Қоғам

Әлемдік баспа индустриясының тоғысқан нүктесі

 Франкфурт кітап көрмесі (Frankfurter Buchmesse) – әлемдегі ең ірі және маңызды кітап көрмелерінің бірі. Жыл сайын Германияның Франкфурт қаласында қазан айында өткізілетін бұл шара кітап шығару, баспа ісі, медиа саласындағы мамандарды, жазушыларды, және оқырмандарды бір жерге жинайды. Көрменің тарихы терең, ол алғаш рет 1949 жылы өткізілді, және бүгінгі таңда 100-ден аса елдің өкілдері қатысатын жаһандық шараға айналды.

Көрменің басты мақсаты – халықаралық кітап индустриясы өкілдерін байланыстыру, жаңа баспа жобаларын талқылау және әдебиет әлемінің соңғы жаңалықтарымен бөлісу. Көрме аясында көптеген презентациялар, кітаптардың тұсаукесері, келісімдер және авторлармен кездесулер өтеді. Бұл жер баспагерлер, авторлар, әдеби агенттер мен медиа мамандары үшін жаңа серіктестік құру мүмкіндігі болып табылады. Сондай-ақ, көрме мәдениеттердің алмасу алаңы ретінде танылып, әр жыл сайын ерекше назар аударылатын қонақ елге арналған арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады.

 

76 жылдық тарихы бар кітап көрмесінде биыл біздің Қазақстан да арнайы қонақ болды. Қазақстан Франкфурт кітап көрмесіне 2010 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Десек те, биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үлкен стендке ие болды. Бұл – еліміз үшін үлкен абырой және қазақ әдебиеті мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытудың бірегей мүмкіндігі. Қазақстандық баспалар көрмеде қазақ тіліндегі шығармаларды, ұлттық әдебиет үлгілерін, мәдени мұраны таныстырды.. Бұл өз кезегінде қазақстандық әдебиетке әлемдік деңгейде қызығушылықты арттырып, қазақ жазушыларын халықаралық аренада танымал етуге айтарлықтай ықпал етті.

Қазақстандық баспалардың Франкфурт көрмесіне қатысуы арқылы Қазақстанның әдебиет пен баспа индустриясы жаһандық стандарттарға жақындай түсуде. Жыл сайын қазақстандық баспалар көрмеге қатысу барысында өз шығармаларын жаңа нарықтарға ұсынып, халықаралық баспагерлермен әріптестік орнату мүмкіндігін алады. Мысалы, «Атамұра», «Мектеп», «Arman-PV», «Алматыкітап», «Steppe & World», «Amalbooks» сияқты ірі баспалар көрмеге үнемі қатысып, Қазақстанның рухани мұрасын дәріптейтін түрлі жобаларды таныстырады.

2024 жылғы Франкфурт кітап көрмесіне қатысқан қазақстандық баспалар көрмеде әртүрлі тақырыпта арнайы бөлім ұйымдастырып, тарихи шығармаларды, көркем әдебиет үлгілерін, заманауи авторлардың кітаптарын таныстырды. Сонымен қатар, қазақ тілінен басқа тілдерге аударылған шығармалар да ұсынылып, шетелдік баспагерлермен жақын байланыс орнатты. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық нарықта танылуы үшін маңызды қадамдарының бірі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз.

Әр жылы Франкфурт кітап көрмесінде кітап индустриясындағы жаңа тенденциялар мен жаңалықтар көрсетіледі. Соңғы жылдары көрмеде цифрлық баспа технологияларының дамуы және электронды кітаптарға деген сұраныстың артуы байқалды. 2024 жылғы көрмеде жасанды интеллект пен деректерді өңдеу технологияларының баспа саласына енгізілуі басты тақырыптардың бірі болды. Сонымен қатар, тұрақты даму, экология тақырыптарында көптеген кітаптар таныстырылды, бұл қазіргі қоғамда өзекті мәселелерге әдебиеттің де назар аударып отырғанын көрсетеді.

Көрмеде заманауи кітап форматтары, подкасттар, аудиокітаптар ,графикалық роман сияқты жанрларға деген қызығушылық жоғары болды. Әлемнің түрлі елдерінен келген баспагерлер мен авторлар бір-бірімен тәжірибе алмасып, осы жаңа форматтарды оқырман аудиториясына қалай тиімді ұсыну керектігі туралы ой бөлісті.

Әрине, Қазақстан үшін, жалпы мемлекеттердің болашағы үшін кітап көрмелерін жоғары деңгейде атап өтудің маңызы өте үлкен.

Қазақстандық әдебиеттің шет елдік кітап көрмелерінде танылуы арқылы ұлттық мәдениет әлемге танылып, шетелдік оқырмандар мен мамандар арасында қызығушылық тудырады. Бұл Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытудың, оның әдеби әлеуетін танытудың маңызды тетігі болып табылады.

Әбдіғұл Мейірім Еділқызы,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің 4 курс студенті

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button