Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы жүлдесін иеленген әнші әрі жыршы, композитор, рес­публикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты астаналық Жаңабай Өтегенов бар.

200-ге жуық өтінім келіп түскен «Dala dauysy» шығармашылық байқауында Жаңабай Өтегенов «Түркістан» әнімен жеңіс тұғырынан көрінді. Әншінің айтуынша, бұл ән түркі тілдес елдерге ортақ туынды.

– Түркістан қаласы ресми түрде түркі әлемінің астанасы болып танылғаны баршаға мәлім. Бұл жаңалық қазақ үшін үлкен қуаныш болғаннан кейін бабалар рухына тағзым көрсету мақсатында «Түркістан» атты әнімді шырқадым. Барлық өңделуі, әні, аранжировкасы патриоттық бағытта болған соң, қазылар алқасының құрамындағы белді композитор, әншілердің бағасымен дараланды деп білемін, – деді әнші.

Өнерсүйер қауым оның әндерін жатқа айтқанымен, автордың өзі туралы бейхабарлау. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің Дәстүрлі халық әні кафедрасында опера әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің класын тәмамдады. Адамның қандай да бір сала болмасын биікке көтерілуі жақсы ұстазға байланысты деген Жаңабай Өтегенов дәстүрлі өнерді жалғас­тырушы қазаққа белгілі күйші, әншілердің алдынан өтіп, білім алды. Дегенмен олардың атын атауға тартынған ол тәлімгерлерінің бірін айтып, бірін айтпай қалармын-ау деп қайырды.

Киелі сахнада өнер көрсетіп жүрген әрбір әншінің бағын ашатын, халықтың сүйіспеншілігіне бөлейтін бір тың туындының болары хақ. Көпшілік әлі де жатқа айтып жүрген, сөз арқылы сезімнің нәзік қылын тербеген керемет әнге әуезі қоса үйлесіп тыңдарманын өзіне ынтықтыратын «Аяла» әншінің «төлқұжаты» іспеттес. Бұдан бөлек, тыңдарман қауым жақсы білетін «Кездесерміз біз әлі», «Қазақстан теміржолы», «Туған жер», «Сүйген жар», «Сенсің менің», «Перизатым» секілді әншінің қоржынында барлығы екі күйтабақтай туынды бар.

«Қай әнші болмасын, кез келгеннің бастауында – ­махаббат тақырыбы тұрады. Содан болар, әндерімнің дені лирикаға арналады. Дегенмен мен әндерді талғап айтамын. Терме, жыр, халық әндеріне қатысты айтсам, барлығы да домбыраға қатысты ғой. Ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен орындалады. Меніңше, домбыра қазақ халқы барда жоғалмайды. Бұқар жырау, Қазтуған, сонау Қорқыттың заманынан келе жатқан аспап, жалпы дәстүрлі музыка – ұлттың қозғаушы күші, мәдениетін көтеретін бірден-бір құндылық. Қоғамда терме-жырды көпшілік тыңдамайды деген де кереғар пікір бар. Дей тұрғанмен, өзім өнер көрсететін ортада дәстүрлі өнерді насихаттаймын» деп жеткізді ол.

Әншінің шығармашылығында ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған «Мен жастарға сенемін» және аты аталған «Түркістанның» орны бөлек.

«Соңғы кездері жастарға арналған, әсіресе рухты әндеріммен үлкен сахнадан көрініп жүруіме қызығушылығым артып, көңілім соғып жүр. Оған патриот­тық тақырыпта ән шырқаған жаныма жақын болуы себеп те шығар. Екінші жағынан, елдің рухын көтеру, бабалардың сөздерін жастарға дәріптеу, оларға шама-шарқымыз келгенше сіңіру менің алдымдағы буынның да, менен кейінгі буынның да міндеті деп білемін. Жастар арналған деп айтып қалдым. Қазіргі жастар музыка, әннің өңделуі тұрғысынан алдына жан салмайды. Аға-буын өкілдері олардың сөзіне қатысты сын айтып жатады. Өзім кез келген ән поэзиямен байланысты болса дұрыс деп ойлаймын. Өлең сөздің ұйқасы келіп, көңілге қонымды болғаны жақсы. Ал жеңіл, оңды-солды сөзге жазылған әннің ғұмыры ұзаққа бармайды. Үлкендердің талап ету де сол. Өнер адамының тыңдарманға жақсы сөзді жеткізе білуі ең маңызды» деді композитор.

Осы секілді Алаш азаматтарының өлеңдеріне ән жазу, сол арқылы ұлт зиялыларының шығармашылығын насихаттау, мұрасын зерделеу, поэзия құдіретін таныту – әншінің ендігі арманы.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button