Басты ақпаратШартарап

Әлемді тағы әлекке сала ма?

2019 жылы Қытайдан тараған COVID-19 індеті бүкіл әлемді тұралатып кетуге шақ қалды. Дүние жүзіндегі 200-ден астам мемлекетке жаппай тараған жұқпалы дертті 600 миллионнан астам адам жұқтырып, 6,8 миллион адам қайтыс болды. Өрттей лаулап, селдей жалмаған індеттің алдын алу үшін әлем елдері шұғыл түрде әртүрлі вакцина жасағанмен, оның да өнімі айтарлықтай болған жоқ. Есесіне бүгінге дейін COVID-пен күрес жүріп жатыр.

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының бас директоры Тедрос Адханом Гебреисус Қытайда коронавируспен ауырғандар санының артуына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ ДДҰ мамандары Қытайда немесе кез келген елде жоғары қауіптегі топтардың тиісті қорғанысы жақсы жасалмаса, індет жұқтыру салыстырмасы артып, өлім-жітім қайта көбейеді деп дабыл қақты.

ДДҰ-ның COVID-қа қарсы іс-қимыл бағдарламасы техникалық саласының директоры Мария Ван Керхофф COVID-тың «Омикрон» нұсқасы бүгінге дейін анықталған ең жұқпалы нұсқа екенін және оның 500-ден астам таралу сублинияларының бары осы сипаттамаға ие екенін атап өтті. Ван Керхоффтың айтуынша, өткен айда жер шарында COVID-тан көз жұмғандар саны 40000-нан асқан.

Бастапқыда әлем елдерінің көбі қатаң карантин шараларын енгізіп, індеттің алдын алуға тырысты. Алайда вакцина салудың, халықты қарадай қаңтарып, үйінде қамап ұстаудың бұл індетке тосқауыл бола алмайтынын, керісінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы жұғу салыстырмасын төмендетіп, өлім-жітім санын азайтуға болатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Екінші тұрғыдан алғанда, COVID-тың кесірінен әлемде кедейлік көрсеткіші күрт артып, экономика тұралауға айналды. Сол себепті әлем елдері 2021 жылдан бастап шекараларын ашып, туристерді қабылдап, қалыпты тұрмысқа көше бастады. Бір сөзбен айтқанда, адамзат COVID-ты тұмау сияқты қабылдап, онымен бірге жасасуға мәжбүр болды. Алайда табиғат заңдылығы іспеттес осы қағидаға мойынсал болмай, күні кешеге дейін шекарасын тарс бекітіп, өз азаматтарын есігінен шығармай, халқын қамап ұстаған елдер де болды. Соның бірі – Қытай.

Таралу көзі айқындалмады

Ел аузында «Ухань вирусы» деп те аталатын бұл індеттің қайдан, қалай шыққаны әлі күнге дейін жұмбақ. ДДҰ індеттің шығу тегін анықтау үшін Ухань қаласына бірнеше рет тексеру тобын жіберіп, жарқанаттан жұқты ма, жоқ әлде абайсызда адамға жұққан биологиялық вирус па деген түйткілді тақырыптардың басын ашуға тырысқанмен, одан да пәлендей нәтиже шыға қойған жоқ. Себебі Қытай бұл жағындағы ізденістерге белсенділік танытпады. Керісінше, «бұл АҚШ-тың қаскүнемдігі, індетті АҚШ Қытайға әдейі таратты» деген сияқты дау-дамай үдеп қоя берді де, індетті індете тексеру мәселесі аяқсыз қалды.

COVID-19 індетінен Қытайда қанша адам өлгені де белгісіз. 2019 жылы қазан айында тараған індетті 3 ай бойы жасырған, індет әбден асқынғанда барып жұқпалы індет тарап жатқанын әзер мойындаған Қытай билігі қазірге дейін 5500 адам COVID-тан көз жұмды деп отыр. Алайда сыртқы әлем бұған күдікпен қарайды. Өйткені АҚШ сияқты дамыған елдің өзінде осы індеттен бір миллион адам көз жұмғанын ескерсек, жан саны АҚШ-тан бірнеше есе көп, халқы тығыз орналасқан Қытайда үш жарым жыл ішінде COVID-тан 5-6 мың адам өлді деу ақылға сыймайды. Бірақ ресми Бейжің оны елдің қатаң карантин талаптарын ұстағанымен байланыс­тырып келген.

