Басты ақпаратШартарап

Әлемді күш-қуат билей ме?

2016 жылы әлемдік саяси сахнаға шыққан Дональд Трамптың бұрынғы саясаткерлерден айырмашылығы дәстүрлі дипломатиялық әдістерден ауытқып, кейде ашық, кейде күтпеген қадамдарға баратыны десек қателеспейміз. Осы қасиеттері оның саясатына елеулі әсер етіп, халықаралық аренада әртүрлі реакция тудырған болатын. Араға 4 жыл салып АҚШ президенті болып қайта сайланған ол қызметіне кіріспей жатып тағы да даулы мәлімдемелер жасап үлгерді.

Канадаға көз тікті

2024 жылдың соңында Трамп тағы да күтпеген мәлімдеме жасап, Канадаға АҚШ-тың 51-ші штаты болуын ұсынды. Ол Truth Social желісінде: «Егер Канада АҚШ-пен біріксе, онда ешқандай тарифтер болмас еді, салықтар айтарлықтай азайып, Ресей мен Қытай кемелерінің қауіп-қатерінен толықтай қорғалған болар еді. Біріксе, ұлы ел елге айналар еді» деп жазды. Бұл мәлімдеме Канада халқы мен билік басындағылардың арасында үлкен наразылық туғызды. Себебі оның бұл сөзін Канада жұртшылығы бір елдің егемендігіне нұқсан келтіретін ұсыныс ретінде қабылдады.

Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдон отставкаға кеткеннен кейін, Трамп Канадамен бірігу идеясын қайта көтерді. Трамптың айтуынша, бұл қадам канадалықтардың салықтық төлемдері мен әскери қорғанысқа кететін шығындарын айтарлықтай азайтуы ықтимал. «Неге біз жылына 100 миллион доллардан аса соманы Канадаға субсидиялаймыз? Бұл мағынасыз! Көптеген канадалық өз елдерінің 51-штат болғанын қалайды. Олар салық пен әскери қорғаныстан мол қаражат үнемдер еді. Меніңше, бұл керемет идея – 51-штат!» деп жазды Трамп. Сондай-ақ Трамп Оттава АҚШ-қа келетін мигранттар мен есірткі ағымын азайтпаса, канадалық тауарларға 25 пайыз баж салығын енгізетінін айтып ескерту де жасады. Оның бұл ойына Канаданың Онтарио провинциясының премьер-министрі Даг Форд қарсы шығып, керісінше АҚШ-тың екі штатын – Аляска мен Миннесотаны Канадаға сатсын деп астарлы әзілмен жауап қайтарды.

Канада мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасындағы шекара ұзындығы 8 891 шақырымды құрайды, бұл – әлемдегі ең ұзын халықаралық шекара. Екі елдің байланысы тарихы, экономикасы, қауіпсіздігі және мәдени аспектілер тұрғысынан ерекше маңызға ие. Екі ел де – Солтүстік Америка еркін сауда аймағының мүшесі. Оның үстіне, Канада – АҚШ-тың негізгі энергия жеткізушісі.

Аралға да аузын ашты

Дональд Трамп 7 қаңтарда Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында баспасөз мәслихатын өткізді. Сайлаудағы жеңісі бекітілгеннен кейін өткен осы кездесуде ол өз мақсаттарына жету үшін (Панама каналын басқаруды қайтару, Дания бақылауындағы Гренландияны иелену) әскери немесе экономикалық тетіктерді пайдалануы мүмкін екенін де атап өтті. Трамп сонымен бірге Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгертуге уәде беріп, Мексикадан келетін тауарларға жоғары баж салығын енгізетінін мәлімдеді.

Трамптың сөзіне сенсек, Гренландияны АҚШ-тың басқаруында ұстау ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Трамптың мәлімдемесіне түсініктеме берген АҚШ-тың қазіргі Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұл аса көп назар аударатын мәселе емес екенін, мүмкін емес нәрсені талқылап уақыт кетірудің қажеті жоқ екенін жеткізген. Дегенмен, Трамп арал туралы алғаш рет айтып тұрған жоқ. Оның Гренландияны сатып алу туралы мәлімдемесі 2019 жылы халықаралық жаңалықтардың басты тақырыбына айналған болатын. Биыл қайтадан сайлана салып, «Гренландия – ғажап жер. Егер ол АҚШ-қа қосылса, оның халқы үлкен пайда көреді. Біз оны сыртқы қауіпті әлемнен қорғаймыз» деп айтып, Гренландия мен Дания басшыларының қатал сынына ұшырады.

Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде Facebook-те мәлімдеме жариялап: «Гренландия – біздікі. Біз сатылмаймыз және ешқашан сатылатын болмаймыз. Біз азаттық үшін көп жылғы күресімізді жоғалтпауымыз керек. Дегенмен, біз бүкіл әлеммен, әсіресе көршілерімізбен ынтымақтастық пен саудаға ашық болуымыз керек» деп Трамптың сөзіне ашық қарсылық білдірді. Данияның сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен «Гренландия болашақта тәуелсіз мемлекет болса болатын шығар, бірақ АҚШ құрамына кіріп, жаңа штатқа айналуы екіталай» десе, Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро «кім болса да Еуроодақ өзге елдің басып кіруіне жол бермейді» деп мәлімдеді. Ал сенатор Джеймс Ланкфорд АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың Гренландияны әскери күшпен басып алу қаупін жоққа шығарғанымен, Дания Трамптың мәлімдемесінен кейін Гренландия қорғанысын күшейтті. Ал Трамптың Өкілдер палатасындағы одақтастары Гренландияны сатып алуға рұқсат беретін заң жобасын ұсынып үлгерді.

Гренландия – әлемдегі ең үлкен арал. Ол Солтүстік Атлант және Арктика мұхиттарының арасында орналасқан. Жалпы көлемі 2,16 миллион шаршы шақырымды (аумағының 80%-дан астамын мұз жап­қан) құрайтын бұл аралда 60 мыңға жуық халық бар. Дания корольдігінің автономды бөлігі саналатын арал 1979 жылы автономия мәртебесін алса, 2009 жылы өзін-өзі басқаруды кеңейту туралы шешім қабылдады. Яғни Гренландия өзін-өзі басқару құқығына ие және ішкі мәселелерін дербес шешеді, ал сыртқы саясат пен қорғаныс мәселелерін Дания жүргізеді. АҚШ-тың Гренландияда әскери базасы (Туле әскери базасы) бар. Бұл база Солтүстік Американы қорғауға арналған маңызды нысан саналады. Арал пайдалы қазбаларға бай. Мұнай, газ, мыс, темір және алтын ғана емес, сонымен қатар әлемдегі неодим сияқты сирек кездесетін материалдар мен минералдар өте көп.

Көкейін тескен канал

«Панама каналы қайтадан АҚШ-тың қарамағына өтуі мүмкін». Күтпеген жерден осындай мәлімдеме жасаған Трамп «АҚШ Панамаға көрсеткен ерекше жомарттығын ескерсек, Панама алатын канал ақысы өте күлкілі. Біздің елді бұлай «мазақ» етуді тоқтату керек» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Оның айтуынша, Панама каналы ел экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі тұрғысында АҚШ үшін «өте маңызды». Сондай-ақ ол Қытайдың да Панама каналын пайдаланатынына наразы­лық білдірді. «Президент Джимми Картер президент болғанда өзінің ақымақтығынан оны бір долларға бере салған, оны Қытай немесе басқа біреу емес, тек Панама ғана басқара алады. Егер бұл сый-сияпатқа қатысты кезінде келісілген моральдық және заңды принциптер сақталмаса, онда біз Панама каналын толықтай әрі ешбір дау-дамайсыз қайтаруды талап етеміз» деді Трамп.
Панама каналы – Латын Америкасының ең маңызды инфрақұрылымдық жобаларының бірі. Бұл каналдың құрылуы мен дамуына АҚШ-тың тікелей қатысы бар. 16-ғасырда еуропалықтар Панама мойнағы арқылы мұхиттарды жалғайтын жол салу идеясына қызығушылық танытқан. 1880 жылы француз инженері Фердинанд де Лессепс канал құрылысына кірісті, бірақ тропикалық аурулар мен қаржылық қиындықтардан құрылыс тоқтап қалды. 1904 жылы АҚШ Панама каналы жобасын қолға алып, оны аяқтау жұмыстарын бастады. АҚШ инженерлері технологияны жетілдіріп, 1914 жылы каналды ашты. Каналдың ашылуы Нью-Йорктен Сан-Францискоға теңіз жолын 13,000 шақырымнан 8,000 шақырымға дейін қысқартты.