Шектеу шеруге ұласты

Қытай билігі індеттің алдын алып, «жұғу көрсеткішін нөлге түсіреміз» деген ұранмен ел көлемінде 3 жыл бойы қатаң карантин талаптарын енгізді. Індет байқалған орындарды «қызыл аймақ» деп танып, ол өңірлерде қатаң шектеу енгізді. Шектеу енгізілген қала, аудан, ауыл тұрғындарына есігінен аттап шығуға қатаң тыйым салынды. Керек десеңіз, тұрғындардың есігін сыртынан құлыптап, қақпаларына қатаң күзет қойылды. Талапқа бағынбағандарын түрмеге тоғытып, айыппұл салды. Мұндай қатаң шектеуге 26 миллион халқы бар Шанхай сияқты ірі қалалар да ұшырап, тұрғындардың айлап есігінен шыға алмай жатқан кездері де болды. Осының кесірінен Қытайда өндіріс үлкен соққыға ұшырап, экономикалық жағдай кері шегіне бастағанын былай қойғанда, адамдар індет жұқтырмағанмен, рухани жақтан күйзеліске ұшырап, өзіне-өзі қол салғандар, терезеден секіріп өлгендер де көбейді.

Қазақстанмен іргелес жатқан Шыңжаң өңірінде де халық 100 күн карантинге жабылып, оның соңы Үрімжі қаласындағы қайғылы жағдаймен аяқталды. 25 қараша күні аталған қаладағы бір тұрғын үй ғимаратында өрт шықты. Карантин кезінде тұрғындарды есіктен шығармау үшін сыртынан құлыптап тастағандықтан, оның үстіне, өрт шыққан кезде үйлерінде қозғалмай отыруға бұйрық бергендіктен, бір кіреберістегі тұрғындар түгелге жуық қаза тапқан. Өрт сөндірушілер өрт шыққан орынға тізгін ұшымен жеткенмен, қақпаларға қойған тосқау мен үй арасындағы жолдарды бекіткен қоршауларды алып, жанып жатқан ғимаратқа жеткенше бірер сағат уақыт өтіп кеткен. Жергілікті билік алапат өрттен 10 адам қаза тапты деп жариялағанмен, кейбір ақпарат көздері 44 адам қаза тапқанын алға тартады.

Бұл жағдай тұтас Қытайда ғана емес, бүкіл әлемде зор дүмпу тудырды. Осыдан кейін «билік індетті саяси құрал ретінде пайдаланып отыр» деген наразылық күшейіп, ол Қытай халқының толқуына ұласты. «Ақ парақ революциясы» (наразы­лыққа шыққандар қолдарына ақ парақ алып шыққан) деп аталған бұл шеру кезінде бастапқыда халық карантин талаптарын жеңілдетуді талап етсе, кейін келе «Си Цзиньпин биліктен кетсін» деген талапты да айта бастады. Сонымен билік қатаң карантин талаптарының күшін жоюға мәжбүр болды.

Қатер қайта күшейді

7 желтоқсаннан бастап Қытай билігі қатаң карантин талаптарын күрт жеңілдетіп, 3 жылға созылған карантин шараларын тоқтатып, шекараны ашып, ел туризмін қайта жандандыруға пәрмен берді. Сондай-ақ бұдан былай қанша адамның індет жұқтырғанын, қанша адамның қайтыс болғанын да жарияламайтын болды. COVID жағдайынан күнделікті хабар беріп тұратын әлеуметтік желідегі парақшалар да жабылды. Демек, «барар жерің Балқан тау» дегендей, қазір Қытай да індетті тізгіндеудің әлемдік беталысына бағынды. «Нөлге түсіреміз» деген жалған ұранның күлі көкке ұшты.

Карантин талаптары күрт жеңілдетілгеннен кейін Қытайда індет қайта өршіді. Чжэцзян провинциясының үкіметі жексенбі күні Шанхай маңындағы ірі өнеркәсіп орталығында күніне шамамен 1 миллион адам індет жұқтырғанын, бұл көрсеткіш алдағы күндері екі есе артуы мүмкін деп мәлімдеді. Індеттің асқынғаны соншалық, емханаларда төсек-орын жетіспей, кейбір науқастар жерде жатыр делінсе, мәйіт қоятын, оны өртейтін орындар түгел толып, ұзын-сонар кезек пайда болған. Кейбір деректерде Бейжің сияқты халық тығыз орналасқан ірі қалаларда күніне 100 мың адам көз жұмуда деген мәлімет те айтылады. Бірақ індет жағдайынан ақпарат беруді тоқтатқан Қытай билігі бұл жөнінде нақты ештеңе айтқан жоқ.

Қытайдағы індеттің асқынуына байланысты ғалымдар да алаңдаушылық таныта бастады. Сарапшылар 1,4 миллиард халқы бар қытай елі алдағы айларда қиын жағдайға тап болады десе, кейбір мамандар келесі жылдың соңына дейін бұл елде коронавирустан 1 миллионнан 2 миллионға дейін адам қайтыс болады деген болжам жасап отыр. Сиэтлдегі Вашингтон университетінің денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты «егер вирус бақылаусыз таралса, өлім саны 2023 жылдың соңына қарай 1 миллионға жетуі мүмкін» деп болжайды. Бірақ институт профессоры Али Мокдад үкімет әлеуметтік қашықтықты сақтау шараларын қайта қолға алу арқылы өлім санын азайтуы мүмкін деді. Гонконг университетінің зерттеушілері де «егер вирус бүкіл Қытайға таралса және билік қайталай вакцинациялау мен вирусқа қарсы емдеуді қамтамасыз ете алмаса, миллионға жуық адам өледі» деп санайды. Ал Гарвард университеті қоғамдық денсаулық сақтау институтының директоры Билл Ханедж болса кемінде 2 миллион адам қайтыс болады деп есептейді. АҚШ-тағы Массачусетс университетінің қызметкері Джереми Любан инфекциялардың күрт өсуі қауіпті мутантты штамдардың ықтималын арттырды деп мәлімдеді.

Ал ғалымдар үміт артып отырған вакцина жағдайына келсек, Қытай халқының 90 пайызы вакцина алғанмен, халықтың шамамен 60 пайызы ғана ревакцинациядан өткен. Синьхуа агенттігінің мәліметі бойынша елде 80 жастан асқан 9 миллионнан астам адам вакцинаның үшінші дозасын алмаған.

Қазақстанға да қырағылық қажет

Қазір Қытайда дәрі-дәрмек жетіспей жатыр. Жедел жәрдем қызметінің, емханалардың қызмет көрсете алмай тұралап қалу мүмкіндігі де күшейді. Міне, дәл осындай күрделі кезеңде Қытай шекараны жаппай ашып жіберді. Енді шетелге ағылған Қытай азаматтарымен қатар індеттің де көп елде қайта өршу мүмкіндігі жоқ емес. Бұл әсіресе Қытаймен іргелес отырған елдер үшін үлкен қауіп. Осы жағдайға байланысты Үндістан аурудың алдын алу, кедендік бақылауды күшейту шараларын қолға алды. Осы сақтық бізге де керек. Өйткені Қытай шекараны ашқаннан кейін елімізге келетін Қытай азаматтары күрт көбейеді. Олармен бірге індеттің жаңа штамдары да ере келуі ықтимал. Бұл – бір.

Екіншіден, дәрі-дәрмек саласына бақылауды күшейту керек. Әсіресе вирусқа қарсы қолданылатын, ыстық түсіретін, жөтел басатын дәрілердің заңды және көлеңкелі жолмен Қытай асуының алдын алуымыз керек. 2020 жылы Қытайда індет өршіген сәтте беттұмшаларымыз бен ыстық түсіретін дәрілеріміз Қытай асып кетіп, Қазақстанда да індет өршіген кезде маска таппай қиналғанымыз сияқты жұрт енді дәріден тарығып жүрмесін.

Оның үстіне, елімізде желтоқсанда өткен аймен салыстырғанда коронавируспен ауырғандар саны шамамен 2,5 есе көбейген. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Оның айтуынша, тәулігіне бұл инфекция 300-ге жуық адамның ағзасында анықталып жатыр.

«Әзірге еліміздің барлық өңірі «жасыл аймақта» болғанмен, кейбір аймақта сырқаттану көрсеткіші күрт өсіп бара жатыр. Балалар арасында да коронавирус жұқтырғандар аз емес. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған 61 мың қазақстандыққа осы диагноз қойылды. Олар жалпы науқас санының 15 пайызын құрайды» деді вице-министр.

Демек, қазір елімізде індет пен тұмау өршіп тұр. Екінші тұрғыдан, халықтың індетке де еті үйреніп қалғандықтан, ауырып-сырқаса да, уақытында емделмей жүре беретін жағдай қалыптасты. Халық амандығы тұрғысынан алғанда, бұл да қатерлі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button