Ал каналдың басқарылуына келсек, 1903 жылдан бастап канал аумағы АҚШ бақылауында болды. 1977 жылы Панама мен АҚШ арасындағы келісім бойынша, канал біртіндеп Панама еліне берілуі тиіс деп шешілді. 1999 жылы Панама каналы толықтай Панама үкіметінің бақылауына өтті.

Дональд Трамптың «Қытайдың Панама каналын бақылап отыр және Қытай әскері бұл аймақта әрекет етуде» деген мәлімдемесі оның «Америка бірінші» саясатының жалғасы болмақ. Панама мен Қытай арасында экономикалық ынтымақтас­тық бар екені рас, бірақ Қытайдың Панама каналына әскери бақылау орнатқаны туралы ақпарат расталмаған. 2017 жылы Панама Қытаймен дипломатиялық қатынас орнатып, Тайваньмен байланысын үзді. Қытай Панамаға ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар салды. Бұл АҚШ-тың назарын аударып, Панамадағы геосаяси жағдайды күрделендірді. Алайда Панама үкіметі каналды бақылауды өз қолында ұстайтынын және ешқандай шетелдік әскери күштің бұл аймаққа араласуына жол бермейтінін мәлімдеді. Панама президенті Хосе Рауль Мулиноның «Каналды Панамадан басқа ешкім салған жоқ. Уайымдамаңыздар, канал әрдайым біздің қолымызда болады» деген мәлімдемесі әне соның айғағы.

Шығанақты шырғалады

Дональд Трамп Мексика шығанағын да «Америка Шығанағы» деп өзгертуді ұсынды. Мексика президенті бұған дереу жауап қатып, шығанақтың атын емес, Американың атын өзгертуді ұсынды. «Мексика шығанағының атын БҰҰ мойындайтыны анық. Бірақ біз неге (Солтүстік Американы. – Ред.) Мексика Америкасы деп атамасқа? Бұл жақсы естіледі, солай емес пе? Шын мәнінде, 1607 жылдан бастап Апатзинганның негізі қаланған кезде ол «Мексикалық Америка» болды» деді ол баспасөз мәслихатында Шейнбаум континенттің тарихи карталарын ұсынып.

Мексика шығанағы – энергетикалық ресурстар мен теңіз экожүйесінің күрделі аймағы. Дональд Трамп президенттік кезінде мұнай өндіруді арттыру және энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында Мексика шығанағында мұнай өндіруді кеңейтуге ниет білдірді. Ол Обама әкімшілігінің экологиялық шектеулерін әлсіретіп, энергетикалық компанияларға жаңа кен орындарын игеру мүмкіндігін ұсынды. Алайда бұл шешім экологиялық белсенділер мен ғалымдардың наразылығын туғызды. Мексика шығанағы мұнай өндіру салдарынан экологиялық апаттарды бірнеше рет бастан кешірген. 2010 жылғы Deepwater Horizon апаты аймақтың экожүйесіне үлкен зиян келтірді. Трамп әкімшілігінің шешімі осындай апаттардың қайталану қаупін арттырады деп сынға алынды. Мексика үкіметі де бұл аймақтағы экологиялық қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірді. Мексика шығанағы екі елдің ортақ игілігі болғандықтан, оның ресурстарын пайдалануда халықаралық келісімдер маңызды роль атқарады.

Қысқасы, Дональд Трамптың Панама каналы, Гренландия және Мексика шығанағына қатысты мәлімдемелері оның АҚШ-тың мүддесін ашық түрде қорғап, бұл мақсатта басқа елдердің егемендігін елемейтін саясат жүргізетінін анық аңғартты. Оның үстіне, Трамптың сыртқы сая­саттағы ұстанымдары, әсіресе Таяу Шығыстағы Иранмен қарым-қатынасы, аймақтық тұрақтылыққа басқаша әсер етуі ықтимал. Трамп әкімшілігі Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағындағы кеме қатынасын қорғауға ерекше назар аударып, өңірдегі өзіне қарсы күштерге қысымды күшейтеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button